Қожа ахмет яссауи

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 18:27, реферат

Описание

Еліміздің сан ғасырлық өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік
мәдениетті жатқызамыз. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиеті парыздарының қатарына жатқызамыз. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар көптеп саналады.Ортағасырлық педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында аты әлемге әйгілі ортағасыр данышпандарының бірі – Қожа Ахмет Йассауи болып табылады.

Работа состоит из  1 файл

этнопедагогика реферат.docx

— 180.81 Кб (Скачать документ)

Кіріспе бөлім

Қожа Ахмет  Йассауи ислам дінін дәріптеуші

Еліміздің сан ғасырлық өзіндік  орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік 
мәдениетті жатқызамыз. Ал халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиеті парыздарының қатарына жатқызамыз. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларында жасырынған рухани мұралар көптеп саналады.Ортағасырлық педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында аты әлемге әйгілі ортағасыр данышпандарының бірі – Қожа Ахмет Йассауи болып табылады.

Қожа Ахмет Йасауи ислам дінінің  әлсіреп, мұсылман қауымының рухани саяси дағдарысқа түскен кезеңінде  тарих сахнасына шықты. Бұл кезеңде  Ислам әлеміндегі жағдай күрделеніп, билік үшін талас өршіп тұрды. Бұрынғы исламға тіреу болған ірі мемлекеттер іштей іріп, бөлшектеніп  майда иеліктерге айналды. Ислам  әлемінің әлсірегенін сезген Европа мұсылмандарға қарсы крест жорығын  бастады. Жерорта теңізі жағалауындағы  көптеген жерлер крестішілердің қоластына  түсті. Шығыста қаратқытайлар Қарахандық билеушілерді тізе бүктіріп, өздеріне жартылай тәуелді етті. Ислам әлеміне  тіреу болады деген Хорезмшахтар мемлекеті Меккені басып алуға, өзіне тәуелді етуге ұмтылды. Мұның бәрі ислам қоғамындағы  етек алған рухани дағдарыспен тікелей  байланысты болды. Қожа Ахмет Йасауи сол кезеңнің  басты мәселесі - мұсылман дініндегі халықтардан иманның көтерілуі, халықтың көбі имансыз тобырға айналуында екенін көре білді. Ол өзінің басты қызметі Иманды Исламға қайтару деп түсінді және өзінің бар күш-қуатын осыған арнады. Ол діннің негізгі тірегі иман екендігін анық түсінді және өзгелерді де иманның құдіретін өзіндей түсінуге, сезінуге шақырды. Қожа Ахмет Йасауи иманды діндегі бар амалдың алдына шығарды. Иман жоқ жерде дін де жоқ. Ол өзінің осы талабын өзінің соңынан ергендерге аманат етіп қалдырды.

Қожа Ахмет Йасауи түркілерге иманды, исламды ғана қайтарып қойған жоқ, сонымен  бірге, түркінің көнеден келе жатқан мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түгелімен қалпына келтіруге  мүмкіндік берді. Өйткені, VIII ғасырдың екінші жартысында ислам дінін қабылдаған түркілер X-XII ғасырларға келгенде өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік  жүйесінен толығымен ажыраған болатын. Алғашында ислам дінін қабылдау тек дінді емес, бүкіл араб болмысын қабылдау деп түсінген түркілер арабтанып, парсыланып кеткен еді. Қожа Ахмет Йасауи ислам дінінің басты талабы Иман екендігін түсіндіруі, иманы бар  адамның мұсылман болып саналатынын  сезіндіруі, арабтың салт-дәстүрі  мен әдет-ғұрпын қабылдамай-ақ әрбір  мұсылманның өз мәдениетін сақтауы  мүмкін екендігіне көзін жеткізуі түркілердің  өзінің дәстүрлі мәдениетіне қайтадан  бет бұруына мүмкіндік берді. Қожа Ахмет Йасауи түркі мәдениетін сақтап қалу ғана емес, оны қайта жаңғырту жолында да көп еңбек етті. Ол түркі тілін дін тіліне, ғылым-білім тіліне, әдебиет мәдениет тіліне, мемлекет тіліне айналдырды.

          Күллі әлемге даналық нұрын шашқан, түбі бір түркі халқына ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауи есімі әрбір қазақ баласы үшін киелі десек қателеспейміз. Ендігі кезекте дәл осы топырақтан  бүкіл әлемге Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі жарқырап, түсінген жанға бабамыздың әлемі ең ізгі һәм ең әсем әлем. 

 

 

 

 

Негізгі бөлім

  1. Қожа Ахмет  Йассауи өмірі

Қожа Ахмет Йассауи (1093-1166) - қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы  ақын, сопылық поэзияның негізін  салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының  рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.

