Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Февраля 2013 в 09:14, автореферат

Описание

Зерттеу нысаны: оқушыларға этномәдени білім беру.
Зерттеу пәні: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасу және даму тарихы жүйеленіп, оның ғылыми-педагогикалық негіздері зерттелсе, онда этномәдени білім беру теориясы мен практикасын жетілдіруге байланысты жаңа педагогикалық идеяларды одан әрі дамытуға мүмкіндік болады, өйткені, этномәдени білім берудің даму тенденциялары, ерекшеліктері, динамикасы анықталады және перспективасы болжанады.

Работа состоит из  1 файл

Abildina_S_K.doc

— 351.50 Кб (Скачать документ)

 

Негізгі бөлім

 

Оқыту мен тәрбиенің  этномәдени бағыттылығы Қазақстан  Республикасының қазіргі білім  беру саясатындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұжырымдамада елімізде тұратын барлық халықтар мәдениетінің өзіндік ерекшелігіне тиісті көңіл бөлінетіндігі, кез келген мәдениет қайталанбас, теңдесі жоқ қазына екендігі және қай халық болмасын өзін дүние жүзіне сол арқылы танытатындығы айтылған.

Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуын сөз етпес бұрын, «этнос», «мәдениет», «этномәдениет», «білім беру мазмұны», «ұлт», «ұлттық құндылықтар», «салт-дәстүрлер», «этникалық сәйкестілік» және т.б. терминдердің ұғымдық деңгейлерін, қолданылу аясын анықтап алу қажет.

«Этнос» термині байырғы грек тілінде сөз орайына қарай «үйір», «топ», «тайпа», «халық» мағынасында қолданылған, ғылыми әдебиетте XVIII ғасырдан бергі кезеңде көріне бастады. Алғашқы кезде ғалым-зерттеушілер «этнос» сөзін «тайпа», «ұлт», тіптен, «нәсіл» мағынасында қолданды. Әсіресе, «этникалық» деп келетін туынды сөздің мән-мағынасы XIX ғасырдың соңына дейінгі ғылыми еңбектерде бір ізге түсе қойған жоқ. ХХ ғасырдың екінші жартысында әр салалы этнологиялық зерттеулер «этнос» сөзінің аясын едәуір кеңейтті. Атап айтқанда, этностардың тарихи типологиясы (С.А.Токарев), этникалық сана-сезім (М.Г.Левин), этностың биологиялық даралығы (Л.Н.Гумилев), этностың ерекшелігі (Н.Н.Чебоксаров), этнос мүшелерінің эндогамиялық тектестігі (Ю.В.Бромлей), этностың аумақтық және экономикалық байланысы (В.И.Козлов), этносаралық, синхронды және диахронды байланыстардың маңызы (С.А.Арутюнов), этносаралық кірігу немесе ассимиляция (В.К.Гарданов, И.С.Гурвич) т.б. тақырып өрістері «этнос» сөзінің мән-мағынасын анағұрлым тереңдетті.

«Этнос» сөзінің қазіргі  ғылыми айналымдағы мән-мағынасын  былайша тұжырымдауға болады: бір  мекенде тарихи өсіп-өнген, ортақ және орныққан тілі, мәдениеті, психикасы бар, сондай-ақ өздерінің әрі біртұтастығын, әрі өзгелерден ерекшелігін сезінетін, сана-сезімі қалыптасқан, өзіндік атауға (этноним) ие адамдар қауымын «этнос» дейді.

«Мәдениет» терминінің де ғылыми еңбектерде анықтамасы алуан түрлі. Әсіресе, мәдениеттің жергілікті, аймақтық, ұлттық және халықаралық аядағы мәні мен болмысы туралы пікірлер сан сала. Тек қана ағылшын тіліндегі әдебиеттерде 50-ші жылдардың бас кезінде «мәдениетке» 160-тан астам анықтама беріліпті. Ал жалпы, батысеуропалық әдебиеттерде мәдениеттің 250-ден астам анықтамасы бар екені айтылады. Мәдениет терминінің көп мәнді, алуан мағыналы екені сонша, жарық жалған, кең дүние деңгейіндегі ұғымдардан бастап, тұлғаның тал бойындағы қасиетіне дейін қамтитын алуан түрлі тұжырымдарды білдіреді. Мәдениет адамзат әрекетінің құралы, адам қолынан шыққан нәрсе сияқты қарапайым пікірлерден бастап, қоғамдағы адамның қоршаған ортаға бейімделуі тудырған биологиядан тыс құралдар мен механизмдер жиынтығы деп анықтайтын таза абстракциялық тұжырымдар мәнінде де кеңінен қолданылып жүр.

