Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Февраля 2013 в 09:14, автореферат

Описание

Зерттеу нысаны: оқушыларға этномәдени білім беру.
Зерттеу пәні: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасу және даму тарихы жүйеленіп, оның ғылыми-педагогикалық негіздері зерттелсе, онда этномәдени білім беру теориясы мен практикасын жетілдіруге байланысты жаңа педагогикалық идеяларды одан әрі дамытуға мүмкіндік болады, өйткені, этномәдени білім берудің даму тенденциялары, ерекшеліктері, динамикасы анықталады және перспективасы болжанады.

Работа состоит из  1 файл

Abildina_S_K.doc

— 351.50 Кб (Скачать документ)

Зерттеу жұмысының  әдіснамалық және теориялық негіздері: жалпы таным теориясы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық өзара бірлігіне байланысты тарихи, философиялық, әлеуметтік және мәдени ілімдер, тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеуге аксиологиялық және жүйелілік қатынас теориясы, этнос теориялары, этнопедагогика, этнопсихология тұжырымдары, білім беру философиясы туралы ілім, тарихи, ғылыми шынайылылық және тарихи шындықты анықтау қағидалары, тарихи құбылыстар мен процестерді, фактілер мен оқиғаларды талдау мен педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуын зерделеуге қатысты ғалымдардың тұжырымдамалық зерттеулері.

Теориялық негіздері: Гуманистік парадигманы этномәдени білім берудің теориясы мен практикасының жетекші негіздемесі ретінде қарастырушылар (Е.В.Бондаревская, Р.А.Валеева, И.А.Колесникова, И.Б.Котова, В.А.Сластенин, Е.Н.Шиянов және т.б.);

Қазақстанда этномәдени білім беру генезисін  тарихи және әлеуметтік мәдениет тұрғысынан зерттеушілер (Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, Ж.Ж.Наурызбай және т.б.);

Білім беруде мәдениеттанушылық тұғырнаманы  ұсынушылар (М.С.Каган, Е.В.Бондаревская және т.б.);

Этностық дамудың  теориясы мен тарихын зерттеушілер (С.А.Арутюнов, Л.Н.Гумилев, Ю.В.Бромлей және т.б.);

Білім беру, халықтық педагогика мен этнопедагогиканың этномәдени негіздерін жасаушылар (Г.Н.Волков, К.Ж.Қожахметова, Ш.М. Мухтарова, Ж.Ж.Наурызбай, С.А.Ұзақбаева, Г.Ф.Хасанова, және т.б.);

Білім беру мен педагогикалық  ойлардың даму тарихы әдіснамасын ұсынушылар (М.В.Богоуславский, Қ.Б.Жарықбаев, А.Н.Ильясова, С.Қалиев, З.И.Равкин және т.б.) еңбектері.

Зерттеу әдістері: жалпығылыми (логикалық, жүйелі-құрылымдық, индуктивтік, дедуктивтік т.б.); тарихи (тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелілік, ретроспективалық т.б.); тарихи талдау әдістері (тарихи-философиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-жүйелілік, мәдениеттану, тарихи-салыстырмалы, ретроспективті және т.б.); салыстырмалы-педагогикалық зерттеу әдістері (жүйелілік-құрылымдық, жүйелілік-талдау, құрылымдық-функциональдық, ғылыми зерттеулерді және мұрағат материалдарын оқып-танысу және теориялық талдау, жұмыс нәтижелерін болжау т.б.).

Зерттеу көздері:

  • ғылыми басылымдар (монографиялар, диссертациялар мен мерзімді баспа материалдары): білім беру философиясы, психология, педагогикалық прогностика мен этнопедагогика бойынша еңбектер, қазақстандық және шетелдік, оның ішінде, ресейлік ғалымдардың жарияланымдары;
  • анықтамалық басылымдар: педагогикалық, философиялық, мәдениеттану энциклопедиялары, сөздіктер мен библиографиялық тізімдер;
  • құқықтық - нормативтік және нормативті реттеуші құжаттар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР «Білім туралы» заңы, ҚР «Мәдениет туралы», «Тілдер туралы» заңдары және т.б.
  • ресми-ұйымдастырушылық, ғылыми педагогикалық құжаттар: Қазақстан Республикасында этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы, Тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы, Жалпы білім беретін мектептер тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2002-2010 жылдарға арналған бағдарламасы, «Білім» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы т.б.;
  • мұрағат материалдары: Қазақстан Республикасы Орталық мұрағат материалдары, Қарағанды облыстық мұрағат материалдары;
  • статистикалық материалдар.

