Абылай хан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Ноября 2011 в 10:09, реферат

Описание

ХVІІІ ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда жаңа жалпы қазақ ханын сайлауға барлық жағдайлар қалыптасты. Бірден-бір лайықты кандидатура ықпалды Абылай сұлтан болатын, ол 1740 жылдың өзінде-ақ, Ш.Уалихановтың анықтауы бойынша, қазақ даласының ең беделді әміршісі болған еді. 1757 жылдың өзінде Цин империясымен ресми жазысқан хаттарында ол өзін хан деп атаған. 1770 жылы әбден қартайған Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін Абылай Қазақ хандығының шын мәніндегі бірден-бір билеушісіне айналды.

Работа состоит из  1 файл

Абылай.doc

— 51.00 Кб (Скачать документ)

Абылай  ханның ішкі және сыртқы саясаты (1771-1781) 

    ХVІІІ ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда жаңа жалпы қазақ ханын сайлауға барлық жағдайлар қалыптасты. Бірден-бір лайықты кандидатура ықпалды Абылай сұлтан болатын, ол 1740 жылдың өзінде-ақ, Ш.Уалихановтың анықтауы бойынша, қазақ даласының ең беделді әміршісі болған еді. 1757 жылдың өзінде Цин империясымен ресми жазысқан хаттарында ол өзін хан деп атаған. 1770 жылы әбден қартайған Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін Абылай Қазақ хандығының шын мәніндегі бірден-бір билеушісіне айналды.

    Абылайды  сайлау қарсанындағы қазақ хандығы

    ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарының аяғына қарай Қазақ мемлекеті Абылайдың белсенді сыртқы және ішкі саяси қызметі арқасында біршама мықты әрі біртұтас мемлекетке айналды. 1770 жылы сұлтан қырғыз жерлеріне тағы бір жорық жасады. Шату асуы арқылы Қызылсу және Шамси өзендерінің аңғарына өтіп, қазақтар қырғыз жасақтарын ауыр жеңіліске ұшыратты. Көптеген тұтқындар Орталық Қазақстанға көшіріліп, онда Абылайдың жеке вассалдары – төлеңгіттері құқығымен қоныстандырылды. Ресей билігімен Жоңғарияға қашқан Еділ қалмақтарын талқандағаннан кейін сұлтанның беделі бұрынғысынан да арта түсті. Ресейдің отаршыл әкімшілігі қазақтардан қалмақтардың қайтарылуына жәрдем көрсетуді талап етті, алайда Абылайдың өз ойлағаны бар еді.

    Сол кезде Абылай Қытай мен Ресейдің қолдауына қол жеткізуге тырысып, халықаралық аренада белсенді әрекеттер  жасады. 1768 жылдың өзінде ол цин императорының  өзін «барлық қазақтар мен сұлтандардың бастығы» деп тануына қол жеткізген  еді. Сонымен бірге 1769 жылдың аяғында ол Ресейден өзі үшін 10 мың адамдық армия бөлуді сұрап, оның орнына аманатқа өз балаларының бірін ұсынды. «Егер ... бізге жау шабуыл жасаса, бізге бір сан немесе кем дегенде мың немесе бес жүз адам көмек көрсетілетін болады. Ал оның үстіне жоғарыда аталған бір сан әскер, менің тірі кезімде болсын немесе менің балаларымның тірі кезінде болсын, былайша пайдаланылар еді: алыстағы жаулар үшін – бір сан, жақындылары үшін – мың, ал егер онша көп болмаса – менің ішкі жауларыма қарсы – бес жүз». Сол кезде Абылай өзінің аманат баласын генерал етуді сұрады, аманаттар сұлтанның өз таңдауы бойынша екі-үш жылдан соң алмастырылып отыратын. Әрине бұл талаптар ол кезеңде іс жүзінде орындалмайтын талаптар еді, мұны сұлтан жақсы түсінді. Бұл ретте Абылай шекаралық әкімшілікке өзінің қытайлармен, түсініліп жүргеніндей, әсте де онша жақын еместігін және Ресей протекторатынан әсте де бас тартпақшы болып жүрмегендігін білдірген еді.

