Әбілқайыр туралы ақиақт

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Марта 2012 в 23:32, реферат

Описание

Кеңес заманында көп айтылған жалған тарихтың бірі «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» болатын. Сексенінші жылдардың басында бұл әңгіменің үдеп кеткені соншалық, ақыры «өз еркімен қосылудың» екі жүз елу жылдығы Алматыда дүбірлетіп атап өтілді. Жалпы «өз еркімен қосылды» деген жорамал қағиданың өзі де сол кезде қалыптасып еді. Осы дақпырттың шындықтан алыс екенін екінің бірі білетін, алайда баспасөз бетінде ашық пікір білдіру мүмкін емес еді

Работа состоит из  1 файл

Самат ӨТЕНИЯЗОВ.doc

— 94.00 Кб (Скачать документ)

1709 жылы қазақ жігіттері Сызранға бара жатқан орыс-казак керуенін талады. 1711 жылы қазақтардың он алты мың әскері Текеге (Орал) астық алып бара жатқан орыс-казактардың керуенін талқандады, үш жүз жауынгерін тұтқынға алып, Хиуаға апарып құлдыққа сатты. 1713 жылы сегіз жүз жігіттен тұратын қазақ жасағы казак-орыстардың Самараға балық апара жатқан керуеніне шабуыл жасап, жауынгерлерін түгел қырып салды. 1714-16 жылдары қазақ жігіттері казак-орыс отрядтарына әлденеше рет соққы берді. 1718 жылы қазақтар мен қарақалпақтардың жиырма мың әскері Теке қаласын қоршады. Ресеймен, яғни Самара жолымен қатынасын үзген бұл қала бір айдай қоршауда тұрды. Келесі жылдың шілдесінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр жиырма мың әскермен келіп, Теке қаласын тағы қоршады. Осынау көп адам қырылған шайқаста Теке қазақтардың қолына өтуі де әбден мүмкін еді. Алайда күз түсісімен Әбілқайыр қаланы қалдырып, Еділ қалмақтарына, яғни казак отрядтарының одақтастарына шабуыл жасады.

1720 жылдың қыркүйегінде Самара өзені бойында қазақ әскері мен орыс-казактардың арасында қанды шайқас болды. Тұтқынға түскен елу қазақ жігітін өлтіріп, «ерлік жасағаны үшін» атаман Никита Бородин Ресей патшасы I Петрдің мақтау грамотасымен марапатталды. Келесі жылы казак-орыстар мен атаман Балмашнов басқарған қалмақтар тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындар мен мал айдап әкетті.

Қарымта қайтару үшін үш жүз қазақ сарбазы 1722 жылдың қаңтар айында орыстардың Шаған өзені жанындағы қысқы станциасына шабуыл жасап, жетпіс казак-орысты тұтқындады, ақпан айында Теке қаласы жанындағы жылқыларын айдап әкетіп, оларды түгелдей жаяу қалдырды. Сондықтан Орал казачьи войскосы I Петрдің Парсы жорығына қатыса алмай қалды.

1723 жылы шығыстан жоңғарлар қысып, қазақ елінің басына ауыр күн туғанда, яғни «Ақтабан шұбырынды» басталғанда батыстан шабуыл жасауға дайын отырған Еділ қалмақтарына Әбілқайыр қолы қапыда тиіп, көп адамын қырып жіберді. Сол ұрыста (1724) олардың ханы Аюке қаза болды.

1723-24 жылдары Теке қаласына Әбілқайыр бірнеше рет шүйілді. Сол кезде қазақ әскері орыс-казактар мен қалмақтардың мұздай қаруланған отрядтарымен Утва, Самара, Шаған өзендері бойында талай рет бетпе-бет келіп, қырғын шайқастар болды. Иван Тимофеев, Иван Логинов, Никита Бородин бастаған казак-орыс отрядтары көп шығынға ұшырады. Казак-орыстардан жүз жетпіс адам өлді, көп адам жараланып, бірнеше жауынгері тұтқындалды. 1725 жылы тұтқындар алмастырылды.

1726 жылы билер кеңесінде Әбілқайыр қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланды. Қазақтың үш жүзінің әскерін бастап, жоңғарлармен шайқасты. 1728 жылғы Бұланты өзенінің жағасындағы, 1729 жылғы Аңырақайдағы жоңғарларды талқандаған айқастарда оның қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді.

