Этнодемографиялық және миграциялық даму ерекшеліктері мен динамикасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Октября 2011 в 11:45, автореферат

Описание

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізіп, еңсесін көтерген шақта бүкіл Еуразия аумағына, тіпті ғаламға танылып, беделі артып, дамып келеді. Егемен мемлекет дамудың жаңа сатысына көтеріліп, толғаулы, түйінді, маңызды мәселелерді шешуді стратегиялық мақсаттарға сәйкес кезегімен күн тәртібіне қоюда. Сондай кемелді проблемалардың ішіндегі негізгілерінің бірі - тәуелсіз Отанымыздың тарихын тану.

Работа состоит из  1 файл

avtorev1.doc

— 259.50 Кб (Скачать документ)

     Үшінші параграфы «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталады. Қала маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы орталықтың ықпалына байланысты болады. Жалпы айтқанда, Алматы агломерациясын ірі өндіріс орталығына айналдыру үшін аймақта: тамақ өнеркәсібінде – ет, сүт тағамдарын өндіру, өсімдік май, қант, шарап жасау, темекі өндірісі және лимон қышқылын, қоюландырылған және құрғақ сүт, соя мен қызанақты қайта өндеу арқылы өнімдерін шығару, яғни  қайта өндеу өндірісін дамыту басшылыққа алынса, ал аймақтағы пайдалы қазбалар қоры арқылы мәрмәр, кварц құмы, гипстік шикізаттардың, құрылыс және безендіру табиғи тастарының молдығы құрылыс өндірісінің дамуына немесе құрылыс кластерін қалыптасуында ерекше орын алады. Аймақтың сырттан келетін қуат көздері тәуелділігінен құтылу үшін жердің су және жел қуат табиғи қорларын дәстүрлі емес және өздігінен қайта қалпына келетін қуат көздеріне айналдыру қажет.

     «Этнодемографиялық және миграциялық процестер» деп аталатын  екінші тараудың бірінші параграфы Алматы агломерациясындағы этномиграциялық үрдістеріне арналған. Халықтың селодан қалаға қоныс аударуы - өндірістік даму жолына түскен кез-келген қоғамға ортақ заңды құбылыс. Ішкі миграцияның жоғары қарқыны 1991-1992 ж.ж. аралығында басталды. Сол кезеңде ірі мегаполиске ұмтылған мигранттар қала төңірегіндегі бос қалған жерлерді иемденіп алды. Мүмкіндіктеріне қарай, қолда бар құрылыс материалдарынан соғып алған лашықтарын тұрғын үйге айналдырып, олардың заңдастырылмаған, құжаттарсыз бой көтерген саман үйлер келешекте үлкен бір әлеуметтік дағдарысқа жеткізілетінін ешкімді де ойландырмады. Ауылдан қалаға қоныс аударуы, яғни ішкі миграция ол үнемі шешімін қажет ететін өзекті мәселенің бірі. Бірақ өркениетті елдерде кенттену үрдістері ұзақ уақыт жүргізіліп, тіпті жылдар емес ғасырларға созылған. Осы уақытта ауыл тұрғындары ешқандай қиындықсыз, күнделікті күйбең тіршіліктерін атқарып, қиындықсыз қала өміріне біртіндеп үйренісіп, сіңісті. Ал жедел қарқынмен, жалпы қарқында жүргізілген, кенеттен қанат жайып, бүкіл тұрғын халықты мигранттарға айналдыру үрдіс, әрине қиындықсыз, шығынсыз жүргізілмейді. Сондықтан ішкі қақтығыстарды болдырмау үшін, ішкі мигранттардың қалаға бағыт алғанын тоқтату үшін ауылды жерлердің әлеуметтік – экономикалық жағдайларын жедел жақсарту қажет. Әрине бұл өзекті мәселелерді жергілікті билік атқарушы органдар өз құзырында шеше алмайды, ол үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, заң күшіне енгізілуі керек.