     1771 жылы Абылайды жалпы қазақ  ханы етіп сайлау үшін жағдай  жасалды. 1771 жылдың күзінде ұзақ уақыт бойы ақылдасқаннан кейін барлық үш жүздің өкілдері жаңа ханды сайлау үшін хандықтың ежелгі бас қаласы Түркістан қаласына келді. Абылайға ықпалды жырау Бұқар Қалқаманұлы, Әбілпеіз және Болат сұлтандар, Нұралы ханды қоспағанда, Кіші жүз қазақтарының билеушілері, Орта жүз бен Ұлы жүздің өкілдері сөзсіз қолдау көрсетті. Халық көп жыналған кезде қазақ дәстүрі бойынша Абылай ақ киізге көтеріліп, үш жүздің ханы болып жарияланды. А.И.Левшиннің айтқанындай, ол «оған(атаққа) торғауыттары жеңуі арқылы және Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін, барлық қырғыз-қазақ ордаларының ғана емес, түркістандықтар мен ташкенттіктердің де сайлауы арқылы ие болды». Сөйтіп Абылай Қазақ хандығының бірлігін қалпына келтіре алды.

    Абылай  ханның ішкі саясаты

    Бүкілхалықтық мойындауға және үш жүздің ханы атағына  қарамастан, Абылайдың билігі шексіз билік болған жоқ. Сұлтандардың едәуір бөлігі, әсіресе Барақ сұлтан мен  Әбілмәмбет ханның ұрпақтары Абылайды тақты заңсыз иеленді деп санады. Мәселен, Дайыр сұлтан 1781 жылы Орынбор губернаторына Абылай «ханның қадір-қасиетін мүлде әділетсіз иеленгенін, өзінің бала кезінде бауырларымен Түркістанда болғанын, хандықтын барлық әділеттік бойынша өзіне тиесілі» екенін жазды. Наймандардың билеушісі Әбілпейіз, иеліктері Обаған мен Есіл арасында орналасқан Құдайменде сұлтан тәуелсіз еді деуге болады. Түркістан мен Сырдарияның ортаңғы ағысында билікті бөліскен Сәмекенің баласы Есім мен Әбілмәмбетің баласы Болат өздерін хан деп атай берді. Хан билігіне наразы болған кейбір рубасылар оны тіпті әскери күшпен құлатуға да тырысты. Дағдылы құқықпен шектеулі Абылай, Ш.Уалихановтың айтуынша, сұлтандар мен рубасылардың бетімен кетуін ауыздықтауға ұмтылды. Абылайдың зор беделі қазақтарды ханға бағынышта ұстады. Абылай өзгерген сыртқы саяси жағдайда аман қалу үшін Қазақ хандығының саяси жүйесін көбірек орталықтану жағына қарай өзгерту қажет екенін өте жақсы түсінді. Бұған жету үшін хан бірнеше бағытта әрекет жасады.

    Біріншіден, Абылай биліктің орталықтандырылуын нығайтуға ұмтылды. ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде әрбір ру бірлестігі іс жүзінде автономиялы болды және оларды өздерінің билері, рубасылары басқарды. Бұл жүйе жағдайында хан көп жағынан билердің еркіне тәуелді болды және оның жекелеген рулар деңгейінде шешім қабылдауға ықпал етуге үлкен мүмкіндіктері болмады. ХVІІІ ғасырдың 20-30 жылдарында бұл жүйе өзгере бастады, белгілі бір ру әскербасы және саяси көшбасшы етіп шақырған сұлтандардың рөлі арта түсті. Абылай жүздер мен үлкен бірлестіктерді басқаруға дәстүрлі қазақы кісілік рухы негізінде бір орталық буындары элементтерін енгізуге ұмтылды. Ханның көптеген балалары осындай билеушілер рөліне кірісті. 1774 жылы Әділ сұлтан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындалды, оған арнап Абылай Талас аңғарына қала салып, оған қарақалпақтарды қоныстандырды. Солтүстік-шығыс Жетісуда оның басқа бір баласы Сүйік, Орталық Қазақстанда Қасым билік етті. Орта жүз бен Ұлы жүздің барлық дерлік жері ханның балалары арсында бөлінді. Тек Кіші жүзде және Орта жүздің батыс бөлігінде Қайып ұрпақтары, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында – Барақтың ұрпақтары, ал Қытаймен шекара өңіріне таяу жерлерде және Сырдарияда Әбілмәмбеттің ұрпақтары – сұлтандар билік етті.

