қазақ кеңес өнерінің дамуы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2013 в 19:50, реферат

Описание

Қазақстандағы тұңғыш кино түсіру жылнамасына 1925 жыл жатады. Бұл жылы киноға Қызылорда каласында өткен Қазакстан кеңестерінің I съезі түсірілген. Осы жылы «Қазақ АКСР-і құрылуының бес жылдығы» деп аталатын екінші деректі фильм көрсетілді. Ол кезде бүкіл республика бойынша Ағарту халкомының көшпелі киносы болды - Ақтобе, Қызылорда, Темір және Шымкентте, 1928 жылы астана Қызылордадан Алматыға көше бастады.

Работа состоит из  1 файл

Қазақ Кеңес өнерінің дамуы.doc

— 86.50 Кб (Скачать документ)

             1930 жылдардағы кеңес киносының дамуы      

 

     Қазақстандағы тұңғыш кино түсіру жылнамасына 1925 жыл жатады. Бұл жылы киноға Қызылорда каласында өткен Қазакстан кеңестерінің I съезі түсірілген. Осы жылы «Қазақ АКСР-і құрылуының бес жылдығы» деп аталатын екінші деректі фильм көрсетілді. Ол кезде бүкіл республика бойынша Ағарту халкомының көшпелі киносы болды - Ақтобе, Қызылорда, Темір және Шымкентте, 1928 жылы астана Қызылордадан Алматыға көше бастады. Сол кезде Мәскеуден жаңа астанаға «Востоккино» тресінің өкілдері келіп, республикада өз бөлімшелерін ашуға кірісті. 1928 жылы бірінші «Алматы және оның төңірегі» деп аталған деректі фильм түсіріліп, жергілікті жерде зертханасы болмағандықтан, фильмді өңдеу жөне монтаждау Мәскеуде жүргізілді. 1929 жылы республика экрандарында «Соңғы жаңалықтар» киножурналы көрсетіле бастады. Қазақстан жайлы тұңғыш көлемді деректі-көркем фильм «Түрксіб» деп аталды. Сценарий авторы мен режиссері В.Турин. Осыдан кейін «Востоккино» Қазақстан туралы тағы үш фильм түсірді: «Дала әні» (1930 жыл), режиссері А.Лемберг, «Жұт» (1931 жыл), режиссері А.Коростин, «Қаратау құпиялары» (1933 жыл), режиссері А.Дубровский.1935 жылы басқа республикалардағы сияқты Қазақстанда да қажетті материалдық базасымен қоса деректі киностудия ашылды. 1935 жылы маусымда «Кеңестік Қазақстан» киножурналының алғашқы нөмірлері шыға бастады.Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы көркем фильм Д.Фурмановтың романы бойынша режиссер С.Тимошенко 1929 жылы «Ленфильмде» түсірген «Бүлік» фильмі. 1935 жылы қазақстандық жазушы И.П.Шуховтың романы бойынша «Мосфильм» киностудиясы «Жау соқпағы» фильмін түсірді.

   1938 жылы «Ленфильм», «Амангелді» фильмін түсірді. Ол Қазақ академиялық драма театрының әртістері күшімен қазақ және орыс тілдерінде түсірілді. Фильм режиссері М.Левин, сценарийін В.Иванов пен Ғ.Мүсірепов жазды. Фильмдегі басты рөлдерді Е.Өмірзақов, Ш.Жиенқұлова ойнады. Фильмнің музыкасын А.Жұбанов жазған. 1940 жылы М.Левин М.Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмін түсірді. Музыкамен көркемдеген сазгер В.Великанов болатын.

