«Алаштың» жолы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Мая 2012 в 09:21, реферат

Описание

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені, ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді.

Работа состоит из  1 файл

Алаштын жолы Реферат .doc

— 108.50 Кб (Скачать документ)

Қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі – жазба әдебиеттің есейе бастағандығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын  мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды. 

Қандай ұлттың болмасын мәдени деңгейін көрсететін факторлардың бірі –  театр өнерімен байланысты екендігі мәлім. Бұл жолда да Алаш зиялылары «тұңғыш деген» атаққа ие. Айталық, Б.Серкебаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазса, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» тұңғыш театрлық қойылым болғаны белгілі. Ал, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен мемлекеттік ұлт театры тұңғыш шымылдығын ашқан болатын. Жалпы өз заманында Алаш өкілдері ұлт мәдениетін, өнерін танытуға, насихаттауға қатысты бірқатар тағылымды шаралар атқарды. 

Алаш қайраткерлерінің тіл саласындағы тағылымын биік бір асқарға теңесе болғандай. Сол асудың төңірегінде Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы еңбектерін ерекше бөле-жара айтуға болады. Алаш зиялыларының дербес мемлекеттілікке ұмтылыстарында қазақ тілінің мәртебесі туралы да ойлар менмұндалап тұрды. Оны олардың сол тұста жазған мақалаларынан және А.Байтұрсынұлының, С.Сәдуақасұлының Оқу комиссариатында басшылық еткен кезіндегі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі екендігі де Алаш зиялыларының қоғамдық ойларынан және көркем шығармашылығынан көрініп жатты. Тілдің қоғамдағы орны мен рөлі жөніндегі қисынды пікірлер Ахаң бастаған алашшылдардың мақалаларынан көрініп жатты. Сондай-ақ, туған тіл тақырыбы ұлтты ұйыстырушы, халықтың төл болмысын айқындаушы фактор ретінде қазақ поэзиясында, әсіресе, М.Жұмабаев, С.Торайғыров өлеңдерінде ерекше леппен жырлана бастады.

Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Күлеев т.б. Алаш қозғалысының белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытты, кеңітті. Яғни, негізінен ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәдениетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Жазба әдебиет үлгілері дайындықпен, қажетті материалдар жинаумен, ұзақ толғанумен жазылатын дүниелер болғандықтан, мұнда ұлт тілінің барлық байлығы мен бейнелілігін сарқа пайдалануға зор мүмкіншіліктер туды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махаббаттары табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әдебиеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің шығармалары жазыла, жарық көре  бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел жылдамдықтармен ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы, «Оян, қазақ!» пен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралықтары.

Қазақтың жазба әдеби тіліндегі публицистикалық стильдің қалыптасуы 1905-1918 жылдар аралығында баспасөз құралдарының көбейе түсуімен түсіндірілетіндігі белгілі. Осы тұстағы баспасөз беттерінен тіліміздегі публицистикалық стильдің қалыптаса бастағанын көреміз. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат» газеттерінен және «Айқап» журналынан т.б. баспасөз құралдарынан қазақ сөзінің қоғамдық-әлеуметтік саланың әртүрін көрсететін лексиканың стильдік реңктерге ие бола бастағанын байқаймыз. Осы баспасөз беттерінде саяси-қоғамдық лексикамен бірге, мәселен, жаңа мазмұндағы салтанатты стильдің де ерекше үлгілерін аңғарамыз.

              Алаш қозғалысы қазақтың жазба тіліндегі құжат тілінің де белгілі бір қалыптарын түзді. Айталық, уездік, облыстық, жалпықазақ сиездерінің хаттамалары, қаулылары, «Алаш» партиясының бағдарламасы, қатынас хаттары құжат тілінің жаңа бағыттағы лексикасын қалыптастырды. Бұған қоса, Алаш қозғалысы дәуірінде эпистолярлық жанрдың қауырт дамығанын әбден аңғаруға болады. Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың, Ж.Сейдалиннің, Х.Досмұхамедұлының, М.Дулатовтың т.б. хаттары осы жанрдың тарихындағы үздік үлгілер.

              Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау – олардың ұлттық ойлау жүйесін, сондай-ақ Батыс пен Шығыс ілімін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы сырты советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Бұл да зерттелуін қалап тұрған үлкен тақырыптың бірі.