    Республикадағы ішкі миграция облысаралық, облысішілік сипатқа ие болады. 1989-1999 ж.ж. республикалық халық санақтары аралығында Алматы облысына 1063 адам, 2000-2007 ж.ж. аралығында 242443 адам көшіп келіп, оның демографиялық ахуалын жақсартуға септескен. Осы көрсетілген уақыт аралығында Алматы қаласына көшіп келген 395841 мигрант болса, кеткені 289109 адам болды. Алматы облысы мен қаласына көшіп келген мигранттардың барлық саны 506324 адам. Айта кетерлік бір жайт, 1989-1999 ж.ж. аралығында Алматы облысына ТМД және Балтық теңізі өңірінен  қазақтар, орыстар, күрдтер, түріктер, корейлер, әзірбайжандар, украиндар, немістер, татарлар, ұйғырлар, өзбектер, қарақалпақтар, тәжіктер көшіп келген. Ауғанстан, Германия, Қытай, Иран, Корея, Монғолия, Пәкістан, Польша, Түркия, Чехия тәрізді алыс шет елдерден қазақтар, орыстар, түріктер, ұйғырлар, немістер қоныс аударған. Керісінше көрсетілген кезеңде Алматы облысы мен қаласынан 35890 адам ТМД елдеріне көшіп кеткен. Алыс  шет елдерге көшіп кеткендер ресми деректерде 65650 адам болып тіркелген. Алыс және жақын шет елдерге қоныс аударған этностар өкілдерінің қатарында орыстар, немістер, украиндар, корейлер, әзірбайжандар, татарлар болған.

   Алматы агломерациядағы этномиграциялық үрдістер 1991-2007 ж.ж. аралығында көші-қонушылардың материалдық және рухани талап-тілектерінің өсуіне байланысты жиіледі. Көші-қонның жиілеуі қазақстандық қоғамның алға басуын, халықтың әл-ауқатының жақсаруына байланысты жүретіндігі белгілі. Кез келген мемлекетте көшіп келушілердің көшіп кетушілердің санынан басым болғандығы ол мемлекеттің көшіп-қонға жағымдылығының дәлелі, бұл миграциялық үрдісі әлеуметтік-экономикалық дамуы, өмірдің даму деңгейінде негізделетіні анық. Кеңес Одағының ыдырап, республиканың тәуелсіздік алуы бір жағынан алыс және жақын шет елдерге аттанған диаспора өкілдерін көбейтсе, екінші жағынан әлемнің 40-тан астам елдеріне тараған қазақ халқының өкілдеріне атамекенге қайтуға жол ашты. 1990 ж. орта кезіне дейінгі терең экономикалық дағдарыс та мигранттардың көбеюіне ықпал етті.

     Ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшіп-қонуы 1991-1992 ж.ж. басталды. Сол кезден бастап орын ауыстырғандар қала маңында бос жатқан жерлерге өз беттерінше баспана сала бастады. 1996 ж. көшіп келушілер көбейе түсті. Көшіп келгендердің басым көпшілігі Арал, Семей және тағы басқа экологиялық жағдайы ауыр өңірлерден еді. Агломерациядағы ірі мегаполис Алматы ең алдымен ауыл мигранттарын тарту орталығына айналды. Республикадағы саяси және экономикалық тұрақтылық сыртқы миграцияны бәсеңдетіп, көшіп кетушілерден гөрі көшіп келушілерді көбейтті. Ал күшейіп келе жатқан урбандалу процесі ішкі миграцияда тұрғындардың қалалар мен Алматы маңына шоғырлануына игі әсер етті. Соның салдарынан байырғы халықтың және әр түрлі ұлттардың өкілдері Алматы агломерациясында тығыз орналасып, оның демографиялық дамуын жетілдіруге үлес қосуда.

   Екінші  бөлімнің келесі параграфы «Этнодемографиялық үрдістердің динамикасына оралмандардың әсері» деп аталады. 1991-2007 ж.ж. аралығында Алматы облысына шетелдерден келген оралмандар саны 87260 адам немесе 24596 отбасы [26]. Олардың ішінде Монғолиядан 3581 отбасы немесе 14625 адам, Түркиядан 393 отбасы немесе 1430 адам, Қытайдан 7475 отбасы немесе 26103 адам, Ираннан 65 отбасы немесе 345 адам, Ауғанстаннан 59 отбасы немесе 226 адам, Даниядан 1 отбасы немесе 3 адам, Араб елдерінен 4 отбасы немесе 18 адам, Пәкістаннан 3 отбасы немесе 14 адам, Грузиядан 1 отбасы немесе 4 адам, Ресей Федерациясынан 376 отбасы немесе 882 адам, Украинадан 4 отбасы немесе 5 адам, Өзбекстаннан 11722 отбасы немесе 40621 адам, Тәжікстаннан 52 отбасы немесе 186 адам, Түркменстаннан 488 отбасы немесе 1746 адам, Қырғыз Республикасынан 367 отбасы немесе 1047 адам, Әзірбайжаннан 1 отбасында 1 адам, Беларусь, Молдова; Латвия, Югославия елдерінен де бір отбасынан бір адамнан келген екен.