Қазақ деректі  киносындағы ұлттық мәдени мұра мен  тарихи уақыттың бірлігінің көрінісі бірнеше кезеңдерден өтті және бұл  сөзсіз елдің әлеуметтік, саяси құбылыстарымен тығыз байланысты болды. Қазақ жерінде  ең алғашқы этнографиялық фильм 1927 жылы түсірілді. Бұл – режиссер В. Карин мен оператор В. Пате-ипаның  Бүкіл ресейлік Востоккино акционерлік қоғамының Алматыдағы өндірістік бөлімінде түсірген төрт бөлімді «Қазақстанның өмірі мен тұрмысы этнографиялық фильмі болатын. Мұнда қазақтардың өмірі, жұт жылдарындағы  кедей-кепшіктің ауыр хәлі көрсетіледі. Үш жыл өткен соң «Қазақстанның жануарлар әлемін білесің бе?» (1930, опер. В. Доброницкий), «Алтын жағалаулар» (1930, реж., опер. А. Лемберг) фильмдері түсіріледі. Алайда, бұл алғашқы кезең кеңес үкіметінің қазақ жерінде орнауымен, социализмнің идеологиясымен, саясатымен тығыз байланысты болды. Кеңес үкіметі құрамына енген барлық халықтардың мәдениеті, өнері болмаған деп өткен тарихынан бас тартқызған, тек бүгінгі үкімет қана бар деген идеологияның нәтижесінде пайда болған «кеше және бүгін» эстетикалық ұстанымы қазақ деректі киносының алғашқы жылдарынан бастап, кейінгі даму кезеңдерінде түсірілген фильмдердің көркемдік құрылымының негізіне айналды. Сондай-ақ, ол тәуелсіздік жылдарындағы қазақ деректі киносының құрылымында да басты рөлге ие болды. Тек, бұл жолы «кеше» – кеңес үкіметінен бас тарту, «бүгін» – ұлттық сана-сезімге, тарихи уақытқа қайта оралу ретінде қолданылды.

   Екінші кезең – 1960-1970-ші жылдармен тығыз байланысты болды. 1960 жылдардың жалпы саяси, әлеуметтік атмосферасы халықтың жады мен өткен күн тарихын Қазақстан деректі киносының экранына алып шығады. Бұл құбылыс ең алдымен, онжылдықтың екінші жартысында мәдени тарихтың өткеніне назар аударуымен басталады. Осы кезеңде қазақ халқының алыс ғасырлардағы тас беттеріне қалдырған жазу мен таңбаларынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі ұлттық қолөнер мен мәдениетінің өркендеуі жайлы түсірілген О. Әбішевтің «Тастағы таңбалар» (1968), «Ашық алақан сыры» (1969), «Тарихпен тілдесу» (1973) фильмдері дүниеге келеді. Олар социалистік идеологияның «қайнап» тұрған кезеңінің өзінде, ұлттық өнер мен мәдениеттің тереңінде жатқан тамырын көне дүниенің қойнауынан іздеп, ұлттық сана-сезімді жаңғыртқан алғашқы шығармалар ретінде Қазақстанның кино өнері тарихында ерекше орын алады. 1971 жылы белгілі ғалым Ә. Жиреншиннің қазақ қоғамында маңызды құбылысқа айналған «Қазақ кітаптары тарихынан» атты ғылыми еңбегі жарық көреді. Осы кітап бойынша көп ұзамай, «Тастағы таңбалар» фильмінің сценарийі жазылып, түсіру жұмысы басталып кетеді. 

   «Тастағы таңбалар» фильмінің негізгі тақырыбы – қазақ жерінің көне мәдени мұралары туралы, сондай-ақ бүгінгі кітаптардың шығу тарихын ерте ғасырлардың қойнауынан іздейді. Нәтижесінде тастарға қашалып жазылған белгілерден, ежелгі қолтаңбалардан бастап, көне дүние қолжазбалары мен манускриптері арқылы, бүгінгі күнгі кітап шығаруға дейінгі барлық кезең көрініс табады.

   Ұлттық өнердің тамыры, қайнар көзі ата-бабадан қалған баға жетпес тарихи мұраларда жатқандығын дәлелдеген «Тастағы таңбалар» фильмі – қазақ халқы әлем мәдениетіне тек кеңес үкіметінің ғылымы мен мәдениеті арқылы келіп қосылды деген кеңестік саяси көзқарасқа түбегейлі қарсы келген алғашқы шығармалардың бірі ретінде, Қазақстан деректі киносының тарихында маңызды орын алды.

