Қожа ахмет яссауи

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 18:27, реферат

Описание

Еліміздің сан ғасырлық өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік
мәдениетті жатқызамыз. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиеті парыздарының қатарына жатқызамыз. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар көптеп саналады.Ортағасырлық педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында аты әлемге әйгілі ортағасыр данышпандарының бірі – Қожа Ахмет Йассауи болып табылады.

Работа состоит из  1 файл

этнопедагогика реферат.docx

— 180.81 Кб (Скачать документ)

Қожа Ахмет  Ясауи кесенесінің ерекшеліктері

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:

  1. Қазандық;
  2. Үлкен Ақсарай;
  3. Кіші Ақсарай;
  4. Құдықхана;
  5. Кітапхана;
  6. Асхана;
  7. Көрхана;
  8. Мешіт;

Қожа Ахмет  Ясауи кесенесінің негізгі және қосалқы бөлмелері

Ол порталы оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік-батыс  пен солтүстік-шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық  залға бас порталдың сәнді  есігі арқылы кіреді. Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпіштен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені, диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген. Бұл бөлмеден өткен соң оюмен өрнектелген ағаш есік арқылы Қожа Ахмет Ясауи мүрдесі жатқан бөлмеге кіруге болады. Көрхананың қос қабат күмбезін кейде Мұхаммед Ханафия порталы деп те атайды. Қазандықтан өзге бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз дара блокқа бөледі. Әр блокта архитектурасы да, пайдаланатын мақсаты да әр қилы бөлмелер бар. Оңтүстік-батыс блокта мешіт орналасқан. Ал оңтүстік- шығыс блокта халимкана бар. Халимканада дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халим әзірленетін болған. Солтүстік-шығыс блокта құдықхана, ал солтүстік-батыс блокта Үлкен Ақсарай орналасқан. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жақтарының орта тұсында өзінің архитектуралық тұрқы жағынан біртектес, қабатты залдар — Кіші Ақсарай мен кітапхана бар. Кесенедегі сегіз дәліздің алтауы өтпелі де, екеуі — тұйық. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек зират болумен шектелмей, мешіт-медреселік қызметтерді де атқарған. Түрлі мақсаттағы бөлмелердің басын осылайша біріктіру өз заманының тамаша үлгісі болып табылады. Кітапхана мен Ақсарай бөлмелері көлденең аркалармен жабылған. Төбені осылайша жабу түрлі пошымдағы күмбездерге, тұрқы шаңырақ тәрізді иықтар мен жаппаларға негіз болып тұр. Бұл жаппаларда көтеруші аркалардың өзара қиылысу элементтері Орталық Азия архитектурасында сол кезге дейін кездеспеген елеулі жаңалық болып табылады. Негізгі бөлмелер — қазандықта, көрхана мен мешітте қос қабатты арқалар жоқ, олардың әрқайсысының қабырғаларынан төрт- төрттен ойықшалар жасалған. Күмбездердің ішкі беті алуан тұрпаттағы сталакиттермен көмкерілген. Бұлар арша ағашынан жасалған білезіктермен бекітілген. Кесененің сырт қабырғаларының көмкерілуі үш бөлікке жіктеледі.

         Оның орта бөлігіне үлкен көлемдегі өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлігіне) биіктігі — 1,85 м тас кенере жүргізілген. Ӏрге бөлігі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құраннан алынған сөздер жазылған. Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриздің биіктігі — 2,37 м. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіш¬термен көлеңке түсірілген. Ғимараттың солтүстік бетіндегі екі бұрыштың екеуінде циллиндр түріндегі діңгектер бар. Бұл діңгектерге де куфа қарпымен жазылған жазулар мен ою- өрнектер түсірілген. Жазулардың арасынан "Алла", "Мұхаммед", "О, жарылқаушы", "Билік Аллада", "Алла менің әміршім" деген секілді, т.б. сөздерді оқуға болады. Кесененің солтүстік-шығыс бетінде Ӏлияс хан ойығының үстіндегі фриз соңында "Шираздық Қожа Хасан" деген сөз және "һиджраның 800 жылы" деп жазылған. Көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтайшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд әл-Уақабтың есімі жазылған. Ол күмбездің қатпарлы қабырғаларына өрнектер жасаған шебер еді. Бас порталдың екі жағы биік мұнарамен жиектелген зәулім аркасы бар. Оның ені — 50 метрге, ішінің ұзындығы — 18,2 метрге, биіктігі — 37,5 метрге тең. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үш бұрыш тәрізденіп көрінеді. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана бар-ды, оның құрылысын 1583—98 ж. Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтады. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған.