              Алаш қозғалысын қазақ руханиятындағы тағылымды орасан құбылыс болды десек, соның бір парасы – қазақ әдеби тілінің жаңа сатыға көтерілуімен сабақтас.

Қазақ қоғамының оянуына, сілкінуіне сол кезеңдегі қазақ баспасөзі өлшеусіз үлес қосты. Бұл қатарда ұлттық қозғалыстың серпінді болуына, қарқынды өрістеуіне зор ықпал жасаған «Қазақ» газеті алдымен аталады. Ахаң басында тұрған бұл ұлы басылым Алаш идеясын қазақ сахарасына тарата отырып, өзінің зор миссиясын абыроймен орындады. «Қазақтан» кейінгі алаштық идеяны Х.Ғаббасов пен Р.Марсеков шығарушылары болған «Сарыарқа» газеті және М.Шоқай шығарған «Бірлік туы» газеті  өрістетіп отырды. Бұл газеттер қазақ баласының бойына ұлттық сезімді, ұлттық ождан мен абыройды сіңірді. 

Қазақ ғылымының тууына Алаш зиялыларының тікелей ықпалы тигені бәрімізге белгілі. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының басында Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, медицина, биология, табиғаттану салаларынан Х.Досмұхамедұлы, математикадан М.Дулатов пен Ә.Ермеков, психологиядан Ж.Аймауытов, педагогикадан М.Жұмабаев, ауыл шаруашылығынан Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы арнайы еңбектер жазды. Қазақ жазуының, ұлт грамматикасының дүниеге келуіндегі Ахаңның еңбегі айрықша аталады. М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «...Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегін, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Алаш зиялылары қазақ ғылымын қалыптастыра отырып, оның терминологиясын да жасағанын және оның өміршең болғанын да атап өткеніміз дұрыс.

Алаш қозғалысы қазақтың тарих ғылымын дүниеге әкелді. Өткенді аршу, бағзы өмірдің даму тұстарын санадан өткізу сияқты еңбектер – ұлттың есейе бастағандығының белгісі. Өткенге көз салу, оны бүгінмен, болашақпен байланыстыру – оқуы мен мәдениеті өскен елдің белгісі. Міне осындай ұлттық рухани жаңғырудың басында Алаш қайраткерлері тұрды. Бұған Шәкәрімнің, Ә.Бөкейханның, М.Тынышбаевтың, Х.Досмұхамедұлының, Қ.Кемеңгерұлының, С.Асфендияровтың жазғандары куә. Халқымыздың өткен тарихына үңілгенде олар ең алдымен Абылай, Шоқан, Абайдың есімдерін ұлықтады. Ал өз заманының тұлғаларын бағалауға келсек, мәдениет көзімен қарағанда Әлиханды Семей жұртшылығының қарсы алуы, Ахаңның елу жылдығын зиялы қауым болып арнайы атап өтуі – Алаш қайраткерлерінің жаңа өркениеттік жолға бет алғандығын көрсетеді. Осының барлығы Алаш қозғалысы дәуірінің – қазақтың өткенін бағалаудың, өз заманын зерделеудің ұлт тарихындағы алғашқы кезеңі болды деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

«Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері Ә.Бөкейханның, М.Шоқайдың, Ж.Досмұхамедұлының, М.Дулатовтың, Б.Құлмановтың, Ғ.Бірімжановтың, Ж.Ақбаевтың, М.Тынышбаевтың, Ж.Сейдалиннің, У.Танашевтың, Х.Ғаббасовтың, А.Тұрлыбаевтың, Ы.Жайнақовтың т.б. жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Алаш қайраткерлерінің облыстық, уездік сиездер мен комитеттерді, жалпықазақ сиездерін ұйымдастыруы, сол тұстағы Уақытша үкіметпен келіссөздері, бағдарлама дайындауы, қаулы-қарарлар қабылдауы – олардың қаншалықты дәрежеде саяси өте сауатты қайраткер болғандықтарын көрсетеді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да мегзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақстанның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді. Айталық, 1917 жылы Семейді «Алаш астанасы» деп жариялап, оған «Алаш» деген атау берді.

