Жаһандану және қазақ ұлты

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Февраля 2013 в 18:25, доклад

Описание

Қазіргі қоғам күннен-күнге жедел даму үстінде. Өзі ғана дамып қоймай, сонымен қатар жаңа ұғым-түсініктерді де дамытуда. Дәл қазіргі уақытта жаһандану деген түсініктің маңыздылығы арта түсуде. Себебі, қай мемлекет болмасын, өзінің ұстанған даму үрдісінде жаһандану тұрғысына соқпай өтпейді. Жаһандану әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін қоғамдық санаға сіңіріп, қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі, екіжақты құбылыс екені баршаға аян. Дәл қазіргі уақытта көлік, коммуникациялық және ақпараттық технологиялар негізінде кеңістік барынша кеңейтіліп, уақыт жеделдетілді. Аяқ жетпейтіндей алыс көрінетін жерлер жақындап, күдікпен қарайтын жатқа бой үйренді.

Работа состоит из  1 файл

Жумахан А.docx

— 24.86 Кб (Скачать документ)

Жумахан А.А.

 Халықаралық Бизнес Академиясы

«Ақпараттық жүйе», 1 курс

Алматы қ.,

 

Ғылыми жетекшісі:

Ф.ғ.к., доцент Г.Ш. Акимбекова

 

 

ЖАҺАНДАНУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ  ҰЛТЫ

 

Қазіргі қоғам күннен-күнге  жедел даму үстінде. Өзі ғана дамып қоймай, сонымен қатар жаңа ұғым-түсініктерді де дамытуда. Дәл қазіргі уақытта жаһандану деген түсініктің маңыздылығы арта түсуде. Себебі, қай мемлекет болмасын, өзінің ұстанған даму үрдісінде жаһандану тұрғысына соқпай өтпейді. Жаһандану әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін қоғамдық санаға сіңіріп, қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі, екіжақты құбылыс екені баршаға аян. Дәл қазіргі уақытта көлік, коммуникациялық және ақпараттық технологиялар негізінде кеңістік барынша кеңейтіліп, уақыт жеделдетілді. Аяқ жетпейтіндей алыс көрінетін жерлер жақындап, күдікпен қарайтын жатқа бой үйренді. Уақыт өлшемі де өзгерді, бұрын күндер, айлар, жылдарды талап ететін іс-әрекет енді көзді ашып-жұмғанша жүзеге асатын болды. Әсіресе соның ішіндегі мемлекетаралық байланыстар тереңдеді.

Жаһандану заманында қандай жетістіктерге қол жеткізуге  болады, ол үшін біздің не істеуіміз  қажет және басқа мемлекеттер  қандай іс-әрекеттер жасап, қандай жетістіктерге  жетіп жатқанына зерттеу жүргізу мақаланың өзектілігін көрсетеді. Жаһанданудың жағымды жақтары мен кері әсерлері, жаһанданудағы біздің ұлтымыздың алатын орны, жаһанданудың қазақ ұлтына келіп-кетер пайдасын көрсету мақаланың мақсаты болып саналады.