Зерттеудің  негізгі кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) зерттеу проблемасы анықталып, ғылыми аппарат құрастырылды. Зерттеу мәселесі бойынша материалдар жинақталып, сұрыпталды. Тақырып бойынша тарихи, тарихи-педагогикалық, философиялық, психологиялық, әдебиеттану саласындағы әдебиеттерге талдау жасалып, библиографиялық материалдар жинақталды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралдары жарық көрді. Қолданылған әдістер: тарихи-генетикалық, салыстырмалы, ретроспективтік, жүйелілік-құрылымдық.

Екінші кезеңде (2003-2006 ж.ж.) жинақталған деректер қазіргі педагогика ғылымының теориялық қисындары тұрғысынан талданды. Этномәдени білім беру теориясының даму тенденциялары белгіленіп, өзіндік ұстанымдары анықталынды.

Қолданылған әдістер: талдау, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, тарихи- генетикалық, құрылымдық-функциональдық. Жоғары оқу орны студенттері мен  магистранттарға арналып «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциялары», «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» арнайы курстар бағдарламалары жасалды.

Үшінші кезеңде (2007-2010жж.) зерттеу материалдары құрылым бойынша жүйеге келтірілді, нәтижелері нақтыланды. Электронды оқу құралдары мен оқу құралдары дайындалды. Қолданылған әдістер: материалды теориялық жағынан өңдеу, жүйелеу. Пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация ресімделді.

Зерттеудің  ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:

  1. Педагогикалық білімдегі жаңа бағыт – оқушыларға этномәдени білім берудің теориялық-әдіснамалық қағидалары мен тұжырымдары талданды, оның тарихи-мазмұндық жағы толықтырылды. Педагогикалық теория мен практикада қалыптасқан этномәдени білім берудің ұғымдық-категориялық сипаттамасы берілді.
  2. Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының даму генезисі анықталынды.
  3. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттары анықталды.
  4. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің эволюциялық дамуының тұжырымдамалық тұғырлары анықталып, негізгі кезеңдері ашып көрсетілді.
  5. Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы дамуының негізгі тенденциялары анықталды.
  6. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру практикасының даму ерекшеліктері мен динамикасы айқындалды.
  7. Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру процесін жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды.

Зерттеудің  практикалық мәнділігі: зерттеу нәтижелері «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциялары», «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» атты арнайы курстар бағдарламаларының, жарық көрген оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар негізіне алынды.

Оқу үдерісіне:

  • «Педагогика тарихы» оқу құралы;
  • «Педагогика тарихы бойынша атлас» оқу құралы;
  • «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциясы» электронды оқу құралы;
  • «Алаш арыстарының педагогикалық мұралары» электронды оқу құралы;
  • «Халық даналығы» автоматтандырылған оқу бағдарламасы;
  • «Шағын комплектілі бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту технологиясы» оқу құралы;
  • «Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту теориясы және технологиясы» оқу құралы;
  • «Халық қазынасының тәлімдік тағылымы» оқу құралы;
  • «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» оқу құралы әзірленіп енгізілді.