              Алашорда мен Түркістан мұхтарияты жетекшілері арасындағы мәселеде олардың арасында бірлік болмады немесе әрқайсысы өздерінше дербес мемлекет ретінде өмір сүргілері келді деудің реті келіңкіремейді. Өйткені біріншіден, олар қазақ елінің тәуелсіздігі жолында бір бағыт ұстанды, екіншіден, олар ортақ мүдде төңірегінде ұйыса алды. Оған М.Шоқай, М.Тынышбаев т.б. Түркістан қайраткерлерінің Алаш сиездеріне қатысуы, М.Дулатов, Т.Құнанбаев сияқты Алаш өкілдерінің Сырдария қазақтарының сиезіне арнайы баруы, бірлікке шақыруы, ақпан төңкерісінен соң Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Дулатов бірлесіп үндеу жариялауы т.б. ірілі-ұсақты байланыстар тарихы бізге Алаш пен Түркістанның мызғымас бірлігін айғақтайды. Үшіншіден, егер кеңестік билік қазақ даласында орнамағанда, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері қалайда бірігіп, туған елінің тәуелсіздігін ту етіп, Қазақ мемлекетін құрар еді. Бұлайша ой қорытуымызға  пікірімізге сол дәуірдегі сыртқы саяси жағдайлар да, қазақ тұрмысының ішкі қоғамдық қажеттіліктері мүмкіндік береді. Сондықтан да тарих жүзінде оларды дербес нысан ретінде қарағанымызбен, өткен ғасырдың басында ең ұлы идея – ұлт бостандығын көтерген екі ірі қозғалысты, Алашорда мен Түркістан мұхтариятын бөлуге әсте болмайды.

Ұлт тағдырына қатысты кез-келген өміршең идеяның із-түзсіз жоғалып кетпейтіні сияқты алаштық идея да ұлтжанды азаматтардың ойында жүрді. М.Шоқайдың эммиграцияда жүргендегі еңбектері, М.Әуезовтің шығармашылығы, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулері, І.Есенберлиннің, М.Мақатаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, Қ.Мырзалиевтің, О.Сүлейменовтің, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның, Қ.Жұмаділовтің т.б. ақын-жазушылардың көркем туындылары, Қытайдағы, Еуропадағы қазақ диаспорасының санасындағы ұлттық идеялар, Желтоқсан көтерілісі сияқты көрнекті мысалдар Алаш идеясының, азаттық идеясының тәуелсіздікке дейін үзілмей келе жатқандығын аңғартады.

              Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – есі бар ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борышы деп білеміз. Бұл бағытта осы уақытқа дейін бірқатар үлкенді-кішілі ізденістер жасалды. Әсіресе, К.Нұрпейісовтің, Ғ.Ахмедовтің, Р.Нұрғалидың, М.Қойгелдиевтің, Т.Омарбековтің, Ү.Субханбердинаның, Т.Жұртбайдың, М.Әбдешевтің, М.Құл-Мұхамедтің, Ө.Әбдиманұлының, Ғ.Әнестің, Д.Қамзабекұлының, М.Тәж-Мұраттың, А.Ісмақованың, Ә.Қараның, Д.Аманжолованың, А.Махаеваның, Д.Сүлейменованың, К.Ілиясованың, Қ.Сақтың т.б. еңбектері – алаштануға қосылған қомақты үлес. Алаш тарихы, әлбетте, сан тарапты зерттеулерді қажет етеді десек те, біздің ойымызша, қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының мәнін, идеяларын халық санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі. Өйткені, Алаш қозғалысының идеялары – ұлтымыз үшін ең қасиетті, ең қымбатты құндылық – тәуелсіздігімізді нығайтумен сабақтасып жатыр.

Ата-бабаларымыздың қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрестері, істері, ұрандары – бүгінгі ұрпаққа үлгі һәм аманат. Қазіргі қол жеткен еркін шағымызды баянды ету үшін біз азаттық жолы арман болған ата ұрпақтың аманатына берік болуды борышқа айналдыруымыз қажет. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің көкесі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру.  Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айрықша орынға ие болу керек. Сонда ғана ұлттығымызды әлемге әйгілейтін, жасампаздығымызды жаһанға жариялайтын тұрпатымыз бен тұлғамыз айқын көрінбек. Тағылымды істі аманат ретінде қабылдау – алаш баласының әуелгі қасиеті, дәстүрлі жоралғысы десек, Алаштың жолы, Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал.

Информация о работе «Алаштың» жолы