 

1969 жылы О.  Әбішев мұнайшылар туралы фильмін  түсірмек болып, Маңқыстау өңіріне  келеді. Осы жолғы сапарында Шақпақата  деген мешіттің, оның жанында  «тоғызқұмалақ» ұлттық ойынының  орны бар екендігі туралы естиді. «Тоғызқұмалақтың» орны жоғалып кете ме деп күдіктенген ол, пленкаға түсіріп қалуға асығады. Нәтижесінде, Қазақстанның ғылымы мен мәдениеті және кино өнерінің тарихында маңызды құбылысқа айналған «Ашық алақан сыры» атты ғылыми-көпшілік фильмі дүниеге келеді. «Тастағы таңбалармен» рухани үндес, Қазақстанның Маңқыстау түбегі маңындағы ежелгі тарихи  ескерткіштер туралы баяндайтын «Ашық алақан сыры» (1969) фильмін біраз уақыт Орталық партия комитеті қабылдамай, тек Ә. Марғұланның қорғауымен экранда көрсетілуге рұқсат берілді.   

 

«Тастағы таңбалар», «Ашық алақан сыры» фильмдерінің идеясы мен тақырыбы, бүгінгі күнгі ұлттық қолөнердің түп тамырының көне ғасырлар қойнауында жатқандығы 1973 жылы түсірілген «Тарихпен тілдесу» фильмінде заңды жалғасын табады. Фильмде ұлттық кілем тоқушылардың үздік жұмыстары мен зергерлердің бұйымдарындағы ою-өрнектердің тарихы баяндалады. Бұл өрнектердің желістері арқылы қазіргі күн қолөнер бұйымдары мен б.з.д. VІ-V ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының айналысқан қолөнердің арасында тығыз байланыс бар екендігі әңгімеленеді.

 

Үш фильмде  де өткен күндер тарихы қазіргі заманмен астарласып, үндесіп жатады. Көне дүние  ырғақтары қазіргі заманның жаңа бояулары және кескін-келбетімен ұштасып, бүгінгі күнгі сазды палитраға  айналды. Фильмдердің монтаж ырғағы, әрбір бұйымды көрсетуде қолданылған кинематографиялық тәсіл, мысалы, камераның жақын келіп, алыстауы, асықпай жасалынған панорама шығарманың атмосферасына ерекше бояу мен поэтикалық нышан енгізеді. 1960-1970 жылдары түсірілген ұлттық мәдени мұра мен халықтың тарихи жадының бірлігі көрініс тапқан бұл фильмдер тәуелсіз кезеңде экранға шыққан этнографиялық шығармалардың алғашқы рухани діңгегіне, қайнаркөзіне айналды.

 

Қазақ деректі  киносындағы ұлттық мәдени мұра мен  тарихи уақыттың бірлігі көрінісінің  маңызды үшінші кезеңі – тәуелсіз жылдармен тығыз байланысты. Тәуелсіз жылдардағы қазақ деректі киносы ең алдымен өткенді, кеңес үкіметін сынаудан, айыптаудан басталды және мұның соңы кеңес идеологиясынан түпкілікті бас тартумен, ұлттық сана-сезімнің қайнар көзіне, халықтың тарихи жадына қайта оралу үрдісімен ұласты. Кеңес үкіметі кезінде тыйым салынып келген тақырыптар бірінен кейін бірі экранда көрініс тапты, жеке тұлғалардың бейнесі жаңа уақыттың биігінен қайта қарастырылды, ұлттық салт-дәстүрлер мен сана-сезімнің қайнар көзіне үңілген этнографиялық фильмдер жиі түсіріле бастады.