Оқушыларға этномәдени білім беру мәселелері бойынша жинақталып, қорытылған тарихи-педагогикалық материалдарды жоғары оқу орындарында, ЖОО-дан кейінгі білім беру жүйесінде және біліктілікті арттыру жүйесінде, педагогикалық циклдегі пәндердің мазмұнын жетілдіру ісінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  1. Тарихи-педагогикалық талдау көрсеткендей, этномәдени білім берудің теориялық-әдіснамалық тұжырымдары мен қағидаларының негізгі мәні мынада:
  • мемлекеттің ғылыми негізделген ұлттық саясатының негізінде білім беру саласында этностар мен этностық топтардың тілдік және ұлттық-мәдени мүдделерін барынша іске асыруға бағытталған мәдениет пен білім беру интеграциясы;
  • қоғам өміріндегі этностық және жалпы адамзаттық құндылықтардың өзара қатынасын, жеке тұлға, ұлттар мен ұлыстардың өркениет пен мәдениет әлеміне жеке дара этностық-мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып енуін, ұрпақтардың мәдени сабақтастық байланыстарын қамтамасыз ететін дәстүрлер парадигмасы;
  • этномәдени білім беру жүйесінің күрделі функциональдық жан-жақтылығы, көп қырлылығы, әлеуметтік бағыттылығы.

2 Қазақстандағы  этномәдени білім беру теориясы мен практикасы генезисіндегі қайнар көздерге халықтың көне тарихи-тәрбиелік тәжірибесі жатады.

3 Қазақстанда этномәдени білім беру қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттары ретінде сақ дәуіріндегі рухани құндылықтар, Орхон-Енисей ескерткіштері, ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тәлімдік ой-пікірлері және т.б ұсынылады.

4 Қазақстанда оқушыларға  этномәдени білім берудің пайда  болуы, қалыптасуы мен дамуын кезеңдерге бөлудің тұжырымдамалық тұғырлары анықталды. Этномәдени білім берудің эволюциясын шартты түрде басты үш кезеңге бөліп сипаттауға болады:

1 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің пайда болу кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХғ. басы);

2  кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы (ХХ ғасырдың 20-90 жылдары);

3 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің дамуы (1991 жылдан бері).

5 Қазақстанда этномәдени  білім беру идеяларының, теориясы мен әдіснамасы дамуының негізгі тенденциялары мынада:

- этномәдени білім  берудің мазмұны мен эволюциясы  жалпыадамзаттық, ұлтаралық және  ұлттық қатынастың диалектикасы  арқылы анықталады;

- этномәдени білім  беру қоғамның сол кездегі  әлеуметтік дамуына тәуелді болғандықтан, әр тарихи кезеңде этномәдени білім беру өзегін сол қоғамда басым болған этностық мәдениет анықтайды;

- этномәдени білім  беру базалық, ең алдымен, ұлттық-мәдени  және тілдік құндылықтар жүйесіне  негізделеді;

- халық педагогикасы  мен ұлттық тәлім-тәрбие – этномәдени білім берудің тарихи-мәдени және педагогикалық негіздері болып табылады.

6 Қазақстан Республикасы  орта мектептерінде этномәдени  білім беру практикасының даму  ерекшеліктері мен динамикасы  өзінің бастауын алғашқы мұсылман  мектептері мен медреселерден алып, орыс-қазақ, алғашқы қазақ мектептері, кеңестік дәуірдегі мектептерден кейін егемендікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде өрлей дами түсті.

7 Қазақстан Республикасында  оқушыларға этномәдени білім  беруді жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жүйесі.

Зерттеу нәтижелерінің  дәлелділігі мен негізділігі: педагогикалық зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негізімен, диссертациялық жұмыс ғылыми аппаратының зерттеу мазмұнына сәйкестілігімен, алынған нәтижелер мен тұжырымдардың жоғары оқу орындарына енгізілуімен, тарихи-педагогикалық, мұрағаттық деректердің ғылыми-теориялық тұрғыдан талдануымен, оларды қазіргі жалпы білім беретін мектеп мазмұнын жетілдіру мақсатында пайдалану туралы ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалуымен және диссертанттың көп жылғы педагогикалық іс-тәжірибесін тірек етуімен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу нәтижелерінің  талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің негізгі қағидалары мен нәтижелері зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген оқу құралдарында баяндалды, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің педагогика мамандығы бойынша бекіткен басылымдары (18) мен алыс және жақын шетелдердегі халықаралық ғылыми - практикалық конференциялар мен мерзімді журналдарда (Англия, Чехия, Ресей (Санкт-Петербург, Саратов), Белоруссия (Мозырь), Болгария), халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияларда (Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Жезқазған, Көкшетау, Тараз – 2000, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009), Республикалық және облыстық ғылыми-әдістемелік конференцияларда (Алматы, Қарағанды – 2001, 2004, 2006, 2009), жоғары оқу орындарының проофессор-оқытушыларының ғылыми-теориялық, әдістемелік, практикалық конференцияларында (Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Тараз педагогикалық мемлекеттік институты оқуларында) баяндалды, басылым көрген оқу және оқу- әдістемелік құралдарында, мақалалар мен тезистерде, Қазақстан-Қарағанды облыстық телеарнасының «Сіз бен біз» бағдарламасында (2005) баяндалды.