   Іле ауданына 1991-1994 ж.ж. Монғолиядан 118 оралман  қоныс тепкен. Осы кезеңде Іле ауданына тек Монғолиядан ғана емес, Қытай, Түркия, Ираннан 466 репатриант, яғни 58 отбасы көшіп келген. Қоныстандырушылардың 166-сы балалар, 300-і ересек адамдар, еңбекке жарамдылары - 119, мамандығы барлар -41, жоқтар - 78 адам болған. Жалпы келген отбасы саны 58 болса, олардың ішінде адам саны 466 болды, еңбекке жарамдысы 119 адам.

   Талғар  ауданына 2007 ж. алыс және жақын шетелдерден 1683 отбасы немесе 7577 қандастар көшіп келіп, агломерацияның этнодемографиялық ахуалының жақсаруына өз үлестерін қосқан. Бұл көрсеткіш Іле ауданымен салыстырғанда 5-6 есе артық. Дәл Іле ауданы тәрізді Талғарға да келген оралмандар негізінен Қытай, Монғолия, Өзбекстан мигранттары. Олар Нұра, Панфилов, Қайнар, Алатау селолық округтеріне қоныстанған. Оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығына және бір жерде тұру белгісін алуға құжаттар өткізу барысында 326-сы республика азаматтығына ие болған. Сондай-ақ жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімдерін беру, баспанамен қамтамасыз ету шаралары қоса атқарылған. Жалпы аудан бойынша 1995-2003 ж.ж. барлығы 83 үй квотамен келген оралмандарға берілген.

   Агломерациядағы Қарасай ауданындағы 1990-2007 ж.ж. оралмандардың 7073 отбасы, яғни 22041 адам қоныс тепкен. Соның ішінде Өзбекстаннан - 19651, Монғолиядан -311, Түркиядан - 1031, Қытай Халық Республикасынан - 308, Ираннан - 132, Ауғанстаннан - 127, Пәкістаннан - 35, Ресейден - 193, Қырғызстаннан - 328, Түркменстаннан - 341, Тәжікстаннан - 66, Сауд Аравиясынан - 8, Украинадан - 9 оралман көшіп келген. Олар ауданның барлық дерлік елді мекендеріне орналасқан. Дегенмен Қаскелең қаласына - 9220, Жаңа Шамалғанға – 5500, Шамалғанға – 4000-нан астам адам тығыз қоныстанып, аудан тұрғындарының санын көбейткен. Көрсетілген аралықта 19121 репатриант Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдаған. Оралмандарды елімізге шақырып, оларды құшақ жая қарсы алуымыздың да өзіндік себептері жоқ емес. Тәуелсіз мемлекеттің стратегиялық жоспарына сәйкес іске асырылуға тиіс міндеттердің бірі – аумағы жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленетін елдің халқының санын арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осыған орай 1997 ж. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Халықты қоныстандыру барысындағы ірі стратегиялық мақсатын белгіледі. Ол – 2015 ж. республика халқының санын 20 миллионға, 2030 ж. - 25 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Осы белгіленген межеге жету және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыруға бағытталған шаралар жайында Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында айтылып, белгіленеді.