Қожа Ахмет  Йассауи – түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Йассауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Йассауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады.Қожа Ахмет Йассауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. 9 ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Иасы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағыда басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, 10 ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Йассауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Йассауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты.                                                                                                                              

Қожа Ахмет Йассауи  ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жылы қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Йассауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Йассауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Йассауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Йассауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Йассауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Йассауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Йассауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Йассауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайкылардың бірі болған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, ақынның 149-хикметінде оның шыққан тегі туралы төмендегі сыр шертеді.

...Ысқақ баба жұрыны, шейх  Ибраһим Құлыны,

Машайықтар ұлығы - шейхым Ахмет Яссауи.

….Иасы оның арасы, жатыр  гауһар парасы,

Машайықтар сарасы - шейхым Ахмед Яссауи. Ахмет Бұқар қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азияда кең тараған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады. Ахмет Яссауидің ержете келе Түркістанға келуі дінге байланысты болса керек. Ақын өз өлеңдерінде Түркістанға келгені жайында былайша баяндайды:

...Он жетімде Түркістанда  тұрдым, міне

Он сегізде Шілтеменеи шарап іштім,

Рузы қылды, Жәннат кезіп  қорлар құштым,

Хақ Мұстафа жүздерін көрдім, міне...

 

  1. "Диуани Хикмет" еңбегі.

Қожа Ахмет Йассауидың бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді  шығармасы — «Диуани Хикмат» (Хикмат жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын.Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикматтан» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.                                                 Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи «әзіреті сұлтан» аталып, басына 14 ғ. аяғында атақты Ақсақ Темір күмбезді сағана орнаттырады.Жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рух пен Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Пақырнама” сияқты мұраларынан көрінеді. Қожа Ахмет Йассауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Йассауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Йассауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” (убудийат, абд). Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.

Йассауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылың білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Йассауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын білдіретін символдық ұғымдар қолданылады: “Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ”. Бұл сопылық мағынада “уисал” (Хаққа қауышу) мақамын білдіреді. Топырақ болу, нәпсіден арылу – Хаққа қауышудың бірінші шарты. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар “жол” екендігінің мәніне қанығады. “Топырақ болғыл әлем сені басып өтсін” дегендегі мақсат осыған саяды. Өйткені сопылық атауда әулиелер мен пірлердің қабірін де “топырақ” дейді. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рахметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.

Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» – Қожа Ахмет Йасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887–1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902–11) баспаларынан жарық көрген. 
 
           Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Йасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады. 
 
         «Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Йасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.  
 
Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.