Қазіргі уақытта жаһандану  үдерісі туралы айтсақ та, өкінішпен айта кететіні қылмыс та әлемдік сипат алуда. Мафия, ұйымдасқан қылмыс өз ауқымына түгел қоғамды тартып, мемлекеттік және экономикалық құрылымдармен араласып жатыр. Қылмыстық ортада 2000 млрд. доллар айналымда, олармен бүгін сот, полиция, лауазымды саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер жұмыс жасайды. Есірткі саудасынан күніне 1 млрд. доллар пайда түсіп тұр. Бүгінгі адам өз құқын білгенмен, жауапкершілігін біле бермейді, шексіз либерализм де халықты адастырды. Әсіресе жаһанданудың қайшылықтары Батыс Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік Африка және Латын Америкасы елдерінде оған қарсы антиглобалистік қозғалыс туғызды. Мысалы, Ирак саясаттанушылары үшін жаһандану қазіргі Батыс монополияларының басқа елдерді өз ықпалына көндіретін саясаты болып саналады. Ал Шығыс елдерінде оны мемлекеттердің тәуелсіздігіне төнген қауіп деп есептейтіндер басым, оның бетін тек Шығыстың бай мәдениетін, адамгершілік тәрбиесін қарсы қою арқылы қайтаруға болады. Біздің елдің азаматтары басқа шет елдерден Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық стипендиясы «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып жатыр. Әрине бұл біздің мемлекетіміз үшін өте үлкен мақтаныш және мемлекетаралық байланыс үшін өте қолайлы. Бірақ, бұныңда кері әсерлері баршылық. Басқа мемлекеттер жастарға білім беріп қана қоймай, олардың бойына батыстық, америкалық сана мен көзқарасты да сіңіреді. Соның арқасында жастар өз тілін, өз дінін, өз ұлтын ұмытуда. Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, жаһандану ұлттардың арасында бәсекелестік туғызып, олардың бірін-бірі ығыстыруына, кемсітушілікке әкеледі. Осыдан келіп ұлттық мәдениеттер құнсыздана бастайды. Дәл қазіргі уақытта ұлттық мемлекеттер саяси сахнадан жойылуға таяп келеді.

Жаһандану идеологы Э. Гидденс ұлттық сана-сезім, ұлттық «Мен» игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептейді. Ұлттық идея, ұлттық ниет жанжал, қастандықпен бір жүреді. Ұлттық болмыс бүлікпен бірдей. Ол өзара байланысқа, алыс-беріске, тұрақтылыққа қарсы, тежегіш күш. Осыдан келіп автор, космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. Оны кім жасайды? – деген сауалға, оны тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космополиттік элита жасайды деп болжайды. Бірте-бірте мемлекет ұлттық сипатынан айырылып, космополиттік мемлекетке ұласады. Автордың пікірінше, ұлттық қауымдастық жасанды бірлестік, тіл, мәдениет, дәстүр ортақ құндылықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлтқа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде басым тілмен, мәдениетпен келісуге тура келеді [1]. Бүгінгі қазақ ұлтының жағдайын ойласақ, бұл болжаммен келіспеуге де болмас.

Біздің мемлекетіміз көп ұлтты мемлекет болса да, бейбіт, тыныш өмір сүріп жатырмыз. Бұл біз үшін өте үлкен мақтаныш. Жаһандану заманында әлемдегі мемлекеттер арасында барлық салаға байланысты бәсекелестіктер туындай бастады. Әр мемлекет өзін әлемге таныту үшін қолынан келгенін істеп бағуда. Кейбір мемлекеттер өз тілдерін насихаттауда, ал енді біреулері экономикасын насихаттауда. Мысалы, соңғы жылдары Қытай елінің экспансиясы көріне бастады. 2004 жылы Қытай үкіметі қытай тілін АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония мен Кореяда насихаттау мен тарату туралы бағдарлама қабылдады. Соңғы 3 жылда 1 млн.-нан астам шетелдік қытай тілінен емтихан тапсырды. Сонымен бірге, аталған елдермен мәдени және ғылыми ақпарат алмасу мақсатында «Конфуций институттары» құрылды. Қытай басшылығының мақсаты – қытай тілін дамыған елдер мен стратегиялық маңызды, табиғи ресурстары мол дамып келе жатқан Қазақстан сияқты елдерге енгізу. Енді 10-15 жылда ол елдерді қытай тілінде сөйлету, Қытайды сыйлату Қытайдың басты мақсатына айнала бастады. Қытай мемлекеттері  тілін ғана насихаттап қоймай, шығарған тауарларын әлемге танытты.