Әбілқайыр Хиуа ханының тағына талай рет өз балалары мен ағасының балаларын отырғызды. Ресей басшылары Әбілқайыр тірі тұрғанда Қазақ елін отарлай алмайтын болған соң, оны өлтіруді ұзақ жылдар бойы ұйымдастырды. Ресейдің осы арам пиғылын орындауға қазақ сұлтандарының бірі Барақ сатылды. Ол Әбілқайырды Қабырға өзенінің Өлкейекке құятын жерінде қапыда қарақшылықпен өлтірді. Өмір бойы шайқас үстінде өткен Әбілқайыр өзінің «Қайда қаза болсам, сонда жерлеңдер» деген өсиеті бойынша сол жерге жерленді. «Хан моласы» деп аталатын осынау киелі орын Торғай қаласынан сексен шақырым жерде, Ақтөбе облысының аумағында екені белгілі.

Әбілқайыр — берідегі қазақ хандарының ішінде Ресеймен өмір бойы соғысқан жалғыз хан. Оның өмірін, қазақ халқына сіңірген қызметін жақсы танып-білу үшін, Орта жүздің 1771-81 жылдардағы ханы Абылаймен салыстырып қарауға болады. Абылай 1711 жылы туған, яғни Әбілқайырдың үлкен баласы Нұралымен құрдас. Ресей әкімдері 1738 жылы «Кіші жүз ханы Әбілқайыр патшаға бодан болуға ант берді» деп және оған елу алты адам қол қойды деп қолдан жалған құжат жасады. 1740 жылы Орта жүз өз еркімен қосылды деп дәл сондай құжат жасатты. Осынау ант беруге Ор қаласына Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келді. Сол жиырма сегізінші тамыз күні Абылай берген антта: «Я, Абылай султан, киргиз-кайсацкой Средней орды, пришел и предстоя пред позлаченною е, и. в. Персоною, и видя сенъ богом освещенного е. и в. лица умом моим к высокомонаршеским е. и. в. Стопам припадаю и всенижайше прошу: да принят буду с подвластными своими людъми в непобедимое засчищение высчайшей е. и. в. милости и в число совершенных и истинных е. и. в. подданных, за которую высочайшую милость долженствую не точию я один, но и со всеми моими верным и истинным е. и. в. рабом вечно пребыватъ» деп жазылған. Мұның растығына қазір ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл туралы белгілі зерттеуші В.А.Мойсеевтің: «Имеющееся в нашем распоряжении источники прямо не отвечает на вопрос о причинах, побудивших Аблая и Абулмамбета признатъ себя подданными российской короны» деп жазғанына қарағанда, бұның да жалған құжат болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Біріншіден, Абылай ол кезде жиырма тоғыздағы жас жігіт. Оның қол астында ешқандай ел жоқ еді. Шын мәнінде 1771 жылы Орта жүз ханы болып сайланғанға дейін оған бағынған қазақ рулары болған жоқ. Ол Әбілқайыр сияқты Ресеймен ешқашан соғысқан жоқ, соғысатын ешқандай себеп те болған жоқ, Орыс елімен қашан да достық қатынас жасады.

Тарихи зерттеулерде Абылай туралы көп шындық айтылғанмен, бірқатар әдеби кітаптар мен мақалаларда оны асыра мақтаған мәліметтер келтіріледі. Мысалы, оның үш жүздің ханы болғаны жиі айтылады. Әрине, бұл шындыққа сай келмейді. Орта жүзге оны хан қойған патша үкіметі екенін қалай ұмытамыз?! Патша үкіметімен жақсы қатынаста болғаны үшін аз көмек алған жоқ. Айталық, 1742 жылы Абылай жоңғарлардың тұтқынына түскенде, оны босатып алған патша үкіметі болатын. Қазақ батырлары мен билерінің өтінішін құлаққа қыстырмаған Жоңғар басшылары патша үкіметі өтінгенде Абылайды дереу босатты. Бұл жағдай Жоңғар мемлекеті мен Ресейдің Қазақ еліне шабуыл жасауда көптен одақтас екенін көрсетеді және бұлтартпас дәлел бола алады. К.Миллер басқарған Ресей елшілігі Ғалдан Серенге барып, Абылайды босатты. Абылай Әбілмәмбетке: «Мені босату үшін сен де және басқа қазақтар да ештеңе жасаған жоқсыңдар» деп үлкен өкпесін айтып хат жіберді. Бұл 1743 жылдың көктемі болатын.