    Орталық билікті күшейту үшін Абылай қолданған  шаралардың екінші кешені – бір  тұлғаның қызметіне және оның тұлға ретіндегіқасиеттеріне сүйену. Мәселен, дағдылы құқықтың дәстүрлі түсініктеріне қарамастан, Абылайхан қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге үкім шығару құқығын өзі алды. Бұл міндет бұрын билер қазылығында ғана болатын. Билер кеңесі мен рубасы-ақсақалдар съезінің құқықтары едәуір шектелді. Алайда дағдылы құқықтың дәстүрлі болуы және бақарудың нақты тұтқаларындағы кемшілік Абылайға хандықтың саяси жүйесіне реформаны ақырына дейін жүргізуге мүмкіндік бермеді. Оның үстіне бүкіл басқару жүйесін соғыстар қиратып кетті деуге болатын еді. Федерализм элементтері рулық басқару принциптерімен тығыз ұштасып жатты, хан билігін бұрынғысынша билер мен сұлтандар едәуір дәрежеде шектеп отырды. Мемлекеттік машинаның орнықтылығы түгелдей және толығымен ханның өз беделіне, оның күрделі саяси проблемаларды шешу кезінде ымыраластық таба білуіне байланысты болды.

    Абылай  ханның сыртқы саясаты

    Абылайдың сыртқы саясаты да икемділігімен  және ымырашылдығымен сипатталды. Оның Ресей мен Қытай сияқты күшті мемлекеттермен қатынастарының Орта Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш-қуатын өте жақсы ұсынған хан, бір жағынан, Ресей протекторатын танудан бас тартпай, екінші жағынан, өз иеліктерінде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділік көрсетуге тырысты. «Қазақтар әуел бастан екі жақтылықты ұстанды, - деді цин императоры өзінің 1779 жылғы жарлығында, - ... Абылай бізге бағынған кезде Ресей Абылайдың өз боданы екенін, сондықтан біздің оны өз бодандығымызға қабылдауымыз керек екенін мәлімдеп, наразылық жіберді. Біз сонда былай деп жауап қайтардық: «Сіздер Абылайды өз адамымыз дейсіздер. Егер сіздер оны жақсылап басқарсаңыздар, ол ешбір жағдайда бізге бағынуғаөтпеген болар еді... Ал сіздер, орыстар, бұған қалай кедергі жасай аласыздар?.. Егер болашақта мұндай оқиға бола қалса, сақтық жасау керек». Бір жағынан, Абылай Қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды, екінші жағынан, ол мәселені «Ресей сарайына әлдеқайда ынталықпен ... ал қытай ханымен хат жазысуды бір нәрсе үшін, оған бағынышты қырғыз-қайсақтарға қытайлардың реніш көрсетіп, қысым жасамауы үшін жалғастырып» отырған сияқты етіп көрсетіп. Хан өз иеліктерін агрессияшыл көршілерінен осылайша қауіпсіздендіріп қана қоймай, жекелеген пайда келтіруге де тырысты. Мәселен, 1772 жылы ол Ресейден өзінің сыртқы және ішкі жауларына қарсы күресу үшін тағы да әскер сұрады. Бұл орайда ол өзінің Қытаймен өзара келісімі бар екенін былай деп хабарлады: «Қай жақтан және қандай да бір патша бізге дұшпандық әрекет немесе арсыздық жасайтын болса, оған қарсы тұратын болады және егенр сол боғдыханнан (Қытай императорынан) күш сұрасам, ол менің талап етуім бойынша он мыңға дейін немесе жиырма мыңға дейін болса да әскери адамдар берер еді ...». Шынына келгенде, Абылайдың адалдығына күмәнді Ресей де, Қытай да оған әскер бөлуден бас тартатын.

