Қазақ халқының ұлттық киімдері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 28 Октября 2013 в 07:35, статья

Описание

Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған.

Работа состоит из  1 файл

Қазақ халқының ұлттық киімдері.docx

— 308.40 Кб (Скачать документ)

Қазақ халқының ұлттық киімдері


Қазақ халқының ұлттық киімдері – киім үлгілері. Этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішікболып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген. Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді (“шабу” деп атайды). Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе,Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды. Ішіне жабағы жүн салынып сырылған, суықта киетін сырттық – күпі, түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен (тайлақ жүнінен тоқылса шидем шекпен), жеңсіз, киізден қаусырылған, сәндендірілген кебенек, астары қалыңдатылған қаптал шапан, сырмалы, шабулы, жұрынды түрлері болады. Иленген, әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды. Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді. Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, атқа мініп-түсуге ыңғайлы, кең балақ болып келеді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарлау, әсіресе, батырлар мен аңшыларға, балуандарға тән болған. Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі. Қазақ халқының ұлттық киімдерінде тұрғындардың геогр., ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ; қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы (М.Әуезовтың айтуынша) болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген атауларға бөлінеді. Еркектер мен әйелдер бас киімі әр түрлілігімен ерекше-ленді. Еркектердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны “ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде қазақтар дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды. Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылып сәндендіріледі. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері “кәмшат бөрік” деп, алтынмен кестеленгені “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені “қалмаржан бөрік” деп аталды. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” үкінің үлпек қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленді. Әйелдердің бас киімдері арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле болды. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін бас киім – кимешек киген. Қазақ халқының ұлттық киімдеріндегі бас киімді былайша топтастыруға болады: 1) ерлер бас киімі: шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік); 2) әйелдер бас киімі: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Қыста киетін бас киімдер қымбат, қалың матамен тысталады. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі. Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады. Әйелдердің әшекейлері алтыннан, күмістен, асыл тастардан әзірленді. Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды, ою салынды. Сырғалар, негізінен, күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығыршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек, жалпақ тілікті түрлері көбірек пайдаланылды. Шашқа салатын әшекейлер – өзара кіріккен шығыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар жасалды. Оның орт. алқалары түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Шашқа тағылатын әшекей қатарына аспалы шолпылар да жатады. Жүзіктер құйылып және нақышталып, сопақша, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар түрлі түсті асыл тастармен безендірілді. Қазақ зергерлері бұлардан басқа омырауша, өңір жиек, “бой тұмар”, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті тана–шылтыр, салмақты дөңгелек түймелер торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасаған. Әйелдер әшекейлерін әзірлеуде әр түрлі тәсілдер: құю, ою салу, нақыш қондыру, қалыптау, зерлеу, қараға бояу, інжу қадау, эмаль жағу қолданылды (қазақ Зергерлік өнер). Мұндай сәндік бұйымдар Қазақ халқының ұлттық киімдеріне ерекше әр берді. Қазақ халқының ұлттық киімдері үлгілерінің көшпелі тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейімделіп дамығаны, көрші халықтармен арадағы мәдени, шаруашылық байланыстар әсер еткендігі сөзсіз.[1]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақтың ұлттық ою-өрнегі — қазақ жерін мекендеген көшпелі тайпалар өнері әсерімен ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір жүйеге келген ою-өрнек түрлері.

Қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілері Андронов мәдениеті мен байырғы сақ, гұн, ұйсін өнері мұраларынан геометриялық, зооморфтық (жан-жануарлардың табиғи және фантастикалық бейнерлері), көгеріс өрнек пен қиял-ғажайып ою-өрнектер (аспанның, жердің символы) ретінде кездеседі.

Олар негізінен малгершілік, саятшылық, әдет-ғүрып, үй іші жабдықтары мен сән-салтанат бұйымдарын, батырлық қару-құралдарын әсемдеуге қолданылған. Тартымды жасалып, биязы көркемделген өнердің көне мұралары (алтын тәтілер, ағаштан қыштан, өнделген теріден жасалған ыдыстар, түкті кілемдер мен кестелі заттар т.б.)

 

Өсімдік сипатты ою-өрнектер

Қазақ оюы, қазақтың ою-өрнегі — үй-жиһаздарын, сәндік, тұрмыстық бұйымдар мен киімдерді нақыштап безендіруге қолданылатын өрнектер. Жаппай дамыған кезеңінде (19 ғасырдан кейін) қазақтардың үй жиһаздарын әшекейлеуге кең көлемде қолданған ою-өрнектерді, негізінен: зооморфтық, өсімдік сипатты, геометриялық, космогониялық түрлерге жіктеуге болады. Олардың ішінде жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына, т.б. мүшесіне ұқсас ою-өрнектер халық арасына (зооморфтық түр) кең тараған. Зооморфтық ою-өрнек кебеже, жүкаяқ, әбдіре, асадал сияқты тұрмыстық бұйымдар әшекейінде жиі кездеседі. Аталған ою-өрнектер кебеже бүйірінде, көбінесе, тігінен бедерленіп, бос жерлерін толықтырған, ал төсектің жан ағашы белгілі бір ырғақпен түгел дерлік өрнектелген. Кейде оларды өсімдік сипатты өрнектермен сабақтастырып, жарасымды тұтас композиция құраған.