   Оралмандардың әлеуметтік-психологиялық сіңісуін қиындатқан жағдай – ол орыс тілін білмегендігі, себебі ол кезде жергілікті қазақтар Кеңес мемлекетінің жүргізілген саясатының салдарынан тіршілікте орыс тілін көбірек қолданып,ұлттық  дәстүрдің сақталуына көп ұстанымы болмады, келген  қазақтарға осының бәрі жат көрініп, олар қоян-қолтық араласа алмады. Сондықтан да болар көптеген қоныс аударушылар жіберілген жерлерінен өз еріктерімен көшіп; басқа облыстардағы қалаларға орналасуға тырысқан. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының әкімшілігіне 1996 ж. 1 маусымында Талғардағы Жұмыспен қамтылу Орталығының директоры                           Л.Д. Даниленконың жазған баяндау хатында: Фрунзе ауылдық округінде Монғолиядан көшіп келген 7 оралмандар отбасы ерікті қоныстанған. Олар Қазақстан Республикасының квотасы бойынша Шығыс Қазақстанға жіберілген, бірақ ол жерді жатсынып, орыс тілді жерге сіңісе алмай өз еріктері бойынша Алматы облысына қоныс аударған. Осындай жағдай Горнооктябрь, Калинин, Дзержинск, Октябрьск ауылдық округтерінде қалыптасқан [27]. Бұл оралмандардың көші-қонының «екінші толқыны», яғни алғашқысы бір мемлекеттен екінші мемлекетке болса, ендігісі орысшыл солтүстік – шығыстан қазақи оңтүстікке қоныс аударуы. Бірақ ерікті қоныс аударушылардың барлығы жұмысқа орналасып, тіршілік жасау мүмкіндіктерінен шегерілгені жоқ. Тіпті Талғар ауданының әкімшілігінің 1994 ж. 28 ақпанындағы №1-83 қаулысына сәйкес және «Иммиграциялық жер қорының құрылуы Уақытша Ережесі» басшылыққа алынып, оралмандарға Талғар ауданының жер қорынан жалпы көлемі 26,0 гектар жер берілді. Жер телімдері  аудан әкімшілігінің шешімі бойынша Фрунзе - 20,0 гектар, Киров - 2,0 гектар, Краснопольск - 3,0 га, Белбұлақ - 1,0 га округтерінде берілді. Бірақ жер телімдерін алуға оралмандардан арыздар түспеген. Қоныс аударушылардың жағдайларын күрт төмендегені мемлекетіміздегі XX ғасырдың 1994-1995 ж.ж жүргізілген экономикалық бағытындағы өзгерістер әсер етті. Жекешелендіру барысында оралмандардың сыбағасына мардымды ешнәрсе тимеді, себебі ол бөлініс еңбек өтілі, кәсіби шеберлігі және басқа да жағдайларға байланысты жүргізілді. Сондықтан, енді ғана орнығып келе жатқан қоныс аударушыларды жекешелендіру үрдісі келеңсіз жағдайларға ұрындырды, күн көрістері күрт төмендеді.

Бірақ мемлекет өз тарапынан көмек көрсетуден бас тартпады. 2000 ж. 13600 оралмандар отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді, олардың ішінде 898 - асыраушысы жоқ болғанына, 3014 - көпбалалы отбасы, 4398 - тұрмысы  төмен деңгейіндегі бірыңғай берілетін жәрдем ақысын алды.

   Соңғы уақыттарда оралмандар бұрын өздері мекендеген жерлеріне ұқсас климатты таңдайды. Осыған орай олардың Алматы агломерациясында көбірек қоныстануы байқалады. Агломерацияда халықтың орналасуы тығыз болса да, оралмандар осы аудандарға қоныстануға ұмтылады. Кейінгі келгендері ірі қала маңына қоныстануға ниет білдіруде, өйткені олар өмір сүріп, тіршілік етуге дала емес қаланың мүмкіндіктері мол екендігіне көз жеткізген. Кейінгі жылдары оралмандардың келуі үш түрлі жолмен жүргізіледі. Ең біріншісі - шетелге барып, көшіріп әкелу, келесі - елшіліктерге  алдын ала өтініш беріп, кезегі жақындағанда өз күшімен қоныс аудару,соңғысы - өз бетімен,ешнәрсеге қарамастан көшіп келіп, квотаға өз бетімен ілінуі. Осындай жағдайлар көші-қон мәселесін шешуін қиындатады. Шетелдегі жүрген 5 миллион қазақты түгелдей қаржы бөліп көшіріп алу мүмкін емес, осыған орай өз күшімен келетіндердін санын көбейту керек. 1991 ж. мен 2007 ж. аралығында елімізге 161745 оралмандар отбасы 633241 мүшесімен қоныстанды. Осы кезде табиғи өсімді және квотадан тыс келгендердің бәрін есептегенде, барлық келгендердің саны 1 миллион адамға жететіндей. Бұрын көшіп келгендердің көбі өз мамандықтарына қарай жұмысқа орналасып, өз бетінше тіршілік етуде. Мәселен, Өзбекстаннан келген Ж. Мәлібеков Республикамыздың мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Алматы қаласында Зарафшан қаласынан келген Әлмұрат Өнербаев «Алтын диірмен»  корпорациясында бас есепші, Құрбан Ақназаров Алматы қалалық әкімшілігінде бөлім меңгерушісі, Түркиядан келген  Халифа Алтай араб тілінен «Құран-Кәрімді» қазақшаға аударды. Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ақши ауылындағы түйе малын өсірумен айналысып, сүт өндіруді қолға алған «Дәулет - Бекет» шаруа қожалығының төрағасы - Сыдық Дәулетов. 2001 ж. қолға алынған түйе шаруашылығымен айналысуы бұл күндері өзінің түпкі нәтижесіне де қол жеткізуде. Оның айқын айғағы-осынау адам денсаулығына пайдалы шұбат өндіру ісінің ауданда ғана емес, облыстағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналуы. Қазір Малазия, Жапония, Арабия сияқты шетелдіктер де аттай қалап, сұраныс білдіруде. Атпал азамат этноауыл ашуды жоспарлаған. Қазір қарамағандағы 1000 түйе, 3000 қой, 1000 жылқы, 400-ге жеткен сиыр, одан алынатын өнімдер халықтың тұтыну қажеттігін өтеумен қатар, жергілікті тұрғындарды тиісті жұмыс орындарымен де қамтуда.

