Қазақ-жоңғар соғысы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Марта 2013 в 16:35, реферат

Описание

Жоңғарлар мен қазақтардың әскери қарым – қатынас, қақтығыстарын суреттеуге көшпес бұрын «жоңғар» атаусөзінің мағынасын аша кеткен жөн деп есептейміз. Жоңғар – ұлт емес. Бұл атау «сол жақ», «сол қанат» деген түсініктен шыққан. Бір деректерге қарағанда Шыңжан, Шығыс Түркістан аймағын Тянь-Шань таулары, дәлірек айтқанда Хан-Тәңірі ұлы шыңының өзі екі бөлікке бөледі. Егер адам Хан-Тәңірінің ұшар биігіне көтерілсе, оның сол қолы жағында «Солтүстік ойпат» - Жоңғар, оң қолы жағында «Оңтүстік ойпат» - Қашғар көсіліп жатады. «Ғар» деген сөз түркі тілінде ойпат, үңгір, шұңқыр дегенді білдіреді.

Работа состоит из  1 файл

Қазақ-жоңғар соғысы.docx

— 63.10 Кб (Скачать документ)

Жоңғарлардың  Қазақстан аумағында басқыншылық  соғыс жүргізуінің себептері

Қазақ хандығының аумағы Жоңғария билеушілерін бұрыннан қатты қызықтыратын. Оның себебі, біріншіден, Жетісу мен Сырдария өңірін басып алатын болсақ, онда Жоңғарияны Ресей мемлекетімен, Сібірмен, Орта Азия хандықтарымен байланыстыратын аса маңызды сауда жолдарының торабын өз бақылауымызда ұстаймыз, одан әрі Ауғанстанға, Иран мен Закавказьеге жол ашылатын болады деп үміттенді. Екіншіден, Қазақстанды жаулап алсақ, өз хандығымыздың солтүстіктегі шекарасын әлдеқайда нығайтамыз, бағынған халықтан қосымша алым-салық алып тұрамыз деп ойлады. Үіиіншіден, басқыншыларды қазақтың кең-байтақ даласындағы шұрайлы мал жайылымы мен Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік- шығысындағы сауда-қолөнер орталықтары қызықтырды. Төртіншіден, Қазақстан аумағын жаулап алу жоңғарлардың Еділ мен Жайық аралығында көшіп-қонып жүрген қандас тайпалары құба қалмақтарымен кедергісіз тікелей байланыс орнатып, қарым-қатынас жасауына жағдай туғызатын еді. Ақыр соңында, бесіншіден, Жоңғар мемлекетінің қазақтарды кұл етіп ұстаудың мол мүмкіндігіне ие боламыз деп дәмеленді. Жоңғарлардың Қазақ хандығына қарсы басқыншылық соғысты күшейте түсуінің, міне, осындай себептері болды.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

