Балалардың ересектермен тілдік қатынасын дамыту

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 18:39, реферат

Описание

Баланы қарым-қатынас жасауда ым-ишараны қолданудан сөз бен буындарды қолдануға көшуге ынталандыру. Балаларды (1 жас 2 ай – 1 жас 4 ай) былдырды белсенді қолданып, былдыр сөздерді айта білуге ынталандыру. Жиі еститін дыбыстар мен сөздерге еліктеуді жетілдіру, таңдану, қуаныш, наразылық, өкіну және т.б. дауыс сазын білдіретін дыбыстар мен сөздерді айту. Сөздік қорды туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана, тәте, т.б.), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ және т.б.), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), қимылдарды (ал, тұр, жібер, т.б.) білдіретін сөздермен толықтыру. 1 жас 6 айға қарай таныс заттарды (киім, жиһаз, ыдыс-аяқ) түсіне, өлшеміне, пішініне қарамастан тауып, атай білуге үйрету.

Работа состоит из  1 файл

Балалардың ересектермен тілдік қатынасын дамыту.docx

— 30.20 Кб (Скачать документ)

Драматизацияланған ойындар

 

Қазақ тілі сабағында драматизацияланған ойындар балаларға керекті сөздер мен сөйлемдерді меңгеруді, интонацияны  дұрыс пайдалануды, мәнерлеп және көркемдеп  оқытуды дамытуда көп әсерін тигізеді.Актерлер ретінде көбінесе басқа ұлттың балалары ойнаса, ал сарапшылар, кеңес берушілер ретінде қазақ балалары ойнайды. Драматизацияланған ойындардың түрі басқа ойындарға қарағанда күрделірек себебі, ол ертегілерден және әдеби шығармалардан құрылады. Рөлдік ойындарды меңгергеннен кейін балалар бұл ойынның түрін тез меңгереді. Мысалы: драматизациялық ойындарды екі түрлі дайындауға болады:

 

а) шығарманы өзгертпей  дәл түрінде сахнаға қою;

 

б) мәтінге шығармашылық түрде өзгеріс жасап,сахнаға қою.

 

Драматизацияланған ойындардың белгілі, айқын мақсаты болады.

Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықгыру.Тілдік қарым-қатынасқа түсу дағдыларын дамыту.

Балаларды сөйлеуге үйрету.

Өмірде кез-келген оқиға  туралы естігенін ұғуға және іс-әрекет жүзінде көрсете білуге үйрету. Ойынды қолдануда оның күнделікті жаттығу жұмысына айналмауын ескеру керек, ондай жағдайда баланың қызығушылығы төмендейді.Қандайда болсын ойынды таңдауда баланың жеке психологиялық қабілетін де ескерген жөн. Осы ұсынылып отырған ойын түрлері қазақ тілін меңгеруде балалардың тілге деген қызығушылығын арттырып, оқу-тәрбие үрдісін іске асыратын ұтымды бір жолы. Сонымен қатар ойын балалардың еркін, өзін ұстауға байланысты этика дағдыларын, сондай-ақ балаларды еңбекке, ұжымдық қызметке дайындайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы

 

Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К. Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. С. Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.

 

Дидактикалық ойын барысында  есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері  дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім. Адам іс-әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуын зерттеушілердің біразы өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді. Сондықтан да педагогикада бала ойынына ерекше мән беріледі, өйткені ойын үстінде қалыптасатын балалық шақтың түйсігі мен әсері адамның көңіліне өмірбақи өшпестей із қалдырады. Бала ойын арқылы өзін толқытқан қуанышын немесе ренішін, асқақ арманын, мұрат-мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп бүгінгі ойын, бейнелі әрекет ертеңгі шындық ақиқатқа айналатын кезі аз емес. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты қүбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді. Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагог-ғалымдар «жақсы ойын – жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын- жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырма шамалы деген түйін жасайды. Өйткені, әрбір жас кезінде ойын тиісті дәрежеде ақыл мен қажыр-қайрат жұмсауды керек етеді.Белсенді іс-әрекет пен күш-жігер жұмсалмаған ойын, жақсы ойын болып табылмайды. Жақсы ойын да жақсы жұмыс та көңілді қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы жағынан ойын мен жұмыстың ұқсастығы байқалады. Баланың ойыныңда да белгілі дәрежеде тиісті жұмыстағыдай жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі айырмашылығы тек мынада: баланың ойыны нақты материалдық рухани байлықты көздемейді, ал жұмыс ондай игілікті өндірудің негізгі жолы екені айқын. Баланың қуанышы мен реніші ойыңда айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын үстінде бала бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Бірақ бала одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік» деуі, олардың «ойынды ойын» деп түсінуінде жатыр.

 

Осыдан келіп ойын туралы мынандай тұжырым жасалады:

 

а) ойын – тәрбие құралы, ақыл-ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді тәрбиелейді.

 

ә) ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді.

 

б) ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі.

 

в) эстетикалық тәрбие беру – өнерді, көркемдікті түсіндіру  құралына айналады.

 

г) еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді.

 

д) дене күшінің жетілуіне көмектеседі – ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.

 

 

Қорыта айтқанда, ойын-баланың  жан серігі. Ойын сырттай қарағанда  ешқандай қиындығы жоқ, оп-оңай көрінуі  мүмкін. Ал іс жүзінде бала ойынға қатысу үшін басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру мүмкін емес. Баланың рухани жетілуі мен табиғи өсуінің, денесінің дамуы мен  ой дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей  тәуелді.

 

 

 

1) Мектеп жасына дейінгі  балалардың тілін дамыту методикасы, Алматы – 1981 жыл

2) Журнал «Балабақша»,  №2-6, 2009 жыл

3) Балабақшадағы балалардың  тілін дамыту әдістемесі, Алматы  – 1985 жыл


Информация о работе Балалардың ересектермен тілдік қатынасын дамыту