   Қазақстан Республикасының демографиялық жағдайының тұрақтандырылып  және жақсаруы ең біріншіден - халық санының қарқынды өсуіне, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтып қамтамасыз етілуіне, әлеуметтік – экономикалық жетілдіруіне және шетелдегі отандастарымыздың еліне келіп орналасуына негізделгені айдан анық.

   Шетелдегі бүгінгі қазақ осыдан он жыл бұрынғы  қазақ емес, тіпті бес жыл бұрынғы  да қазақ емес -  басқа қазақ. Ол – ұлт ретінде қалыптасқан, өзінің ұлттық мүддесіне берік, ең бастысы, Қазақстан десе ішкен асын жерге  қоятын, бұдан кейінгі бүкіл болмысын тек атажұрттың қадірімен өлшейтін жанкешті қазақ.

   Осы тараудың соңғы «Агломерациядағы маятниктік миграцияның ерекшеліктері және оның әлеуметтік-экономикалық процестерге әсері» параграфында жергілікті мәліметтер бойынша маятниктік байланыстар зерттелінген. Халықтың қалаға тұрақты қатынасуы жылдан жылға қарқынды өсуде, себебі тек тұрмысы жақсарғанда емес, олардың алға қойылған талаптары, мақсаттары, білім дәрежелері өзгергендігінен, олар да өздерінің әлуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруын қажетті деп есептейді. Ауыл тұрғындарының маятниктік еңбек қозғалыстарына қатысуы халықтың арасындағы бір ерекше топтың пайда болуына жеткізеді, олар «өтпелі» өмір сүретін адамдар. Яғни, олар ауылды жерлерде тұрады, бірақ қалалы жерлерде жұмыс істейді. Олар өз өмірлерінде екі қоғамдық құрылымның әсерін сезінеді, тұрмыс-тіршіліктерінде қала мен ауылдық белгілерінің жиынтығы айқын білінеді.

     Маятниктік мигранттардың көпшілігі - ауыл шаруашылығына сәйкес емес мамандықтардың иегерлері және де олардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктері қала салтына бағытталған. Осылардың  әсерінен кейінгі жылдарда қала мен ауылды жақындату барысында экономика, мәдени даму, тұрмыс және әлеуметтік салаларында көптеген өзгерістер енгізілді. Әрине, ауыл мен қаланың арасындағы қайшылықтарды жою үшін тек бір жақты шаралар аздық етеді, ол үшін кешенді бағдарламалар қажет. Себебі ауылдан келген мигранттардың қала тіршілігіне бірден үйренісіп, өз орындарын таба алмаса, олар қаланың криминалдық жағдайын ауырлатуы мүмкін еді. Бірақ бұл әлеуметтік айқындық қалаға ұмтылған жастар легін бәсендетпегені сөзсіз, тек енді олар қалаға көшкеннен гөрі, қалада тек жұмыс істеп, ауылға күнделікті қайтып отыру мүмкіндіктерін пайдаланды. Егер Алматы және қала маңайы арасындағы маятниктік байланыстарды талдайтын болсақ, онда даму дәрежесі және бағдарлау сипатына қатысты территориялардың арасында анықталған шектеулер жүргізуге ықтимал. Сонымен қоса, маятниктік миграцияларының жиілігі олардың тұрған жерлерімен  жұмыс істейтін жерінің арақашықтығына да байланысты екені белгілі. Ал  маятниктік миграциялардың радиусы көбінде қаланың көлеміне де қатысты есептелінеді.     

Информация о работе Этнодемографиялық және миграциялық даму ерекшеліктері мен динамикасы