Біздің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың деңгейіне шығуын басты мақсат етіп қойып отыр. Себебі, елімізде соңғы жылдары терең де күрделі өзгерістер жүріп жатқанымен, экономикалық саладағы келбетімізді анықтап, дамыған елдердің ортасынан өз орнымызды алуға енді бағыт ұстандық. Жаһандану тұсында тауарлар, ақша шексіз алмасқан тұста ұлт туралы көзқараста өзгеруде, жаңа теориялар пайда болуда. Ұлт дегеніміз бүгін тілдік, мәдени, діни қауымдастық қана емес, ол бренд, оның бәсекелестікке сай өндіретін тауары. Ұлттық мемлекет сол тауарды өндіретін корпорация ғана. Бұл теориямен келісейік не келіспейік, мәселе онда емес, ұлттың беделі, жақсы аты (имиджі) оның өндіретін тауарларымен де өлшенетіні анық, ал ол өлшем ұлттың халықтар арасындағы орнын, беделін анықтайтыны ақиқат. Ол бренд шұжық па, қазы ма, компьютер ме, автомобиль ме, онда тұрған ештеңе жоқ. Бір ұлт бірнеше брендтің иесі бола алады. АҚШ-та жасалған авиалайнер десе, кинофильм десе, оған барлық елден сұраныс түсетіні айдан анық. Әрбір елдің өзіне тән өзіндік бренді бар. Ал бізде ше? Біз «Қазақ кім?» деген сұраққа біз рухани байлықтарымызды алға тартамыз, ал мақтанарлық, әлемді қызықтыратын тауарларымыз жоқ. Сондықтан, қазақ сияқты халықты белгілі бір санаулы өндіріске ғана бейімдеп, әлем елдерін дамыған және дамымаған деп жікке бөліп, соңғыларын тәуелді етіп қойып, тауар өндіре алмайтын кемшіл ұлттардың сұранысын қанағаттандыру – көнеден келе жатқан саясат. Бренд тауар шығарған мемлекеттің тауары мен бірге оның тарихы, дәстүрі, ұлттық мәдениеті бірге тарайды. Тауарға жол ашу, болмаса оны шеттеу, оған төреші болушылар да «алтын миллиард» елдері. Жөн сілтеп ықылас  көрсететін де – жаһанданудың қозғаушы моторы – Батыстың қаржылық, сауда, өнеркәсіп және басқа да компаниялары. Сонымен, біздің жас мемлекетіміз жаһандану тұсында өз тауарымен танылмайынша, бәсекеге қабілетті ұлттардың қауымдастығына ене алмайтыны белгілі. Әрине, бұл мақсатқа жету экономикалық, әлеуметтік қатынастарды жетілдіру, бүгінгі заманғы технологияға қол жеткізумен қатар, ұлттық психологияның жаңа заманға бейімделуіне де байланысты.

Осы мәселеге байланыста қазір мемлекетімізде таза «қымыз», «шұбат»  өндіретін зауыттар ашылуда. Міне осы салаға ерекше көңіл бөліп, осы тауарларымызды әлемдегі тауар айналымдарының тізіміне қоссақ, жаһандану заманында алатын орнымыз өзгерер ме еді? Себебі, тауар арқылы біз өзіміздің тарихымыз тұрғысынан, дініміз, тіліміз тұрғысынан әлемге таныла түсер едік.

Жаһандану заманында бұрын  отарланған, мәдениеті, діні шектелген, ғасырлар бойы өзгеге табынған қазақ  сияқты ұлттардың тағдыры бұлдыр. Бүгін социализм заманындағы  қайшылықтарға жаңа заман қиындықтары  ұштасып, этномәдени мәселелер одан әрі ушығуыда мүмкін. Сондықтан ұлттың болашағы қазақ халқын алаңдататыны сөзсіз.

«Қазақстан ұлты» идеясы елде, әсіресе, интеллегенция арасында біраз пікірталастар тудырып отыр. Батыс саяси лексиконында ұлт деп ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, сол мемлекеттің азаматтығын алған қауымдастықты білдіреді.