 

Белгілі кинотанушы Б. Нөгербек «Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино»  атты еңбегінде 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардағы қазақ киносындағы  тың өзгерістерге тікелей әсер еткен  елдің әлеуметтік өмірі туралы былай деп сипаттайды:«1980 жылдардың соңындағы КСРО және Қазақстандағы мәдени құбылыстар, жалпы қоғамдық саясат пен халық санасының өзгеруі қоғамдық және жеке сананың айрығындағы кино өнерінде жаңа авангардтық пішіні пайда болған ХХ ғасырдың бастапқы жылдарын еске түсіреді. Қоғам басты идеологиялық құндылықтардың жаңаруын қажет етті».       

 

Халықтың  тарихи санасы мен түйсігінде орын тепкен бодандыққа деген қарсылық тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белсенді түрде  алдыңғы қатарға шықса, ал оның соңы ұлттық сана-сезімнің, ұлттық уақыттың қайта жаңғыруымен ұласуы заңды құбылыс екендігі белгілі. Кинотанушы Г. Әбікеева «Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии и как этот процесс отражается в кинематографе» атты кітабында Ф. Фэнонның атақты «Ұлттық мәдениет туралы» эссесінен ұлттық мәдениеттің бодандықтан кейінгі жылдардағы дамуының үш кезеңін: бірінші – өзін бодандықта ұстаған елге қарсы шығуы; екінші – ұлттық дәстүрлі мәдениеттің қайнар көзіне қайта оралуы; үшінші – даму жолындағы күрес екендігі туралы сілтемені келтіре отырып, «Орталық Азияның бүгінгі кинематографы соңғы онжылдықтың ішінде жоғарыдағы үш кезеңнің екеуінен өтті» - дейді. КСРО кеңістігіндегі социализм құндылықтарының келмеске кетуі және егеменді жаңа мемлекеттің алғашқы жылдарындағы идеологиялық, мәдени, саяси құндылықтардың әлі анық болмауы қазақ өнері үшін өткен тарихқа, салт-дәстүрлерге назар аударудың қажеттілігін туындатады. Н. Кривуля «Лабиринты анимации. Исследование художественного образа российских анимационных фильмов второй половины ХХ века» атты еңбегінде тарихи уақытқа, соның бір бөлігі мәдени мұраға қайта оралудың себептерін былай деп сипаттайды: «Ең алдымен, жеке адамның өзінің өмірінің бұл дүниедегі маңыздылығын түйсінуге талпынуымен тығыз байланысты. Ол, бір жағынан, өзінің жеке қасиеті мен «Өзгеге» ұқсамайтындығын айқындауға талпынады; екіншіден, ол өзінің «Менін» «Біз» архетиптік ұғымымен, «шыққан тегімен» байланыстырғысы келеді. Бұл белгілі бір құндылықтар категориясының тұрақты жүйесі ғайып болған және оның орнында өзге құндылықтар категориясының пайда бола қоймаған кездегі үлкен әлемнен адамның өзі үшін тірек табуға деген талпынысы кезінде туындайды...» - дей келе, әрі қарай өнердің дәл осы кезеңінде фольклорлық мәдениетке деген қызығушылығы арта түсетіндігіне назар аударады]. Олай болса, социалистік қоғамның құндылықтарының маңыздылығы жоғалған кезеңінде қазақ көркемсуретті және деректі киносындағы адамның өз «Менін» табу жолы адамның өзінің ішкі жан-дүниесіне үңілуі мен өткен тарихтың беттеріне назар аударуы арқылы жүзеге асады.

 