Қожа Ахмет Йасауи және оның «Диуани хикмет» атты еңбегі еліміз егемендік алғаннан кейін  ғана сөз етуге мүмкіндік туғаны, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар, проблемалық мәселелер қоса қарастырылады, оған дәлел мынау: Кеңес өкіметі  тұсында жалпы дінге, оны насихаттағандарға  аяусыз соққы берілді. Мәселен, Қазақ  Кеңес Энциклопедиясында А.Йасауи жөнінде: «Діншіл, рухани ғұлама – ислам  дініне жетік, кертартпалығы үстем  ой-пікірдегі адам, діни медреседегі  рухани мансап иесі. Олар ертеден-ақ ғылым  негіздерін бұрмалап, «Диуани хикмет»  тәрізді санаға қонымсыз шығармалар жазып, уағыз-насихат жүргізумен шұғылданды», – деп жазылған. Сондықтан бұл  тақырыпқа қатысты мәселелер  тұтастай зерттелінеді. 
          Дүниежүзілік әдебиет тарихының қазына қорын молайтқан таңдаулы туындылардың елеулі бөлігі сопылық әдебиет өкілдерінің қаламына тиесілі. Сопылық таным белгілері адамзат қоғамының алғашқы дәуірінен бастап байқалып, бірқатар өркениеттер тарихында өзіндік із қалдырған. Бұл құбылыстың ішкі-сыртқы ерекшеліктері айқындалып, бірегей жүйелі үлгісі қалыптасқан кезеңі б.д. VIII-IX ғасырларына сәйкес келеді. Сопылық ілім теориялық тұрғыдан толық қалыптасқанға дейін-ақ оның мән-мазмұны ауызша және жазбаша әдеби шығармаларда көрініс тауып отырды. Бертінде бұл үрдіс барынша жетілдіріліп, сопылық әдебиеттің өзіне тән заңдылықтары қалыптасты. Болмысты қабылдау мен түсінудің иррационалдық жолын ұстанған сопылар тудырған әдебиеттің өзіндік идеялық бағыты, дара көркемдік әлемі, қалыптасқан бейнелілік жүйесі, талғаулы эстетикалық құндылықтары болды. Аталмыш әдебиет тарихындағы бірегей ақындық мектептер араб-парсы және түркі сопылығына тән. Ал түркі сопылық поэзиясының көшбасшысы «Түркістан пірі», «Әулиелердің сұлтаны» деген аттармен мәшһүр болған Қожа Ахмет Йасауи болатын. 
           Қожа Ахмет Йасауи жөнінде сөз қозғағанда сол ірі тұлғамен байланысты, оны қоса есептегенде төрт тарихи дүние қабаттаса еске түседі. Олар: кемеңгер бабаның өзі, атақты Түркістан қаласы, «Диуани хикмет» кітабы және Қожа Ахмет Йасауи кешені. Соған сәйкес бір жерден нұр шашқан осы төрт киені бір-бірінен бөлмей қатар зерттеу қажет. 
Ақынның дүниеге келген мерзімі туралы нақты дерек жоқ. Ортағасырлық жазбаларда Қ.А.Йасауидің хижраның 562 жылы (б.ж.с. бойынша 1166 жылмен сәйкес) дүниеден өткені айтылады. Осы дерекке және хикметтердегі мәліметтерге сүйене отырып, ақынды 63 жыл өмір сүрген деп санайтын зерттеушілер оның туған жылын 1103 жылмен шендестірсе, 73 жыл жасаған деп есептейтіндер бұл мерзімді 1093-94 жылдармен белгілейді. Сопы ақын 125 жыл өмір сүрген деген болжамға ден қойған ғалымдар оны 1040 жылдары туылған деп есептейді. Ежелгі Сайрам (Исииджаб) қаласында дүниеге келген Йасауи рухани тәрбиенің алғашқы сабақтарын өз әкесі Ибрахим шайхтан алады. Әкесі дүниеден өткен соң, Арыстан бабтан аманат-ілімді қабылдаған болашақ Түркістан пірі біршама уакыт Йасы (Түркістан) қаласын мекен етеді. Есейе келе ілім іздеп, өз хикметтерінде айтылғандай, «Хорасан, Шам, Ираққа сапар шеккен». 
Йасауидің өмір жолын бірқатар деректер Бұхаралық атақты сопы Жүсіп Хамаданимен байланыстырады. Өз дәуірінің көрнекті ғұламаларымен, мәшһүр сопыларымен сұхбаттас болған, сопылық тәжірибесін жетілдіріп, рухани кемелдену сатыларын өткерген ақын толысқан шақта Йасыға оралады. Сонда тұрақтап, тариқат ілімін таратады, өзінің ғибратты хикметтерімен мәшһүр болады. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жсткізген Йасауи 63 жасқа келгенде «Мұстафаға матам /аза/ тұтып» жер астындағы құлшылық мекеніне – қылуетке түседі. Сопы ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілегін Йасауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған.Ұлт әдебиетіне «Диуани хикмет» сынды өміршең мұра қалдырған Йасауи өз есімімен аталған түркі сопылық тариқатының (йасауийа) негізін салуымен де танымал. Сопылық ілімді насихаттап, Жаратушыға деген махаббатты арқау еткен ақын хикметтері өз кезегінде көркем әдебиет туындысына қойылатын негізгі талаптарға сай көлемді де кең өрісті поэзиялық шығарма болып табылады. «Диуани хикмет» арқылы автор түркі әдебиетіндегі көп өлшемді, күрделі симбиоз жанр – хикмет жанрының іргетасын қалады. Ғасырлар бойы жалғасын тапқан аталмыш жанрда көптеген әдеби туындылар дүниеге келді. Йасауидің поэтикалық мектебінен нәр алған ақындар негізінен хикмет дәстүрін жалғасгырып, осы жанрда жырлаған. Орта Азиядағы кеңінен танымал әдеби мектеп – Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі болды. 