Әр қоғамда да алаңдайтын мәселелер баршылық, олар әр түрлі  жағдайларға байланысты. Аға ұрпақ  болса өз жағдайларына ғана емес, балалары мен немерелерінің болашағына алаңдаса, жас ұрпақты білім алу, біліміне сәйкес жұмыс табу ойландырады. Кәсіпкерлерді  де мазалайтын мәселелер көп, бірақ  барлық әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар мен діни конференцияларды ойландыратын ортақ мәселелер бар: мемлекеттің тәуелсіздігі, шикізаттық ел болып қалмау, жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күрес, терроризм мен ұлтаралық жанжалдардың алдын алу, елдегі келісімді сақтау, қымбатшылықты еңсеру, білім беру, денсаулық сақтау салаларының деңгейін көтеру, қоршаған ортаның тазалығы, тағы басқа мәселелер. Осы өзекті мәселелердің қатарында мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі де тұр. Олардың себебін, жету жолдарын анықтағанда пікір алалығында аса алшақтық жоқ. Бұрын Кеңес өкіметін, коммунистерді сынайтын болсақ, бүгін билікті сынаймыз, халықтың арасында «өзіміз кінәліміз» деушілер де бар. Сонымен, бүгін ұлтымызға, дінімізге қарамай өткір әлеуметтік, саяси жалпы мемлекеттік мәселелер жөнінде қазақстандықтарды топтастыру, іс-әрекетке жұмылдыру, соның негізінде этностық қауымдастық емес, Қазақстан саяси ұлтын қалыптастыру – біздің стратегиямыз. Дегенмен, біздің менталитетімізді ескере отырып, «Қазақстан ұлты» дегеннен гөрі «Қазақстан халқы» деген ұғымды пайдаланған жөн. «Түбінде қалай десек те мемлекеттік тіл басымдыққа ие болады. Мемлекеттік жұмыс қазақ тілінде жүреді, - деді Н. Ә. Назарбаев. – Басқару да, білім алу да, ғылым да, медицина да қазақ тілінде жүзеге асады. Біз осыған келе жатырмыз» [2].

Ұлтаралық қатынастарда көзге  түсетін үш мықты қасиет бар: тіл, мәдениет, дін. Ол ұлттарды бір-бірінен  ажырататын, тіпті табиғи белгілер сияқты. Ортақ экономикасы, валютасы бар Еуроодақ мүшелері үшін ұлттық құндылықтар қасиетті ұғым. Мемлекет құрушы ұлт мемлекеттегі басқа ұлттардың бейімделетініне сенімді. Оған сенбей мемлекет болу да мүмкін емес. Мемлекеттік тілді меңгеру – қазақтарды айтпағанда, барлық диаспоралар мен этностық топтар өкілдерінің парызы.

Жаһандану мемлекеттердің экономикасына  ғана емес, адамдардың ішкі дүниесіне, ақыл-парасатына, ұлттық болмысын билеуге  дейін қол жеткізді, ол тіпті үйреншікті жағдайға айналып барады. Бірақ ол қауіптен қашып, оқшауланып, басқа мемлекеттермен байланысқа түспей бөлектенуге тағы да болмайды. Осы екі пәленің ортасынан икемді, сабырлы да салиқалы жол табу біздің де тәуелсіз ұлтымыздың тағдырына жазылған. Ақылға салып іс қылып, дегенімізге жетіп келеміз де, жетерміз де.   

Осы мәсеселердің бәрін қорыта айтқанда, жаһандану заманынан өзіміздің нақты орнымызды алу үшін, біз ең алдымен өз тілімізді, дінімізді әлемге насихаттауымыз қажет. Тілімізді насихаттау үшін неше түрлі іс-шаралар ұйымдастыруымыз керек. Екіншіден, әлемдік тауар айналымына өзіміздің сапалы отандық тауарларымызды шығару, сол арқылы экономикамызды дамыту, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарымызды дамыту, сол арқылы өзіміздің тарихымызды танытып, басқа мемлекеттердің бізге деген көзқарасын өзгерту. Мысалы, шет елдерде Қазақстан десе көз алдыларына малдың соңында жүрген адамдар, атқа мініп ары-бері шабатын адамдар елестейді және елімізде әдемі жерлер жоқ, жазық шаңы шыққан дала деп ойлайды екен. Міне, біз жайлы солай ойлайтындарға, пікірлерінің қате екенін неге дәлелдемеске. Жалпы Қазақстанды мүмкіндігінше барлық саласынан таныту қажет. Осы мәселелерге барынша көңіл аударған жөн деп санаймын.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Социологические исследование, №5, 2004 ж., 140-бет.
  2. Егемен Қазақстан, 2008 жыл (27 ақпан), Жаһандану және ұлт мәселесі, 5 бет.

Информация о работе Жаһандану және қазақ ұлты