Тайқазан (Қазандықта(Орталық зал) орналасқан)

Орталық зал — қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен  көмкерілген төртбұрышты бөлме. Қазандық күмбезі сегіз қырлы, діңгек үстіндегі желкенге табан тірейді. Қазандық күмбезінің ішкі жағы — 18,2 метрге , сырты — 20,5 метрге тең. Қазандық көрхана және мешіт кабырғаларының төменгі жағы алты бұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі — 1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен көлеңкелендірілген. Ал еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да халық өнерінің лағыл-маржандарының қатарына жатады. Бұларда да оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һиджраның 799 жылы 20 рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі — әулиенің көрханасы болып табылады. Бұл — қабырғаларының ұзындығы — 7,15 метрлік төртбұрышты бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен әшекейленген тайыздау ойықтары бар. Көрхананың төбесі қос қабатты күмбезбен көмкерілген. Ішкі күмбезі — құрылыстық, сыртқы күмбезі — көркемдік міндет атқарады. Көрхана күмбезі бұрыш-бұрыштағы төрт білікке тіреліп, биік мойындықпен көтерілген. Сыртқы күмбезі қатпарлы. Бұл қатпарлар өсімдік өрнекті пішіндес мозаикамен қапталған. Солтүстік портал қабырғаларының көркемдігі көрген жанды таң қалдырады. Үш ширектік діңгекшелері алты қырлы тақталармен қапталған, көгілдір түсті бояулармен айшықталған. Көрхананың дәл ортасында Қожа Ахмет Ясауидің сағана-құлпытасы орнатылған. Ол жасыл түсті яшмадан жасалған, ернеуіне нәзік өрнектер салынған. Қазандық пен көрханадағы Сафар шебер өрнектеп жасалған ағаш есіктер көркемдігімен көз жауын алады. Көрхана есігінің ою-өрнектері сүйекпен ерекше нақышталған. Есік жұқа темірмен қақталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Есіктің үстіндегі тас тақтайға көрхана Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылғандығы жайында жазылған. Кесененің мешіті де аса бір тамаша архитектуралық құрылыс.

Кесене ішіндегі Құдықхана

        Ол мойындығында 16 терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіттің батыс жақ кабырғасына Меккедегі Қағба сияқтандырып 3,5x2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суретімен әшекейленген. Михраб — жебе ұшты арқасы бар ойық. Бұл ойық көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған ақ әріптермен Құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады. Кесененің оңтүстік-батыс жағында діншілдердің ораза ұстауына және Құдайға құлшылық етуіне арналған жер асты мінажатханалары Қожа Ахмет Ясауидің көзі тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған. XVI ғасырда мешітке іргелес қосалқы бөлмелер тұрғызылған. Бұлар: батыс беткейдегі дәрет алатын тахаратхана мен Үлкен Ақсарайдың солтүстік- шығысындағы "балхи" тәсіліндегі иықпен көмкерілген жер асты зираты. XVI ғасырдан кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның төңірегінде Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б. белгілі адамдар жерленген.

Қожа Ахмет  Ясауи кесенесі "Мәдени мұра" тізімінде

1907 ж. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жөндеуге мұсылман бұқарасынан ерікті түрде жәрдем жинауға әрекет жасалды. 1910 ж. Түркістанда жергілікті орыс әкімшілігінің бақылауымен кесенені жөндеуге қаражат жинайтын арнайы комитет құрылып, мұсылмандар жинаған 12 мың сомға ғимараттың төбесі мен қабырғаларының бір бөлігіне азды-көпті жөндеу жүргізілді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін исламның Қазақстандағы басты орталығы ретіндегі діни қызметіне тосқауыл қоюға ұмтылған кеңестік тоталитаризмнің әрекеттері діттеген жеріне жете алмады. 1978 ж. қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауи республикалық мұражайы, 1989 ж. 28 тамызда Қазақстан Үкіметінің шешімімен "Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы "ашылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене дүние жүзіндегі "Мәдени мұра" тізіміне енді (Париж, 23 маусым, 2003)

 