Мәдениет ұғымына берілген анықтамалар мен пікірлердің  көптігіне қарамастан, барлығына  тән ұқсастықтары оның мазмұнының сабақтастығынан, оның құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа  ауысып, жалғасып жатқандығынан, тұрақтылығынан көрінеді.

Сөйтіп, мәдениетке адамдардың бірлесе ғылыми, моральдық-әлеуметтік, көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы қарым-қатынастар жиынтығы деген тұжырымды құптауға болады. Мәдениеттің мәні адамның дербес еңбегіне байланысты туындайтын дүние деп санаймыз.

Этникалық мәдениет – мәдениеттің базасы және құрамдас бөлігі, ол белгілі бір қызмет атқарады және өзіне тән мазмұндық компоненттері бар.

Этникалық мәдениет тарихи қалыптасқан іс-әрекет тәсілі, соның  нәтижесінде түрлі халықтардың өздерін қоршаған табиғат пен әлеуметтік орта жағдайына бейімделуін қамтамасыз етеді.

Этникалық мәдениет бір  этносты екіншісінен ажыратып тұратын, әлеуметтік өмірдің күрделі де көп  аспектілі құбылысы, оны тек жалғыз элемент арқылы ғана сипаттау мүмкін емес. Сол себепті, қарапайым этникалық белгі жоқ немесе болуы да мүмкін емес. Этностың ерекшелігі оның мәдениетінің барлық деңгейлерімен анықталады. Этникалық мәдениет көне заманнан бүгінгі уақытқа дейінгі түрлі дәуірлердегі мәдениетті қамтиды.

Білім беру – қазіргі кезде тек дидактикалық категория ғана емес, ол ғылымаралық мәнге де ие болды. Табиғаты жағынан өте күрделі және көп қырлы. Сондықтан, білім беру түсінігіне оқытудың нәтижесі ретінде білім, іскерлік, дағдыларды ғана емес, оқушының іс-әрекет пен қарым-қатынасының үздіксіз жүруі барысында мінез-құлықтық ұстамдарында сындарлы ойлау, әрекет жасау, бағалау біліктерін де қалыптастыруға назар аудару керек.

Білім беру дегеніміз  қоғамның мәдени мұрасын адамға жеткізу тәсілі мен танып-білу (интериоризация) арқылы адамды мәдениетке жақындастыру процесі, әлеуметтендіру, сонымен бірге адамның дене және рухани жағынан қалыптасу құралы.

Жүргізілген ғылыми-ұғымдық  талдау зерттеуге алған тақырыбымыздың басты категориясы – «этномәдени білім беру» түсінігінің анықтамасына тоқталуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңдағы ғылыми әдебиеттерде қазіргі этномәдени білім  беруді сипаттайтын анықтамалар  туралы қалыптасқан түрлі көзқарастарды  саралап, ұғымдық-терминологиялық аппарат  жүйесін жасадық.

Біз этномәдени білім берудің құрылымдық бөліктеріне мыналарды жатқызамыз:

  • өзінің төл мәдениетін саналы, сыни тұрғыдан игеру нәтижесінде оқушыларды мәдениетаралық толеранттылыққа тәрбиелеу;
  • этномәдени дәстүрлерді танып-білуде бейнеленген жеке тұлғалық мәнге ие болуын қамтамасыз ететін оқушылардың әлеуметтік ортада өзін-өзі танып-білуі мен өзін-өзі жүзеге асыруы;
  • тұлғаның этномәдени сабақтастығының траекториясы мен оны мәдениетаралық диалогқа дайындау жағдайында педагогтар мен балалардың педагогикалық, әлеуметтік өзара әрекеті.

Этномәдени білім берудің  сипаттамасы және оның негізгі категориялары: этномәдени даму, этномәдени тәрбие, этномәдени оқыту. Оларға берілген анықтамаларды  қоштай отырып, этномәдени даму дегеніміз  баланың мәдени ортаға ену процесі  деп санаймыз, онда тұлғалық жаңа құрылымдары бірнеше мәрте қайта жаңғыртылады және бекітіледі, соның негізінде тұлғаның тұрақты этникалық құрылымы жеткілікті дәрежеде қалыптасады.

Сонымен, оқушыларға этномәдени білім беру балаларға  ана тілін, төл мәдениеті мен  ұлттық құндылықтарын, жалпыадамзаттық мәдени қазынаны игерте отырып, олардың мәдениетаралық ұлттық сана-сезімі мен этномәдени сәйкестілігін қалыптастырып, төзімділігін тәрбиелеуге бағытталған білім беру жүйесі болып табылады.