XVIII ғасырдың 20- жылдарының  бас кезінде жоңғарлардың Қазақстан  аумағына кезекті ірі жорық  жасауына қолайлы жағдай қалыптасты. 1722 жылы жоңғарлармен ұзақ уақыт  бойы соғыс жүргізіп келген  Қытай императоры (боғдыханы) Канси қайтыс болды. Сөйтіп қалмақтардың Қытаймен бейбіт келісім жасасуға колы жетті. Жоңғар хандығының шығыс шекарасы ендігі жерде қауіпсіз болды. . Ертіс бойында жақында ғана бой көтерген әскери бекініс желісін нығайтумен әуре болып жатқан Ресей Жоңғар мемлекетіне бәлендей қауіп төндіре алмайтын еді. Оның үстіне, Ресей көрші жатқан екі көшпелі мемлекеттің өзара қарым-қатынасына байланысты бейтарап саясат ұстауға тырысты.Қазақ мемлекетінің де, Жоңғар хандығының да өзара шайқаста әбден әлсіреп, қансырағанын күтті. Өйткені оған осылай болғаны тиімді еді. 
1723 жылдың көктемінде алдағы болатын жойқын соғысқа мықтап әзірленген, әрі қазақ хандықтарының алтыбақан алауыз болып ыдырап бара жатқанын пайдалана қойған Цеван-Рабтан өз әскерінің қалың қолын Қазақстанға қарай аттандырды. Жау жеті бағытта шабуылға шықты. Жоңғар шапқыншылығының алғашкы соққысына ұшыраған Жетісу мен Ертіс бойының қазақтары болды. Жоңғарлар ауылдарды өртеді. Малды айдап әкетті, бейбіт халықты қара шыбындай қырып салды. Өйткені жоңғарлардың шабуылы күтпеген жерден бірден төтенше басталған болатын. Сондықтан да амалы қалмаған Қазақтар малына да, үй-жайларына да, дүние-мүліктеріне де қарай алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. 
Жау әскерлерінің сан жағынан тым басым болғанына қарамай, қазақ жауынгерлері кескілескен ұрыс салып, қатты қарсылық көрсетті. Жау қолына ешкімнің де берілгісі келмеді. Әр қазақ өзімнің туған жерімді, туған-туыстарым мен жақындарымды жауыз дұшпаннан қорғауға міндеттімін деп ұқты. Қазақ жауынгерлері шегіне түсіп, қорғаныс соғыстарын жүргізді. Олар әйелдерді, балаларды, карттарды жаудың өкшелеп қууынан құтқару үшін қырғын соғыс салды. Ташкент қаласының тұрғындары қазақ әскери жасақтарының басшылығымен қаланы жаудан бір ай бойы дерлік қорғады. Жоңғарлар Ташкенттен кейін Сайрам, Түркістан сияқты басқа да қалаларды басып алды. Жаудың жойқын соғыс қимылдарын жүргізуі нәтижесінде Қазақстанның шөлді және таулы аймақтарынан өзге бүкіл аумағы іс жүзінде жоңғарлардың қолына қарады. Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанның батысындағы алыс аймақтар ғана аман қалды. 
Бұл кезең (1723-1727 жылдар) қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен аталады. Оның қазақ халқына тигізген зардабы — қайғы-қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте-мөте ауыр болды. Мың-мындаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мындаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады, мал-мүлік талан-таражға түсті, бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар қырғыннан аман қалу үшін елдің батыс аймақтарына қарай жылжып, Жайық бойына дейін жетті. Қазақтардың жаппай қоныс аударуы Ресей империясын және оның қол астындағыларды - башқұрттар мен қалмақтарды едәуір мазасыздандырды. Патша үкіметі өзіне бодан болған халықтарды қорғау үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдады: шекара күзеті күшейтілді, Орал аймағында жаңадан әскери бекіністер салу шаралары қолға алынды. Қазақтардың едәуір бөлігі Орта Азия мемлекетінің аумағына қарай ойысты. Мәселен, Сырдария өзенінен өтіп кеткен Орта жүз руларын 
ың көпшілігі Самарқанд қаласының төңірегіне, ал Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарына көшіп кетті. Қазақтар басынан кешірген сол бір орасан ауыр қайғы-қасіреттің символы «Елім-ай» атты зарлы жыр болды. Оның мәтіні мен әуенін ақын, әрі жауынгер Қожаберген жырау шығарған деп те айтылады: Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман! Қарындас пен кара орман қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын. 
Жоңғар шабуылының өрт-жалыны өзбектерді де, қырғыздарды да, қарақалпақтарды да шарпығанымен ең ауыр соққы қазақтарға берілді.