Зерттеудің  көлемі мен диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде тақырыпты таңдау және оның көкейкестілігі негізделген, проблема, зерттеудің мақсаты, нысаны, пәні, ғылыми болжамы, міндеттер анықталған, зерттеудің әдіснамалық негіздері ашылып көрсетілген, ғылыми жаңалығы, практикалық мәнділігі берілген, қорғауға ұсынылатын қағидалар тұжырымдалған.

«Қазақстанда  этномәдени білім берудің генезисі мен теориялық негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде тақырып аясында негізгі базалық ұғымдардың қалыптасуына, этномәдени білім берудің қалыптасуының қайнар көзі ретінде қазақ халқының тарихи-тәрбиелік тәжірибесіне мазмұндық талдау жасалған, ежелгі және ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстан халықтарының философиялық және этикалық-педагогикалық идеялары этномәдени білім беру тұрғысынан ашылып көрсетілген. Сондай-ақ, этномәдени білім беру генезисінде халық ауызекі шығармашылығындағы этномәдени білім сөз болады.

«Қазақстанда  этномәдени білім беру теориясы мен  әдіснамасының қалыптасуы мен дамуы» деп аталатын екінші бөлімде аталмыш мәселеге қатысты әдіснамалық көзқарастар тарихи кезеңдерге орайластырып қарастырылған. Қазан революциясына дейінгі кезеңдегі әдіснамалық көзқарастарды ашып көрсетуде Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың педагогикалық идеяларына талдау жасалған. Кеңестік дәуірдегі әдіснамалық көзқарастарды ашып көрсетуде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. тәлімгерлік мұралары; ғалымдар Т.Тәжібаев, Ә.Сембаев, Р.Г.Лемберг, Г.А.Уманов. Г.М.Храпченков, С.Қ.Қалиев, Қ.Б.Жарықбаев т.б. озық ойлары талданған.

Тәуелсіз Қазақстан  жағдайындағы этномәдени білім беру әдіснамасы мен теориясының дамуын ашып көрсетуде этнопедагогика ілімінің әдіснамалық негізін салушылар С.Қ.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, Ж.Ж.Наурызбай, С.А.Ұзақбаева, Ә.Табылдиев және т.б. іргелі зерттеулері талданып, этномәдени білім беру теориясының даму үрдістері ашылған.

 «Қазақстанда этномәдени білім беру практикасының негізгі бағыттары» деп аталатын үшінші бөлімде Қазақстандағы мұсылман мектептері мен медреселерінен бастап еліміздің бүгінгі тәуелсіз өрлеуі кезеңіне дейінгі аралықта мектептердің дамуы мен ондағы этномәдени білім беру мазмұнының ерекшеліктері, дамып-жетілу динамикасы анықталған.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесіне негізделген тұжырым мен ұсыныстар берілген, көкейкесті мәселенің даму болашағы көрсетілген.

Қосымшада зерттеу жұмысының нәтижелерінің тәжірибеден арнайы курс ретінде бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының бакалавриат, магистратура бөлімінде өтілгендігін растайтын анықтамалар мен әр типтегі мектептердің құрылымдық ерекшелігіне сай түзілген оқу бағдарламалары, оқылатын пәндер тізбегін көрсететін кестелер жиынтығы, мұрағаттарда жұмыс жасалғандығын растайтын анықтамалар беріледі.

Информация о работе Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы