Оралхан ағаны аңсау

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 06 Марта 2013 в 15:11, реферат

Описание

Қазақ десе ұшы-қиыры жоқ шексіз-шетсіз дала елестер алдымен. Қобызы көзінің жасын көл етіп, халық қайғысынан сыр төксе, домбырасы көшпендінің «көрінгеннің» қолында кете бермейтін намысын қамшылар, атойлаған асқақ жігерге басар...
Жері байдың елі бай, жері шексіздің ойы түпсіз... Қарға бойлы Қазтуғанға адам таппас теңеу айтқызған, нәресте табиғаттың тарыдай мінсіз сұлулығын жоқтатқан Дала!..
Көзін ашып, көкірегін керіп дүниеге данышпан Абайды әкелген Дала!..

Работа состоит из  1 файл

Оралхан ағаны аңсау.doc

— 53.00 Кб (Скачать документ)

                                   Оралхан ағаны аңсау

      Қазақ десе ұшы-қиыры жоқ шексіз-шетсіз дала елестер алдымен. Қобызы көзінің жасын көл етіп, халық қайғысынан сыр төксе, домбырасы көшпендінің «көрінгеннің» қолында кете бермейтін намысын қамшылар, атойлаған асқақ жігерге басар...

     Жері  байдың елі бай, жері шексіздің ойы түпсіз... Қарға бойлы Қазтуғанға адам таппас теңеу айтқызған, нәресте табиғаттың тарыдай мінсіз сұлулығын жоқтатқан Дала!..

     Көзін  ашып, көкірегін керіп дүниеге  данышпан Абайды әкелген Дала!..

    Қазақтың  бірде бағы, бірде  соры боп  көрінетін осынау ұлы даланың Күншығысы тым биіктеп барып біткені де тегіннен –тегін емес-ау... Кең, мол жаратылған мейірімді Ананың көп баласының біріндей боп, сері Алтай қол созады көкке!

   Мұхтар мен Ғабиттың, Мұқағали мен Төлегеннің зері мен нұры қатар төгілген ойлы сөзін таңдайға басқан қазақ зерделісі кенет... Шығыстан... атқан таңдай жарқ еткен сәулесі өткір бір жұлдызға ә дегенде тіктеп қарай алмаған. Жаңаның бәрі алғашқыда тосын көрінері, жалпыға бірдей түсінікті бола бермейтіні рас қой.

   Ақ түйенің  қарны жарылып, әуелгі дархан  далаға аунап түскендей әсер қалдырған сол жарық жұлдыз - Оралхан еді.

   Маған  балаң кезімде  ақберен ақын  Төлеген Айбергеновтың: «Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап»,-дегені қандай аян болса, «Ойлауың мүмкін, дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап»,-дегені сондай бұлыңғыр  еді. Өйткені мен бауырынан оянған тау үнемі сәндене құлпырып,  жамырай жұтынып, сиқыр сұлулығымен баурай тартып тұратын. Тау баласының жанары  ақ бас шыңдарды кезбей, ақ мамық бұлтқа шыланбай тұра алмас еді...

    Кейін  байқасам, сол таулардың мелшие  қарап, кәдімгі қара тасқа айналатын  сәттері де туады екен... Мен ойлаймын: тас қаптаған дүниені көргені – қаламгердің жалғыз сәтке өлгені.

   Оралхан  аға, сіздің сондай сәттеріңіз тым аз, немесе тіпті болмаған да шығар-ау! «Оралханның тауға қарап күбірлеп тұрғанын талай көрдік» ,- дейді біздің ауылдың адамдары. Тауға қарап сырласқаның көпті көрген абыз емес, кәрі Алтайдың өзі екенін біреу түсінсе, біреу түсінбеген-ді.

   Сіздің  арыздасқаныңыз ел мұңы мен жер жайын ең соңынан ойлайтын әкім емес, қабағы жазылмайтын құз болғаны қандай жұмбақ?!

   Сізді  кейіпкерлеріңіздің қабат-қабат ойымен емес,  атақ-даңқыңыз жазылған қағаздың бойымен өлшейтіндер қадіріңізге әлі де жетіп болған жоқ-ау осы?..  

     Мен  Сізді алғаш рет Шыңғыстай мектебінде оқып жүрген кезімде, кездесуде көрдім. Ол кезде атағыңыз шыққан үлкен жазушысыз. Көмірдей толқынды қара шашыңызды артқа қайырып тастап,  хас өнерпазға біткен ерен даусыңызбен Бейімбетті оқыдыңыз. «Өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді –ау!» Сонда сіздің онсыз да шешен жаратылған болмысыңыз көркем сөздің ғажайып сиқырына балқып, әрі балқытып жөнеле берген. Қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде тоқтаусыз өтіп жататын «Оралхан оқулары» мәнерлеп оқу дәстүрі- Сіз зерлеген сөз мәйегінің мәңгілік шымырлап ағатын қайнары секілденеді маған.

    Біздің  ҚазМУ-де оқыған көгөрім шағымызда, сіздің есіміңіз Алматыны кернеп тұрды. Еңбектеріңіз сиясы кеппей кітап боп шығып, шет тілдеріне аударылып жатты.Үлкендер жағы үрке қарап, жастар түгелдей Сізді оқитын, аңсап, сағына қауышқан бір шақ туған-ды.

    Сізге  сәлем беріп, өлеңдерімді ала  барғанымда: «Поэзия бөлімінде Ғафу  Қайырбеков істейді, бұларды сол кісіге берейін»,- деп алып қалдыңыз. Жүзіңізде көп өлеңшінің бірі шығар деген күдік те жоқ емес еді. Осыдан бір апта өткен соң, мен сізді аэропортта кездестірдім.  Әдеттегідей сәнді киініп, алыс сапарға аттанғалы тұр екенсіз. Мені көріп жадырай: «Бақытжан, сені Ғафу ағаң мақтап жатыр ғой, ол кісіге жолық. Жақсы жазады екенсің, тоқтама!»-дедіңіз. Сөйтіп мен де «Алматы таныған» ақын   атана бастадым.

    Ол  кезде  ақын-жазушылармен кездесу  жиі өтетін. Сіздің физика факультеті  студенттерімен кездесуіңіз есімде қалыпты. Журналистер мен әдебиетшілерді он орап алатын  біліктілік пен білімділік танытқан физика ғылымының  сайыпқырандарына сіз ерекше тәнті болдыңыз. Сіз сияқты қара сөзден дария ағызған өзгеше ойлы жазушының айтарын қапысыз танып, өрелі сұрақ қоя білген «әдебиетші емес» студенттерге  шынымен таң қалғаныңыз әлі есімде. Сол күнгі шабытыңыздың шалқуында шек жоқ еді. Әдебиет пен өнер жайындағы парасат-пайымыңызға, жасындай жарқылдаған өткір де өрелі әңгімеңізге жас құрақты сілтідей тындырып, тәнті еткенсіз. «Ертеңненен шапса төске озған...» қайран, ақтаңгер аға!

    Маған  өзі де ұлы даланың даңқын  Алтайдай асқар биікке көтерген  Оралхан аға аңызға бергісіз ана дүниеге тектен-текке асығып кетпеген сияқты болады да тұрады...

 

 

Раисова Бақытжан,

ақын, Жазушылар Одағының мүшесі

Өскемен қаласы

 

 

 

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алтайдан ұшқан  мұзбалақ

Қазақ әдебиетінің  кер Бұғысы атанған Оралхан Бөкей- ХХ ғасырдың ең талантты жазушыларының бірі. Оралхан Бөкейге дейін Өр Алтайдан шығып,  қасиетті сөз өнеріне тың жосын әкелген, өзгеше оқшау ойларымен әлемдік әдебиет айдынына құлаш ұрған қаламгер жоқ еді. Отаршылдық ойыны қанғанша ойран салған, соның кесірінен ауылдары Урыль, Черновая, Березовка, Фадиха, Фыкалка, Медведка, Парк, Коробиха, тіпті аудан орталығының өзі Катон атанып кеткен өлкеден осындай өрен жүйріктің дүниеге келуі- халық рухының «өлместің суын ішкен» өміршеңдігін айдай әлемге паш етті.

Ежелгі Отыкен жерінде қаптай қоныстанған өзге ұлт өкілдері 50-70 жылдар аралығында  «жайлы жер» іздеп көше бастады. Тілі мен ділі шұбарланбай аман қалған негізінен, Шыңғыстай, Топқайың, Жұлдыз, Еңбек (Таңба), Аршаты, Жамбыл, Берел ауылдары еді. Оралханның ана тілінің уызына жарыған тал бесігі неге өзеннің ар жағындағы Черновая емес, қара жолының шаңы шыққан Шыңғыстай ауылы болғандығы оқырманға онсыз да түсінікті болар деп ойлаймын. Міне, тап сондай ауылдардан осы күндегі қазақ әдебиетінің маңдайалды жазушылары, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханұлы  сияқты дарындылар самғап ұшты.

Қалай десек  те, Оралхан Бөкейдің жаны да жазғаны  да «айналайын» Алтайдың  табиғатынан. Адамшылықтың  мөлдір бастаулары-тау  бауырын тесіп шығып, шапқылай аққан  сансыз бұлақтардан басталған. Көз  қарықтырар аппақ сіреуке қардан таза не бар дейсің бұл пәниде?!  Мұнда аспан да елден ерек... көгілдір. Әр ауылдың іргесінен қара жердің жүрегін қарс айырып жарып шыққан тұма, көлшіктер көз жасындай мүбәрак... Міне, осылайша, бас айналар сұлулықтың жәудіреген кірпияз пәктігі сүлей суреткердің жүрегінде... Қар қызын оятқан!.. Қар қызы- адамдардың тазалық пен еркіндікке деген мәңгілік аңсары. Иә, Қар қызы не деп еді: «... Жер-Ананы бір рет мәңгілікке мұз басқан, бірақ әлдеқалай сиқырлы күш қайтадан жылытты. Енді біз басқа қатерді байқамай келеміз. Қазір жан-жүрегімізді, мейірім-махаббатымызды мұз құрсаулаған кезең туып келеді, цивилизация бұған дейін бастан кешпеген сұмдық мұз дәуірі болады бұл. Егерде адам баласы бірін-бірі түсініп ұғуға,бірін-бірі аялауға, сүйе білуге ұмтылмаса, соның бір жолдарын таппаса, адамзат жойылады, құрып бітеді, апатқа ұшырайды...»

Әрине, солай дейді. Ол өзі де қатыгездік пен ашкөздіктің кесірінен қарлы мұзға айналған.

     Алтайды алғаусыз көңілмен, тым-тым ыстық перзенттік сағынышпен  жырлай білген Оралхан өзі де бірте-бірте  осы бір күн сүйген алып таудың символына айналды. Кез-келген қазақ баласы шырайлы Шығысты Оралхан шығармаларынсыз елестете алмайтын күнге жетті. «Апырм-ай, сіз шынымен-ақ Оралхан жазған Алтайдансыз ба?»- деп құшақ жаятынды шығарды. Осы күнде Атырау,  Арқа, Алатаудан сабылған жұрт  киелі Катонқарағай жеріне ат басын тіреп, көне түркілік  атамекеніне тәу ететін болды. Келгендер аңсап жетіп, қимай қоштасады екен, Тәңіріден тағы да бір мәрте оралуды сұрайды екен. Енді ше, Орекеңнің өзі жазып кеткен жер жұмағы ғой бұл мекен?!

«Егер Сіз осынау таңғажайып өлкеге – табиғаттың арда төлі атақты Алтайға бармасаңыз, барсаңыз да, оның: Күн Шығыстың бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін, ат омыраулап жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кең жайлауын, кер марал кербез елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын, татсаң таңдайда қалар балы мен ақ балтыр ару қайың, қайсар қарағайын – ие, ие осылардың қадір-қасиетін түсініп, сезіміңізді селк еткізе алмасаңыз, әсіресе айналайын адамдарының құдіретті қолынан туындаған жанартаулар мен жаңғыртуларды зерделей алмасаңыз, онда тыңдаңыз ...»

Оралхан - туған жерінің тылсым табиғатын  мың сан бояулы сөз құдіретімен  зерледі, зерден зерде туды. Атам заманда  ел санасынан өше бастаған Мұзтаудың  атын қайтарды. Мұзтау- тек айбарлы әсем тау емес, тұнып тұрған тарих екен!.. «Мұзтау» хикаятын оқыған әр қазақтың бүйрегі бүлк етті. Бұл шығарма тіпті де тектен-текке жазыла салмағанын ұқты. Бұл берісін айтқанда, әлі Тәуелсіздігін ала алмаған қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр тартып,   жоғын түгендеуге бет алғандығынан хабар берер тұңғыш туынды еді. Алтайдың еркіндік аңсаған кер Бұғысы – мыңдаған жылдар бойғы бодандықтың бұғауын үзуде санада төңкеріс жасаған Бас кейіпкер екендігін Марат Қабанбайдан асырып айту мүмкін емес: «... Өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..»

Оралхан шығармаларының ұлылығы да, мәңгілігі де асқар Алтайдан арна тартқаны хақ.    

Бақытжан  Раисова         

 

       

 

ОРАЛХАН АҒАҒА  АҚ ӨЛЕҢ

 

Сенің атың қап-қар  сызықтармен қоршалып,

Дүниеден өткеніңді  әйгілейді жар салып.

Қыз Жібектің тойына

Төлегеннің  ер-тоқымсыз аты келген сияқты,

Аға, сенің орныңа

Суық хабар  келді де,

Ел-жұртыңды жылатты.

Қаратайдың  еліне

Ардағына тірісінде  сый көрсету бұйырмаған секілді.

 

Азаматтар қайғыдан

қабырғасы қайысты  да,

өкінді.

Жоқтау айтып, ән салады шағылдар,

Кең дүние бір-ақ күнде тарылған.

Бұқтырманың кім  басады солығын?!

Шашын жайып  қызарады долы күн ...

Туған ұлың өлді десе, кім тоқтар,

Туған елден,

Туған жерден

асып ұлын кім  жоқтар?!

Сен жасаған  бейнелер де өзіміздей бір түрлі

қатал, сұлу, пәк  тіптен,

Жұмсартқысы келгендерді

мойындамай  кеттің солай мәрттікпен.

Сен тауларға,

таулар саған  қарайтын,

Таудан жұмбақ, жылы сәуле тарайтын.

Сол сәуледен жұлдыз жасап, жарқыраттың маңайды,

Саған енді сөнбейтін  жұлдыздарша қарайды!

 

 

Раисова Бақытжан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       

 

   


Информация о работе Оралхан ағаны аңсау