Ұсақ аңдардың табандарының іздері жүкаяқ, кебеже, асадалдың көрнекті жерлеріне салынған. Сонымен қатар бұл өрнек түрін үй жиһаздарының жиектерінен, бұрыштарынан кездестіруге болады. Зооморфтық өрнекте төрт түлік малдың абстракциялық пішіні ерекше орын алады. Оған мысал ретінде қошқармүйіз, төртқұлақ, түйетабан, ботамойын, түлкібас, құсқанат және тағы басқа оюларын атауға болады. Қошқармүйіз оюы қазақ халқының бүкіл тыныс-тіршілігін танытады. Кей қолданыста ол қырықмүйіз, сыңармүйіз, арқармүйіз болып түрленіп отырады. Қошқармүйіз төрт тармақтан құралып, ортасы айқыш тәрізді болып келеді. Төртқұлақ өрнегі кебеже, жүкаяқтарды безендіруде кеңінен қолданылады. Ол ағаш бұйымдар бетінің кейде дәл ортасына, кейде бұрышына бедерленген.Ағаш бұйымдарда түлкібас, иттабақ, итемшек, қарақұс, құстұмсық, көбелек, ботамойын, түйетабан, шыбынның қанаты деп аталатын зооморфтық өрнектер ұшырасады. Олар, әсіресе, жүкаяқтарды, төсектерді өрнектеуге кеңінен қолданылады.

Үй жиһаздарында кең пайдаланылатын Қазақ оюының келесі бір түрі – өсімдік сипатты ою-өрнектер. Олар тұрмыстағы ағаш бұйымдарда жиі кездеседі. Жалпы өсімдік өрнегінің жапырақ, гүл, сабақша, өткізбе, шиыршық, тамыр түрінде және жаңадан ашылып келе жатқан жауқазын бейнесінде ұшырасады. Өсімдік сипатты ою-өрнек, көбінесе, кебеже мен жүкаяқтардың, әбдірелердің беттерінде тігінен де, көлденеңінен де бедерленеді. Ал асадалдарда бұл ою-өрнектер бір-бірімен сабақтасып, тұтасқан түрінде беріліп отырады. Өсімдіктер ағаш бұйымдарда шебердің талғамына қарай әр қилы көрініс табады. Шебер оны өз талғамына орай жеке де, топтастырып та пайдаланған. Сондай-ақ, ағаш бұйымдарда өсімдік белгілері сабақтастырылған, шиыршықталған күйінде немесе шеңбер түрінде бедерленген. Бұл ою-өрнектің арасындағы бүгінде кең таралғаны ағаш сұлбасының абстракциялық түрдегі бейнесі. Аталған ою-өрнектің арасындағы келесі кең таралғаны – жапырақ тектес түрі. Жапырақтың, әсіресе, дара және топтасқан бейнелері көп қолданыс тапқан.

 

Геометриялық ою-өрнектер

Үй жиһаздарында геометриялық ою-өрнек түрі жиі кездеседі. Ол барлық дерлік бұйымдарда орын алады, көбінесе, жалпы композиция құру барысында негізгі күрделі ою-өрнектерді жалғастырушы, толықтырушы рөлін атқарады. Кейде әр қилы орындалған сызықшалар 40 – 50° көлбеу орналасса, бір тұстарда қосарласа тартылады. Ол үй жиһазының жиектеріне, бүйірлеріне, қапталдарына нақышталады. Көбінесе, кебеже, әбдіренің орта тұсында шеңбер, сызық түрінде бедерленеді. Сондай-ақ, үй бұйымдарында геометриялық ою-өрнектердің үшбұрыш, төртбұрыш, сүйірбұрыш, айқышты, сопақша түрлері де кездеседі.

Қазақ жиhаздарында космогониялық ою-өрнек те кең таралған. Ол кебеже мен әбдіре бетінің дәл ортасында, көбінесе, күн бейнесінде бейнеленіп, айналасына ұсақ жұлдызшалар, бұлт, толқын салынады. 20 ғ-дың 60 – 80-жылдары Маңғыстау шеберлерінің қолынан шыққан кейбір үй жиһаздарында жұлдыз, балға мен орақ көп кездеседі. Ағаш бұйымдарда космогониялық ою-өрнектердің “жұлдыз”, “шұғыла”, “төртқұлақ”, “бітпес”, “шимай” деп аталатын түрлері кеңінен қолданған. Аталған ою-өрнектер, негізінен, ағаш бұйымдарында бірнеше рет қайталанып, ырғақ заңдылығымен орындалады. Космогониялық ою-өрнектер үй жиһаздарының орта тұсында және жиектерінде бедерленген. Мәселен, күн бейнесі, оның шұғыласы ағаш бұйымдарының ортасында шеңбер түрінде бедерленсе, ай бейнесі көбінесе қыз жасауларында жаңа ай күйінде өрнектеледі. Ал, толқын тәріздес шумақталған бұлт бейнесінің сыртқы пішіні бұйымдардың жиектерінде беріледі. Ағаш бұйымдарында көрініс тапқан ою-өрнек түрлері мен олардың мазмұны қазақтар арасында ағаш оймыштаудың біршама жақсы дамығандығын аңғартады.[1]