          Түркі топырағындағы бай әдеби дәстүрден бастау алған Йасауидің «Диуани хикметінде» алғашқы кезекте төл поэзиямыздың көркемдік және құрылымдық ерекшеліктері дамытылды. Рухани ізденіс барысында араб және парсы сопылығының көрнекті өкілдерімен сұхбаттас болған ақын аталмыш халықтардағы сопылық поэзияны да терең игерген. Дарынды әрі білікті шайыр хикметтерінде ол таныс болған әрбір шығармашылық құбылыс сана сүзгісінен өткізіліп, кемелдендірілген түрде көрініс тауып отырды. Осындай кең қарымдылыққа ие Йасауи поэзиясы түркі халықтары әдебиетіндегі көптеген үдерістерге негіз болған. Танымдық, тәрбиелік, көркемдік эстетикалық және идеологиялық рол атқаратын Йасауидің заманалармен замандас хикметтері – өз кезеңі үшін де, кейінгі дәуір аудиториясы үшін де тағылымдық мәні зор туынды. Имандылықты, рухани құндылықтарды ұстын еткен түркі дүниесіне ортақ шайырлар мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясының көркемдік-құрылымдық бітімінен Йасауи туындыларының айқын әсері байқалады. Шортанбай ақын жырларындағы діни сарындар мен ақырзаман тақырыбы туралы айта келіп, жазушы, әдебиет зертгеушісі М.Әуезов: «Осының Орта Азия мен жалпы Россия мұсылмандары арасындағы түп-тегі Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмәтіне» барады... Яссави, Шортанбайлардың түн сарыны кейде сол «тәркі дүние» нанымына ауысады. Осы жағдайларды көп таратпаса да аша сөйлеу керек» деп, сопы ақын туындысының мән-маңызын, оны зерттеудің өзектілігін атап көрсеткен болатын. 
          Заман ауысқан сайын әдеби мұраларға деген бағалау жүйесі өзгеріп, зерттеу әдістемесі жетілдіріліп отыратыны белгілі. Кеңестік кезеңде біржақты бағаланған сопылық әдебиет тақырыбын зерттеп-зерделеуде тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде біршама ілгерілеулер бар. Дегенмен Кожа Ахмет Йасауидің поэзиялық мұрасы негізінен діни-философиялық мазмұны тұрғысынан ғана қарастырылып, оның әдебиет туындысы ретіндегі ерекшеліктеріне жеткілікті назар аударылмай келеді. Йасауи шығармашылығына қатысты бүгінге дейін жасалған басты зерттеулерді талдау барысында автордың ақындық әлемінің тұтастықта қаралмағандығы, хикметтердің бейнелілік жүйесі, көркемдік-құрылымдық ерекшеліктері, хикмет жанрының секілді келелі мәселелердің толыққанды зерттеу нысанына айналдырылмағандығы, зерттеу әдістерінің жүйеленбегендігі, әлем әдебиетіндегі йасауитануға қатысты ізденістер тәжірибесінен отандық авторлардың мәліметі аздығы аңғарылады. Мұның барлығы Йасауи поэзиясын жүйелі түрде зерттеудің әлі де өзекті болып отырғанын айғақтайды. Әдеби тұрғыдан лайықты бағасын ала қоймаған Йасауидің ақындық мұрасы төл әдебиеттануымыздың қазіргі даму деңгейіне сай талаптармен тереңдете карастыруды қажет етеді. Ғасырлар бойы Иасауи мәдениеті өзіндік сипатпен тарихымыздың әрбір белесінің қажеттілігі мен сұранысына қарай тұжырымдалып, түсіндіріліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Кеңестік идеология Ахмет Иасауи сияқты тұлғалардың аты түгіл, оның атымен байланысты тариқатын да зерттеуге құлықты болмады. Кеңестік жүйе кезінде кейбір жалпылама этнографиялық зерттеулер болғанымен бұл дүниелер сол идеологияға қызмет ететін аналитикалық тар шеңберден әріге аса алмады. Кеңестік кезеңде А. Фитраттан, К. Тәжіковаға дейінгі уақыт ішінде Иасауи дүниетанымы сол дәуірдің идеологиясы шеңберінде қарастырыды.  
Иасауи туралы ғылыми негіздегі алғашқы зерттеу түрік ғалымы Ф. Көпрүлү тарапынан жасалды. М.Ф.Көпрүлүнің «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты еңбегі өз дәуірінде теңдесі жоқ зерттеу болғаны анық. Дегенмен бүгін бұл еңбектің методологиялық тұрғыдан ескіргендігін былай қойғанда, қолданған дереккөздері тұрғысынан да ескірді. Қазіргі уақытта ғылымға деген көзқарас та өзгерді. Жалпы бүгінге дейін Иасауиді жан-жақты зерттеулер жүргізу ісі О. Түрер, З.В. Тоған, А. Ожак, М. Қара, К. Ераслан сияқты түрік ғалымдарының еншісінде болып келді.  
Түркілік мәдениет пен діл табиғатын игеру барысында Батыстық ғалымдар Т. Зарконье, А. Бодроглигетти, А.-М. Шиммел, А.Беннигсон, Дж.С. Тримингэм, А. Мец, Д. Де-Уис және т.б. тарапынан Иасауи іліміне деген қызығушылық айрықша болды.

Информация о работе Қожа ахмет яссауи