1740 жылдың тамыз айында Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанның Ресейге ант берген оқиғасына қайта оралайық. Орта жүз ханы мен Абылай сұлтанға көп құрмет көрсеткен осы салтанатты жиналысқа Кіші жүз ханы Әбілқайыр келген жоқ, бірақ екі баласы Нұралы мен Ералыны жіберді. Сол тарихи кездесуде Әбілмәмбет пен Абылай қазақ даласында бой тасалап жүрген башқұрт көтерілісінің басшысы Қарасақалды Ресейге ұстап беруге уәде етті. Осы және басқа мәселелерге өкпелеген Әбілқайыр балалары кетіп қалды. Бұл туралы В.А.Мойсеевтің: «Встреча феодальной знати Младшего и Среднего жузов с царскими властями была омрачена неожиданным отъездом сыновей Абулхаира. Причиной этого явились ссора их с Абулмамбетом и Аблаем и полученные о отца известия о вторжении в казахские кочевъя волжских калмыков» деп жазғанына қарағанда, Кіші жүздің Ресейге ешқандай бодан болмағаны, осыдан екі жыл бұрынғы (1738 ж.) ант берді деп жалған құжат жасағаны көрініп-ақ тұрған жоқ па? Егер Кіші жүз Ресей құрамына кірген болса, онда оларға итаршы болып жүрген қалмақтар кенеттен шабуыл жасамаған болар еді. Және сол 1740 жылдың күзінде шығыстан Жоңғар шабуылы басталды. Бұл жағдайға да Ресейдің қатысы бары даусыз.

Осы оқиғаға қатысты тағы бір деректі келтірейін. Дәл сол Әбілмәмбет пен Абылайды қабылдаған күні патша өкіметі тарапынан үлкен бір жауыздық көрсетілді. Орынбор өлкесінің бастығы Урусовтың бұйрығымен көтеріліске қатысқан башқұрттарды Орта жүзден барған қазақтардың алдында азаптап өлтірді. Әрине, бұл қазақтарды қорқыту еді. Осынау масқара оқиға туралы нақты деректерде былай жазылған: «Пятерых посадили на железные колъя, 21—отрубили головы, 11—повесили за ребро на железных крюках, 85 человек были повешены. В другой раз 300 башкирцам отрезали носы и уши, а жен и детей раздали служилым людям..».

Туысқан башқұрт халқына жасап жатқан Ресейдің осындай зұлымдығы мен хайуандығын көрген қазақ төрелері бейжай қалуы мүмкін емес еді. Әрине, Әбілқайыр балаларының кетіп қалуына себеп болған жағдайдың бірі осы. Сондай араздықта болған Әбілқайырдың  Ресейге бодан болуы еш ақылға сыймайтын жәйт емес пе?

Ресей басшылары 1743 жылы Абылайды жоңғарлардан босатқанмен, Қазақ еліне олардың жаңа шабуылын ұйымдастырды. Ал жоңғарлар да, Еділ қалмақтары да Ресейдің рұқсатынсыз қазақ еліне шабуыл жасамайтыны белгілі. Сонда Орта жүздің Ресейге бодан болғаны да жалған емес пе?

1742 жылдың басында Орынборға И.И.Неплюев келгеннен кейін Әбілқайыр хан мен Ресей арасындағы жағдай бұрынғыдан да шиеленісіп кетті. Әбілқайыр патша өкіметімен достық жағдайды орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда Неплюев оны ақтамады. Мысалы, 1744 жылы Әбілқайыр патша өкіметінен жақсылық бола ма деп, орыстардың отыз тұтқынын қайтып берді. Жалпы, 1742-48 жылдары Әбілқайыр орыстардың тұтқынға түскен 1182 солдатын босатты. Дегенмен, Неплюев тарапынан қазақтарға және Әбілқайырға жасалған қиянаттар толастамады. Әбілқайырды өлтіруге Барақ пен Күшік сұлтандар таңдап алынды. Олар қол астындағы азғантай елмен Ресейге бодан болу үшін 1735 жылы Орынбор басшысына ресми хат жазды. Бұл Неплюев үшін аспаннан іздегені жерден табылғандай сәттілік еді. 1742 жылдың күзінде оларға үлкен құрмет көрсетіп, Ресейге бодан қылды. Олардың негізгі міндеті Әбілқайырды өлтіру болды. Сол күннен бастап Күшік пен Барақ сұлтандар әртүрлі сылтаулармен Әбілқайыр ханға тиісе бастады. Әрине, барлық жанжал Неплюев тарапынан ұйымдастырылды. Казак отрядтары мен қалмақтардың қазақ жеріне шабуылы да көбейіп кетті. Әбілқайыр хан да оларға тойтарыс беруден қайтпады. Үлкен қақтығыстардың ішінде 1746-47 жылдардағы шайқастарды ерекше атауға болады.