Тәуелсіз  кезеңдегі Қазақстанның деректі  киносында ұлттық салт-дәстүрлер  мен мәдени мұраның қайта жаңғыру  үдерісі қарқынды жүрді. 1990 жылдардағы елдің әлеуметтік, саяси өміріндегі өзгерістер мен бетбұрыстардың соңы деректі экранның басты әрі маңызды  уақыты ретінде, ұлттың тарихи уақыты мен тарихи жадын алдыңғы қатарға алып шығады. Н. Кривуля мәдени мұра және салт-дәстүрлерге оралудың маңыздылығын былай деп саралайды: «Салт-дәстүрге қайта оралуға деген талпыныс уақыттардың арасын байланыстыруға және бүгінгі күннің архетиптік жадымен қайта қауышуға мүмкіндік береді. Өткен уақыттың коды бүгінгі күннің маңызды құндылықтарын анықтайды және адамның жадындағы бейнелермен байланыстырады» [5, 81 б]. Ұлттық дәстүрлердің заманауи құндылықтармен байланысының маңыздылығы туралы Қ. Нұрланова «Традиции устной литературы в современной казахской прозе» атты мақаласында былай деп жазады: «Дәстүрлер тарихи үдерістің обьективті пішіні болып табылады және қоғамдық тәжірибелер барысында үздіксіз байып, аясы кеңейіп отыратын «идеялық концентрат» ретінде маңызды қызмет атқарады. Бұл үдерістің тек өткен уақытпен ғана емес, сондай-ақ болашақпен де байланысты екендігіне назар аудару қажет» [6, 53 б]. Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарынан бастап-ақ, кеңес үкіметі кезеңінде көрсетуге мүмкін бола бермеген ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени мұраның қайта жаңғыру құбылысы деректі экранда белсенді түрде пайда бола бастайды. Егер кеңес үкіметі кезеңінде Қазақстанда түсірілген этнографиялық фильмдердің саны өте аз болса, тәуелсіздік жылдары бұл кемшіліктің орны толықтырылды. Қазақтардың салт-дәстүріне арналған деректі фильмдердің бірнеше топтамасы экранға шығады. Ұлттық сана-сезімнің оралуы, халықтың жады және оның бүгінгі күнмен үндестігі «Аспан әлеміне қайта оралу» (реж. Б. Ғафу, 1993), «Тал бесік» (реж. О. Жүнісов, 1993), «Қасиетті табалдырық» (реж. Б. Ғафу, 1997), «Қауышу» (реж. Р. Әлпиев, 1997), «Ант» (реж. Б. Ғафу, 1998), «Кездесу» (реж. Б. Ғафу, 1998), «Дәнекер» (реж. Б. Ғафу, 1998), «Сүндет» (реж. Б. Ғафу, 1998) фильмдерінде айқын көрініс табады. 

    Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда түсірілген этнографиялық фильмдердің басым көпшілігі, әсіресе драматург, ақын, режиссер Б. Ғафудың шығармашылығымен тығыз байланысты болды. Режиссердың «Аспан әлеміне қайта оралу» фильмі 2008 жылы жарық көрген кеңес үкіметі және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан және Орталық Азия елдерінің ең үздік деректі шығармаларының топтамасына енді. Бұл фильмде өлімге байланысты мифтер мен дәстүрлер бейнеленеді. Режиссер дәстүрлерге қатысты барлық деректі кадрлар мен салт-дәстүрлердің қайта қалпына келуі көрініс тапқан бейнелеулерді диктордың түсіндірме мәтіні мен әуендік-дыбыстық шешімнің қатар жүруі арқылы көрсетеді. Кейбір тұсында бейнелік көріністер мәтіннен гөрі анағұрлым басымырақ мағлұмат берсе, ал кейбір жерінде музыка фильмнің эмоционалдық-мазмұндық  қызметін атқарады. 

   «Аспан әлеміне қайта оралу» фильмінде өлімнің көшпенді халық үшін тұтас бір пәлсапалық ой-тұжырым ретінде қызмет атқарғаны көрсетіледі. Адамның алғашқы көз жұмғанынан бастап, жердің қойнауына жіберілгенге дейінгі барлық ырымдарының әрқайсысының өзіндік мәні бар екендігі, олардың көшпенділер үшін өмір мен өлім, уақыт туралы түсінігімен тығыз байланысты болғандығы символдар, метафоралар, музыкалық шешім, деректі және ұйымдастырылған көріністер арқылы бейнеленеді.