Кез келген этнопедагогикалық  құбылыстар мен фактілерді оқып-зерттеу мен оларға сипаттама беру үшін теориялық-әдіснамалық аппаратты қолданбай іске асыру мүмкін емес.

Әрбір ғылымның негізгі  тұғыры – әдіснама екенін ескере отырып, мектеп оқушыларына этномәдени білім берудің әдіснамалық негізін айқындау барысында философтардың, психологтардың, педагогтардың, әлеуметтанушылардың, мәдениеттанушылардың т.б. берген ғылыми ой- тұжырымдары біздің зерттеу жұмысымыздың әдіснамасын ашуға негіз болды. Этномәдени білім беруді әртүрлі әдіснамалық тұрғыдан қарастыруға болады.

Мәдениеттанушылық тұрғыдан қарастыратын болсақ, этномәдени білімнің дамуы түрлі өркениет пен мәдениеттердің күрделі өзара әрекеті жағдайында өтеді. Сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тіл, салт-дәстүр, ұлттық мәдениет этномәдени білімнің негізі болып табылады. Бесік жырынан басталатын ұлттық мәдениетке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі салт болып саналады.

Аксиологиялық тұрғыдан талдасақ, этномәдени білімді ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарастыруға болады. Ол этникалық мәдениеттің құндылық әлеуетін анықтап, этномәдени білім беру проблемаларын ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік береді. Көптеген ұлттар мен ұлыстар тұратын мемлекетте және әлемдік қауымдастықта этникалық топтардың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерін әлеуметтік - мәдени феномен тұрғысынан оқып - үйренуге бағдар береді.

Өркениеттілік тұрғыдан келсек, Қазақстан халқы әлемдегі көпэтносты халықтардың бірі болып табылатындықтан, жалпыәлемдік және ұлттық мәдениеттердің кірігу процесінде дамып, әлемдік кеңістікте тәуелсіз Қазақстан халықтар бірлігі өркениеттілігінің биік тұғыры тұрғысынан айқын көрініс береді.

Тұлғалық  ықпалдылық тұрғыдан – әр тұлғаға оның жас ерекшелігімен қоса мінез-құлқы, психологиялық жаратылысына байланысты әрекет ете отырып, оның бойындағы құндылық қасиеттерін дамытуға ықпал ету.

Жүйелілік тұрғыдан алсақ, оқушыларға этномәдени білім беруде этномәдени білім мазмұны жүйелі және бірізділікпен берілуі оқушының ұлттық санасы мен танымын қалыптастыруға әсер ету.

Әлеуметтік  тұрғыдан ықпал ету тұғыры - әлеуметтік орта мен тәрбиелік кеңістікті орнықтыру, тұлғаны әлеуметтендіру үрдісі, әлеуметтік қарым-қатынас негізінде тұлғаның этномәдени құндылығын қалыптастыруға бағытталады.

Біздің зерттеу мәселеміз  – этномәдени білімнің қалыптасуы мен дамуының теориялық-әдіснамалық тұжырымдамалары тұлғалық, іс-әрекеттік, әлеуметтік, аксиологиялық, мәдениеттану, өркениеттік, жүйелілік тұрғыларда сараланып, теориялық тұрғыда негізделгендігіне көз жеткіздік.

Диссертациялық зерттеуіміз үшін біз әдіснамалық-теориялық негіз ретінде қарастыратын, шетелдерде кеңінен тараған заманауи философиялық, мәдениеттанушылық және педагогикалық тұжырымдамалардың маңызы зор.

Көп мәдениетті ортада тәрбиелеу  тұжырымдамаларын дамытуда ғалымдар Дж.Бэнкс, Э.Сепир, Б.Уорф, Уиллард Куайн, А.Тойнби, К.Г. Юнг, Э.Б.Тэйлор және т.б. қомақты үлес қосты.

Бұл ғалымдардың ғылыми тұжырымдары зерттеліп отырған  мәселенің әр түрлі қырларын ашып көрсетуге көмектеседі. Оларда негізгі  ұғымдар, мақсат пен принциптер нақтыланған, көп және мультимәдени білім беру мазмұнының моделі тұжырымдалған, осындай білім беруді тәжірибеде іске асыру жолдары, көпмәдени ортада оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдері, мұндай білім берудің тиімділік өлшемдері белгіленген. 

Шетелдерде, оның ішінде Ресей Федерациясы мен АҚШ-та кейінгі жылдары кеңінен тараған ғылыми-теориялық тұжырымдамалардың әдіснамалық әлеуетін өз жұмысымызда ескере отырып, біз бірінші кезекте осы бағыттағы отандық зерттеулерге ден қойдық.