Қазақтардың жеңілу себептері

Қазақтардың жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазақ жүздері ыдырап, Қазақ хандығының басшылығында ауызбірлік қалмады. Екіншіден, жоңғарлар бұл шабуылға өте тыңғылықты әрі мұқият әзірленген еді. Оның үстіне, шабуылдың басталатын уақыты Қазақ ауылдарының бір-бірінен алыс, қыстаудан көктеуге көшіп шығар абыр-сабыр кез болатын. Үшіншіден, 1723 жылы қазақтар қатты жұтқа ұшыраған-ды. Жорыққа мінетін жөні түзу ат жетіспеді. Төртіншіден, аймақта қалыптасқан осындай гео-саяси жағдайды қалмақтар дұрыс әрі мұқият ескере білді. Қытаймен бейбіт келісім жасасты. Таяуда ғана аяқталған орыс-швед соғысынан кейін әлі ес жиып үлгере алмаған Ресейдің күрделі жағдайы да еске алынды. Бесіншіден, шабуылдың күтпеген жерден, түтқиылдан жасалу факторы да қазақтарға қолайсыз әсер етті. Ақыр соңында, алтыншыдан, жоңғарлар жақсы қаруланған болатын, әрі соғыс қимылдарын қалай жүргізудің мол тәжірибесіне де қанық еді.

Жоңғар агрессиясының  салдарлары

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ қоғамына тигізген зардабы орасан зор болды. Далалықтардың көші-қон бағдарламаларының быт-шыты шықты. Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетісудағы және Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бір кезде гүлденіп тұратын жасыл жазиралар енді қараусыз қаңырап бос жатты. Көршілес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзіліп қалды. 
Бірақ ең ауыр азапты қайғы-қасірет туған-туыстар мен жақын жандардың қазасы болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға үшыраған. Енді бір бөлігі құлдыққа сатылып кеткен. Халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшін қайыңның сөлін ішкен. «Қайың сауған» деген сөз содан қалған. Тірі қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым-салық төлеп тұрған. Қазақ хандығының халқы елдің әр түрлі алыс аймақтарына, тіпті шекаралас жатқан шет мемлекеттерге де тарап, босып кетті. Қазақтардың батысқа қарай жаппай ағылуы қарақалпақтармен, түрікмендермен, өзбектермен, башқұрттармен және қалмақтармен жерге таласқан дау-дамайларға алып барды. Қазақтардың Орал Қазақтарымен де, Батыс Сібірден орыстармен де өзара қарым-қатынастарын шиеленістіріп жіберді. Міне, мұның бәрі әбден әлсіреп, қожыраған Қазақ хандығын Ресей империясының оңай олжа ретінде отарлап алуымен аяқталды.[2]

Қазақ халқының күш біріктіре бастауы

Жоңғар шабуылының салдарынан қазақтардың басына түскен аса ауыр жағдай оларды қалайда күш біріктіруге мәжбүр етті. Осылай ету қажеттігін үш жүздің өкілдері түгел түсінді.

Жауға соққы беруді ұйымдастыру жөнінде  бастама көтерген Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол 1723 жылы 20 мың жауынгері бар жасақты бастап, жоңғарлардың қандас одақтасы Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы бірнеше жеңісті жорық жасады. Өз тылын осылайша қауіпсіз еткен ол қалың қолын бастап, Сырдария бойына қарай бет алды. 1724 жылдың көктемінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына жетіп, оны тікелей шабуылмен азат етті. Қаланы бір жыл бойы өз қолында ұстап тұрды. Бірақ жаудың еселенген көп күшінің тегеурінді қысымымен Түркістанды және сол аймақтағы басқа да қалаларды тастап шықты. 
1725 жылы құрамында 50 мың жауынгері бар бірлескен қазақ-карақалпақ әскерінің қолбасшысы болды. Сөйтіп жоңғарларға қарсы бірнеше сәтті жорық жасады. Осы кезде оның ұйымдастырушылық таланты, ірі әскери қолбасшы ретіндегі қабілеті, жеке өз басының қаһарман ерлігі айқын танылды. Жауға неғұрлым жылдам әрі күйрете соққы беруді ұйымдастыру қажеттігі бүкіл қазақтың күш-жігерін біріктіруді талап етті. Осы мақсатпен 1726 жылдың күзінде Ордабасы тауында (қазіргі Шымкент қаласының батыс жағында) Бүкілқазақтық Құрылтай болып өтті. Оған қазақтың хандары, үш жүздің сұлтандары, билері, батырлары келді. Қазақ халқының ең таңдаулы өкілдерінің бас қосқан бұл жиынында жауға күйрете соққы беруді, орталықтандырылған күшті басшылықты қалай ұйымдастыруды шешу керек болды. 
Қазақтар бір-біріне барынша берілген, адал болуға осы Ордабасыда ант берісті. Құрылтайға қатысушылардың бірауыздан ұйғаруымен Әбілқайыр хан бүкілқазақтық әскери жасақтың бас қолбасшысы болып сайланды. Бүкілхалықтық әскери жасақтың бас сардарбегі болып батырлар арасынан Қанжығалы Бөгенбай бекітілді. Ордабасыдағы осы Құрылтай жиналысының шешімдері қазақ халқының жоңғар басқыншылығына карсы азаттық күресінде өте маңызды рөл аткарды. Қазақ қоғамының бүкіл күш-жігерін нақты іс жүзінде біріктіру қолға алынды. Әрбір ру өзінің жауынгерлік жасақтарын құрып, бүкілқазақтық үлкен жасаққа алып келіп қосуды қасиетті міндетіміз деп білді.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы  қазақ халқының күресі