 
Ою-өрнек. Ою-өрнектердің түрлері. Өрнектердің түстері мен бояулары. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортаң атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді. Ертедегі қазақ оюларын мазмұны жағынан іріктесек, негізінен 3 түрлі ұғымды бейнелейді. Олар: біріншіден, мал өсіру мен аңшылықты, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін береді. Шеберлер іске беріліп, жұмыс әдісіне төселе келе өздерінің көрген ою-үлгілерін жатқа жасап, оюға өз бетімен жаңа түрлер енгізу дәрежесіне жетті. Халық мұндай адамдарды «оюшы» деп атады. Әрбір елде, әрбір руда атағы шыққан таңдаулы оюшылар болды. Ондайлар өз өнерінің тамаша үлгісін өзінің руына, маңайындағы елдерге таратып отырды. Осыдан келіп әр түрлі ою-өрнектерде, киімдер мен кілемдерде, сырмақтар мен кестелерде және т. с. с. «арғын үлгісі», «керей үлгісі» немесе «ұлы жүздің үлгісі», «орта жүздің үлгісі», «кіші жүздің үлгісі» деген мәнерлер пайда болды. Осы ою-өрнектердің көп қолданылатындарына, сондықтан да халық шеберлерінің көпшілігіне белгілі атауларының кейбір түрлеріне әдейі тоқтап өтейік. Ою-өрнектердің түрлері. «МҮЙІЗ» - қазақ оюының ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мұйіз» ою-өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай,торсық, садақ), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады, жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады.

 

 

 

 

 

 

 

             

Қазақ халқының ұлттық ет тағамдары


Қазақ халқы асты жоғары бағалап, қадірлей білген. Сондықтан қазақтар адам қажеттіліктерінің  ішінде тағамды жоғары қойған. «Астан үлкен емессің», «Ерді қорласаң састырар, асты қорласаң құстырар» деген секілді  ескертпе сөздер, мақал- мәтелдер осының дәлелі. Қай заманда, қалай айтылғанына  қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін  таба білген. Ел мен елді татуластыруды, жақсылар мен жайсандарды құрметтеуді, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын, ел дәулетін қазақ кең дастарқаны арқылы яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен.

Қазақша ет

Мазмұны

        • 1 Қазақша ет
        • 2 Қуырдақ
        • 3 Сірне
        • 4 Ақсорпа
        • 5 Салма
        • 6 Борша
        • 7 Қарын бөртпе
        • 8 Мипалау
        • 9 Шыж – мыж
        • 10 Қойды үйтіп сою
        • 11 Дереккөздер

Қазақша ет


Біздің халқымыздың құрметті кісілерге  ұсынатын кәделі, әрі орны бөлек  тағамдарының ең бастысы – қазақша  ет немесе бешбармақ. Қазақтар сыйлы  қонақтарға мал басын көрсетіп, табақ-табақ  ет тартқан. Табақ тарту да үлкен  өнер. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен  жасына, іліктік жолына (нағашы, жиен, құдағи, қыз, бала, т.б.) сәйкес келуі  керек. Осыған орай табақ тарту –  бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы, қарта, жал, жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Іліктік қатынасқа қарай: қарттарға жамбас, орта жастағыларға ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қыздарға асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі. Мойын омыртқа, тоқпан жілік, ірі малдың жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ қонақтарға тартылмайды.

Қуырдақ

Қуырдақ


Қуырдақ - соғыммен бірге жасалынатын  кәделі әрі дәстүрлі тағам. Соғым  сойылған үйде қуырдақтың дайындалмауы мүмкін емес. Әзірленуі қиын емес және тез піседі. Қуырдақты сұрп ет пен  өкпе бауырды, бүйректі майлы ішек-қарынға  араластырып, қуырып пісіреді. Жас етті кейде апаларымыз қаймаққа да қуырып пісіреді. Мұны «бал қуырдақ» дейді.

Сірне


Жас төлдің етінен пісірілетін дәмді  тағам. Қозы мүшесін жіліктеп қазанға  салып, үстіне бие сүтін немесе жаңа тартылған сұйық қаймақ құйып, тұз  салады да, буын сыртқа шығармай, бұқтырып жайымен қайнатады. Сонда сүт  те, қаймақ та етке сіңіп, оның сүйегіне дейін жұмсарып пісіп шығады.

Сорпа

Ақсорпа


Ерте замандардан бері қазақ  семіз жылқы, сиыр сойған кезде, соғым  сүйектерін далаға тастамай, жинап  қоятын болған. Ет таусылған жағдайда, сол сүйектерді қазанға салып, су құйып қайнатқан. Майлы сүйектер қайнаған кезде, одан кәдімгі майлы  сорпа шығады. Түсі ақшыл болғандықтан, оны «ақ сорпа» деп атайды.

Информация о работе Қазақ халқының ұлттық киімдері