    Ресейдің  өкімет орындары Абылай ханды өзінің ықпал өрісінде ұстауға ұмтылды, сондықтан да 1777 жылы хан жазбаша  өтініш жасаған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде хабарлады. Мұндай дипломатиялық қадам өзінің сыртқы саяси аренадағы беделін нығайта түсетінін түсінген Абылай Петербургке өзінің баласы Тоғым бастаған елшілік жіберді. 1778 жылы ғана ІІ Екатерина оны хан деп және Орта жүздің ғана ханы деп бекіту туралы грамотаға қол қойып, оның Кіші жүз бен Ұлы жүзге билігін танығысы келмеді. Бұған ызаланған Абылай Орынборда, Троицкіде, тіпті Петропавлда да ант беруден бас тартты. Отаршылдық өкімет орындары хан ордасына шенеунік жіберуге де келісті, алайда хан «мен өз дәрежеме халықтың сайлауымен әлдеқашан-ақ бекітілгенмін» деп мәлімдеп, ант беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ханның мұндай мінез көрсетуін оның 1773-1775 жылдардағы Пугачевтің көтерілісінен кейін Ресей империясының күш-қуатына шүбалана қарауымен түсіндіруге болады, ал ол көтерілістің барысында Абылай жалған атақ жамылушыны  қолдап, тіпті онымен бірлесе отырып орыс бекіністеріне шабуыл жасауға да ниеттенген еді. Ханға ықпалын мүлдем жоғалтуға қорқып, Ресейдің өкімет орындары 1779 жылы оған 300 сом және 200 пұт ұн мөлшерінде жыл сайынғы жалақы тағайындады, бірақ 70-жылдардың аяғына қарай Абылай Ресеймен қандай да болсын қатынастарының бәрін мүлде үзді.

    Абылайдың оңтүстіктегі көршілерімен қатынастары  басқаша болды. Абылайдың күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы аратұра жорықтар жасап тұрды. 1774-1779 жылдары сондай-ақ  жорықтар жасалды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ және Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен Абылай ханның ХVІІІ ғасырдың 70-жылдарындағы сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді.

    Абылайға  дейін де, одан кейін де бірде-бір  қазақ ханының мұндай шексіз билігі болған емес. Бұл ең алдымен оның билігінің сөзсіз құдіреттілік сипатына байланысты еді. Ш. Уәлиханов былай  деді: «құрмет (ханға) әлдебір мистикалық сипатта болды... Бұл уақыт хан қастерлі еткен еркін жеңілдіктерге қарсы рақымсыздықпен әрекет ете отырып, өз әрекеттеріне ұрпақтары оны әулие деп санайтындай сипат бере білді». Көреген саясатшы және шебер дипломат Абылай  өзіне ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Бұған ханның жеке қасиеттері де едәуір дәрежеде себепші бола білді.  Текті әулеттен шыққанына  қарамастан, балалық шағында  оның бақташы да, түйеші де болуына, жоңғарларға қарсы соғысқа қатардағы жасақшы ретінде қатысуына және шайқаста батыр атағын алуына тура келді. Абылай мұсылманша жақсы сауатты болды, оқып, жаза білді.  Ол сирек кездесетін саяхатшы, тамаша қолбасшы және дипломат болды.  Дегенмен де,ол тарих көшін өзгерте де, көшпелі өркениеттің бұрынғы күш-қуатын қайтадан қалпына келтіре алмады. Ол қайта түлеткен Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір сүрсе, сонша өмір сүрді. 1781 жылы шамамен 70 жасында Абылай Ташкенттен Түркістанға келе жатқанда дүние салып,Қожа Ахмет Йасауи кешенесінде жерленді.

Информация о работе Абылай хан