XVIII ғасырдың басында Қазақ  хандығының сыртқы саяси жағдайы  шиеленісті. Тәуке хан өзара тартыстарды  уақытша тыйып, тыныштықты қалпына  келтірген еді. Алайда сұлтандардың  өз алдына оқшауланып, билік үшін  күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді.  Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп  – Жоңғар хандығы  тарапынан төнді.  XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың негізгі тайпалары: торғауыттар мен дербеттер Тарбағатай, Монғол Алтайы, Ертістің жоғарғы ағысын, хойттар Қара Ертіс салалары мен Қобда өзенінің алқабында, ал Іле өзенінің орта және жоғарғы салалары бойында чоростар, Жоңғар Алатауының беткейлерінде хошоуттар мекендеді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы территориясына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді.

1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің  бойында қазақ жасақтары мен  жоңғар әскерлерінің арасында  болған үш күндік қантөгіс  ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы жылы жоңғар әскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян және Арыс өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан. 

1715-1722 жж. жоңғарлардың негізгі  әскери күші Цин империясы  әскерлеріне қарсы  соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт  келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.

Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ  жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан әрі қарай Қаратау өңіріне, Құлан батур Алтайға және Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана әскері Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді.  Бас қолбасшылықты Цеван-Рабданның бауыры Шона-Даба атқарды. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық әуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр болды.

Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті.  Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Әсіресе, Шона-Дабаның бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның әскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы территориясының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама » деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деген атпен әйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен  «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.

Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы  Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, Малайсары және т.б. халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалық өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана әбден әлсіреген халық қаланы жауға беруге мәжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен. 

Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы  қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы  жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта  да жауға  ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде  халық  сұлтандар мен ру басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық  рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан территориясында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін  азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы  Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.

Мәшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан  қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста  Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмаққырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.

1726-27 жылдары сұлтандар мен билер  қазақ жерін жаудан азат етуде  қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Әбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары - Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, батырлар қатысты.  Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының қобасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабысында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай  сайланды. Жиналыста  елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.

1727 жылдың  жаз айларында үш жүздің біріккен қолы әскери дайындықтан өтіп, қару-жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Әбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып, әскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған. Сонымен бірге әскери барлау ісіне үлкен мән берілді. Күзде Сарыарқа даласындадағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда деген жерде болды.

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер  
 
1. Ч. Мусин /Қазақстан тарихы/  
Оқулық, 3-ші басылым. Алматы, 2005 
2. «Қазақстан тарихы очерктер»  
Алматы, «ДӘУІР» баспасы 1994 
3. Е. Аққошқаров /Қазақ тарихынан/ 
Алматы, Жалын 1997 
4. Әбдіжапар Әбдәкімұлы  
Алматы, ЖШС «Қазақстан» баспа үйі 2005 
5. Қ. Рыспаев /Қазақстан тарихы/  
Алматы, 1994

Информация о работе Қазақ-жоңғар соғысы