    Автор «Аспан әлеміне қайта оралу» фильмінде бастаған ұлттық салт-дәстүрлер тақырыбын кейінгі жылдары түсірген «Қасиетті табалдырық», «Жарты ай» үштігін құрайтын «Ант», «Кездесу», «Дәнекер» фильмдерінде әрі қарай жалғастырады. Қазақтардың салт-дәстүрлері» топтамасы аясында түсірілген «Қасиетті табалдырық» фильмін «тұсау кесу» дәстүріне, ал «Жарты ай» үштігінде жас жігіт пен бойжеткеннің отау құруының дәстүрлеріне арнайды. 

   Б. Ғафудың фильмдеріндегі салт-дәстүрдің, ұлттық рухани әлемнің көрсетілуіндегі уақыттың қолданылу үрдісінде 1960-1970 жылдардағы фильмдермен салыстырғанда, өзгеріске ұшырағандығын көруге болады. Егер, кеңес үкіметі кезеңіндегі деректі киноның көркемдік құрылымында тарихи уақыттың қозғалысы шектеулі болса, ал «Аспан әлеміне қайта оралу», «Ант», «Кездесу», «Дәнекер» фильмдеріндегі уақыттың қозғалысында аса еркіндіктің пайда болғандығына куә боламыз.

   Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ деректі киносындағы ұлттық мәдени мұра мен тарихи уақыт бірлігінің көрсетілуінде уақыттың хронологиялық қозғалысы бұзылады және оның координаттары мен ұзақтығы өзгереді. Уақыттың еркін қозғалысы тарихтың қойнауы мен адам жадының қалтарыс-бұлтарысына еркін саяхат жасауға мүмкіндік береді. Бұл саяхат векторлық уақыттың өзгеріп отыруында қолданылған уақыттың кері шегінуі, уақыттық «секірістер», әртүрлі уақыт бөліктерінің араласуы, мифтік уақыт және шынайы уақыттың қабысуы, қатар көрінуі сияқты түрлі тәсілдермен тығыз байланысты болды. Мысалы, уақыттың еркін қозғалысқа ену, шынайы уақыттан космостық уақытқа дейінгі аралыққа «саяхат» жасау үрдісі «Тал бесік» фильмінде көрініс табады. Мұнда адамның өмірге келгенінен бастап, қара жер қойнына барғанға дейінгі аралықтағы әрқилы ұлттық салт-дәстүрлердің үнемі қатар жүретіндігі, адам баласының екі бесігі болатындығы: бірі – сәбидің «тал бесігі», екіншісі – өлімнен кейінгі «жер бесік» екендігі көрсетіледі. Фильмнің басты тақырыбы – осы екі бесіктің ортасында өтетін адам баласының өмірінде ғасырлар бойы пәлсапалық тұрғыда сана-сезімнен өткізіліп келген әртүрлі салт-дәстүрлердің орын алатындығы.

   Сондай-ақ, соңғы жиырма жылдың ішінде түсірілген қазақ көркемсуретті және деректі фильмдерінің көркемдік құрылымында мифологиялық уақыттың элементтері басым көрініс тапқандығына куә боламыз. Бұл көбінесе халықтың ұлттық дүниетанымы көрініс табатын аңыз-әңгімелердің, әпсаналардың фильмдердің бейнелік құрылымына енуімен байланысты болды. Мысалы, түркі халқының көкбөріден тарағандығы туралы аңыз-әңгіме «Аңшы» (реж. С. Апрымов) фильмінің оқиғасы мен басты идеясын  байланыстырып тұрған маңызды сюжетке айналады. Фильмдегі уақыттың еркін қозғалысы мифтік уақыттың үнемі заманауи уақыттың белгілерімен астарласып, қабысып жатуымен ұштасып, ұласып отырады. Шығарманың басты тартысы да осы екі уақыттың арасындағы қарама-қайшылық арқылы айқындалады. Көкбөрінің уақыты, яғни мифтік уақыт – еркіндіктің, қайсарлықтың символының қызметін атқарса, бүгінгі уақыт – «темір тордың», үйлесімсіздіктің көрінісі арқылы бейнеленеді.

Информация о работе қазақ кеңес өнерінің дамуы