1746 жылдың 13 ақпанында Әбілқайырдың 1500 жігіті Гурьевке жақын жердегі «Яйцкой форпостың» маңында Жайық пен Еділдің арасындағы қалмақтарға жойқын соққы  берді. Сондай-ақ орыстардың, яғни казактардың көптеген кенттері талқандалды. Әбілқайырдың осы шабуылында жетпіс бес қалмақ өлді, алты жүз отыз сегіз орыс пен қалмақ тұтқындалды. Сол тұтқынға түскендердің ішінде орыс көпестері А.Ганюшкин, И.Ветлугин және казак отряды басшыларының бірі А.Версин және басқалары болды. Сондай-ақ қалмақтардың бірнеше үйір жылқысын айдап әкетті.

1747  жылдың қаңтар айында бес жүз қазақ жігітінен құрылған әскер Еділ өзеніне дейін барып, қалмақ ауылдарын талқандады. Казак отрядтары мұқият дайындықта отырғандықтан шайқас ауыр болды. Екі жақтан да көп адам қаза тапты. Әбілқайыр елу жігітінен айрылды.

Осылай Ресей мен Әбілқайыр арасындағы қақтығыстар тоқтамады. Орынбор басшылары ханды тез өлтіру мақсатында Барақ сұлтанға көп үміт артып, оған жәрдемін аяған жоқ. Неплюев және оның итаршылары Күшік пен Барақ сұлтандар арманына жетіп, 1748 жылы Әбілқайыр қаза тапты. Содан кейін барып патша өкіметі жоғарыда айтылған жалған құжаттарды пайдаланып, Кіші жүздің ішкі ісіне араласа бастады. Қысқаша айтқанда, Қазақстанның Ресейге қосылу тарихына жалпы шолу жасасақ осындай бұлтартпайтын деректерге көз жеткіземіз.

Ал XIX ғасырдағы Қазақстанның оңтүстік бөлігінің Ресейге қосылу процесі басқаша болды. Мысалы, қырғыздардың бір бөлігі мен Ұлы жүздің біраз рулары Ресейдің қол астында болуға мүдделі еді. Өйткені, Қоқан езгісінен гөрі Ресей саясаты көп жұмсақ болатын. 1747 жылы Қырғыздың Сарыбағыш руынан басқасы Ресейге өз еркімен кірді. Қазақтардың көп бөлігі де солай істеді. Түркістан, Ташкент үшін қорғаныс кезінде қала басшыларының өздері орыс әскеріне қақпаларын ашып берді. Орыстар Ташкентке көп жаңалық пен жақсылық ала келді. Мысалы, Ташкентте Шыршық өзені үстіне көпір салды. Бұған халық зәру болатын. Қоқандықтар мұндай жақсылықтар жасамады, олардың халықты тонаудан қолы босамады. Осы сияқты мысалдар толып жатыр.

Әбілқайыр Ресеймен өмір бойы соғысса да, ең үлкен арманына жете алмады. Ол — өз халқын атамекенге Еділ-Жайық бойына қоныстандыру еді.   Оның бұл арманы өзі өлгеннен кейін елу үш жылдан соң орындалды. Әбілқайыр қапыда дүниеден өткенмен, аталарымыз азаттық жолындағы соғысты тоқтатқан жоқ. ХҮІІІ ғасырдағы ең ірі ұлт-азаттық көтерілісті Сырым Датұлының басқарғаны белгілі. Соңында жеңіліс тапты дегенмен де, бұл көтерілістің тарихи маңызы ерекше. Осы қантөгістің арқасында қазақ елі Ресеймен бір ғасыр бойы жүргізілген шайқастардан кейін атамекені Еділ-Жайық өлкесіне қайта қоныстанды. Петерборда Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс ұзақ талқыланды. Кіші жүздің «бұзық» жұртын қалай тыныштандырамыз деген сұрақтың жауабы іздестірілді. «Оларға керегі не?» дегенде «керегі атамекені Еділ-Жайық бойы» екені айтылды. Патша өкіметі тағы да қитұрқы саясат ұстанды: «Біріншіден, қазақтың біраз рулары Жайықтан әрі өтсе олар бөлініп қалады, сондықтан қарулы көтеріліске шығу қиынға соғады. Екіншіден, Жайықтың бойына көптеген форпостар мен бекіністер салынды, әлі талайы салынар. Демек, Жайықтың әр жағына өткен қазақтарды қысып, жуасытып ұстауға әбден болады» — деп есептеді. Жайықтың бергі жағында Сырым батыр қозғалысының жалғасы 1825 жылға дейін созылды. Оларды басқарғандардың бірі Қаратай Нұралыұлы болса, бірі Арынғазы сұлтан еді. Ал кейін бұл қозғалыс Исатай-Махамбет көтерілісіне ұласты.

 



Информация о работе Әбілқайыр туралы ақиақт