Қорытынды

  1. Қожа Ахмет Йассауи түркі халықтарының ұлы ойшылы

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани  хикмет» жинағы көптеген ғасырлар бойы халқымыздың рухани әлемінде шешуші мәнге ие болып келді. Бұл еңбек  иісі түркілердің ұлттық дүниетанымындағы түбегейлі өзгерістерге негіз болып, оның ислами аяда қайта қалыптасуына игі ықпал етті. Әсіресе, қазақ  халқының ұлттық менталитетінің қалыптасуына тигізген бұл еңбектің әсері орасан зор. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Йассауидің хикметтері («Даналық сөздері») оның бір бөлігі болып кіруге тиіс», – деген пікірінің жайдан-жай айтылмағаны анық. 
Рухани ілімнің төрінде құл Қожа Ахмет Йассауи, оның ар ілімі  мен Йассауи көрсеткен тура жолы тұр. Бүгінгі таңда Йассауи мұрасын зерттеу қолға алынды, ғылыми еңбектер жарық көрді, диссертациялар қорғалды. Дегенмен Ясауи мұрасын зерттеуде әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін салалар жеткілікті. Мәселен, Ясауидің хикметтері мен сара жолы ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ. Жоғарғы оқу орындарында Қожа Ахмет Ясауи – тарихта болған ғұлама адам ретінде ғана айтылады. Ясауидің ар ілімі, хикметтеріндегі құдайға ғашықтық, ақыл-өсиеті, әулиелік болмысы ашықталмай, құрғақ, жалаң сөз түрінде бірсыдырғы қарастырылады. Ар ілімнің адам баласын ізгілікке, екі дүниенің бақытына жеткізетініне, тар кеудені кеңітетінін, тас жүректі жібітетіндігін Ясауидің Диуани хикметіне терең бойлау, қайта-қайта оқу арқылы ғана бойымызға сіңері анық. Бұл ойымызды нақтылау үшін Шәкәрім атамызға жүгінсек: 

                           Қайта-қайта оқысаң, бір дұғаны 

               Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.

         Бүгінгі күні қазақ халқы қайтадан өз мемлекеттігін қалпына келтіріп, тәуелсіз ел болғанда Қазақ халқының рухани, мәдени тәуелсіздігі қажет. Сонда ғана Қазақ халқы өзінің өткеніне баға беріп, жеңісімен мақтанып, жеңілісінен сабақ алатын дәрежеге жетеді. Өкінішке орай, қазіргі күні еліміздегі қоғамдық ғылымдардың ешбірі - қазақ халқын ұйыстырған, халық етіп тарих сахнасына шығарған қандай күш, қандай құдірет деген сауалға жауап берген жоқ. Бұл сұраққа жауап берілмейінше қазақ халқының рухани, мәдени тәуелсіздігі қалыптаспайтынына  зерттеушілердің көбінің сенгісі келмейді. Йасауи жолы десе тек дін деп түсінеді. Йасауи жолы тек ислам дінінің сопылық бағыты емес, сонымен бірге, түркінің рухани әлемінің ислам негіздерімен тұтастыра өрілген бүкіл болмысы екендігін сезіне алмай келеді. Түркілік дүниетаным, дін, мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, рулық, тайпалық жүйе мен жүздік құрылымдар, мемлекетті басқару жүйесі толығымен «Йасауи жолы» деп аталатын рухани арнаның құрамдас бөліктері екендігі, біздің тарапымыздан соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында толық анықталды. Сондықтан, Йасауи жолына тек дін деп қарау, жалпы дінді қоғамдық үдерістерден бөлек қарастыру тарих ғылымында көптеген мәселелер бетінің ашылмай қалуына себеп болып отырған фактор екендігін ұғынатын кез жетті.

Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы  тұлғаның түркі халықтары тарихы мен мәдениетіндегі орны қандай, неге оның есімі түркі халықтарының жадынан  ерекше орын алады деген сұраққа  әлі ешкім жартымды жауап бере алған жоқ. Ол заңды да. Өйткені, Қожа Ахмет дәуірінен кейінгі 800 жыл  халық жадындағы көптеген мәліметтерді шайып кетті. Ал, жазба деректер болса, жоққа тән. Тек, "Диуани Хикмет" қана көңілге медеу. Соңғы жылдардағы ізденістер нәтижесінде Қожа Ахмет  Йасауидің "Диуани Хикметтен" өзге де шығармалары болғандығы белгілі  болып отыр.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010
  3. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005
  4. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011.
  5. Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Алматы, 2008.
  6. Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы, 2000.
  7. Балқыбайұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. І том. – Алматы: «Алаш», 2005.
  8. З.Әбілова, Қ.Қалиева «ЭТНОПЕДАГОГИКА ОҚУЛЫҒЫНАН»

 


Информация о работе Қожа ахмет яссауи