Осындай маңызды құжаттың бірі – 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес талқылап, бекіткен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім» тұжырымдамасы (авторы Ж.Ж.Наурызбай).

Біздің зерттеу жұмысымыз  үшін әдіснамалық тұғыр ретінде  ғалым С.Қ.Қалиевтің халық тәлімінің тарихи кезеңдері туралы тұжырымы аса маңызды. Автор қазақ халық педагогикасының тарихын адамзат дамуының қоғамдық құрылыс кезеңдеріне сай сегіз кезеңге бөліп қарастыру қажет деп санайды.

С.Қалиевтің тағы бір әдіснамалық ұстанымын өз зерттеуімізде этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін анықтауымызға теориялық тұғыр ретінде басшылыққа аламыз. Белгілі ғалым: «Тарихи-педагогикалық зерттеулерге (оның ішінде этнопедагогикалық зерттеулерге де) қойылатын маңызды методологиялық талаптардың бірі – деректердің бәрін кешенді түрде пайдалану, солар арқылы бір-бірін тексеру, толықтыру, барлық деректерді салыстыра отырып жинақтау, оларды зерттеуде шектес ғылымдардың (антропология, тарих, этнология, фольклористика, логика, психология, социология, археология) зерттеу әдістері жиынтығын кешенді пайдалану, сөйтіп, деректерді талдап, педагогикалық тұрғыда түсіндіру қажет»,- дейді.

Этномәдени білім беру эволюциясын зерттеудің тұжырымдамалық тұғырларын анықтауда біз П.В.Плеханов ұсынған әдіснамалық қағидаларды ұстанамыз:

  1. Идеялардың (ой-пікірдің) қоғамның әлеуметтік даму үрдісіне тәуелді екендігін анықтау.
  2. Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның даму үрдісімен ұштастыра қарастыру.
  3. Тарихтың әр кезінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық өзіндік ерекшелігі бар екенін ескеру.

Жүргізілген ғылыми ізденіс пен отандық және шетелдік зерттеулерге жасалған талдау этно және полимәдени білім берудің теориялық негіздері жан-жақты қарастырылғанын анықтады. Бірақ, сонымен қатар, Қазақстанда этностық-мәдени білім берудің генезисі арнайы диссертациялық зерттеуге арқау болмағандығын көрсетті.

Әр халықтың мәдениеті, сан ғасырлық тәрбие-тәжірибесі, педагогикалық  ойлары дамып, қалыптасуын оның өмірінің әлеуметтік-тарихи және мәдениеттанушылық  контексінде қарастырмайынша, ол мәселелер  мүлдем түсініксіз болар еді. Бұл  тұжырымның біздің қазақ халқының этномәдениетінің зерттелуіне де қатысы бар.

Қазақстан өзге халықтармен  шектескен аумақ болып табылады, онда ежелгі дәуірден бастап шоғырлану  мен агрессия, этностардың ішке енуі мен сыртқа қоныс аударуы, нәсілдік және лингвистикалық үдерістер байқалды. Қазақ халқының этнопедагогикасын, онда этномәдени білім берудің дамуы мен қалыптасу тарихын оқып-үйренуге бұл жағдайдың тікелей қатысы бар. Қазақ халқының этногенезінің қайнар көздері, оның мәдениетінің дамуы, қалыптасу ерекшеліктері мен даму бағыттары өте күрделі және көпфакторлы, сондай-ақ ол Азия, Еуропа, Африка және т.б. елдердің тарихымен де байланысты.

Түркі тектес халықтардың  барлығына ортақ алғашқы педагогикалық  ойлардың дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары т.б.) болып табылады. Орхон ескерткіштері – түркі халықтарына ортақ этномәдени білім берерлік асыл мұра. Жырлардың негізгі тәрбиелік мәні мынада: түркі руларын біріктіру, сыртқы жаулардан қорғау, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қастерлеу, ананы құрметтеу.

Түркі тектес халықтардың  ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін танытатын этномәдени құндылығы жоғары мұра – «Қорқыт  ата кітабы». Қорқыт ата тағылымдары деп Сырдария бойын жағалаған Оғыз-Қыпшақ тайпаларының мемлекетінде өмір сүрген, оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері Қорқыттың тәлім-тәрбие туралы ойларын айтамыз. Қорқыт ата кітабы – Орта Азия, Қазақстан және Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті ортақ жазба ескерткіші.

Информация о работе Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы