Казақ шежірілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 20:28, реферат

Описание

Тақырып өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады.

Содержание

Кіріспе
Негізгі бөлім
А) ХІХ ғасырдағы Қазақ шежіресі

Б) Қазақ хандарының қосқан үлесі

В) Тарихи дерек көздері

III. Қорытынды

Работа состоит из  1 файл

Казак шежирелери.doc

— 249.50 Кб (Скачать документ)

Қазақтың хатталған шежірелік мұра бастаулары жазба әдебиеттің кең өркен жаюымен, шежірелердің нақты авторларының пайда болуымен байланысты. Шежіре атаулы феномен генезисі мен даму үрдісін зерделеу: осы екі мәселені біріктіреді. Ең ескі дәуір туралы білім жәдігерлері – көне аңыз, ертегі, батырлық жырлар – халық жадында шежірелік дәстүр сақтаған. Ә. Марғұлан: «эпос-жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады, біздің жыл санауымыздан бұрыңғы V ғасыр мен осы заманның VІ ғасырлар арасы» - дейді [37]. Ескі дәуірдегі Уыз хан туралы  шежірелік деректер, оның өмір бастаулары, тақуалығы, өнерпаздығы (әсіресе балаға ат қою дәстүрінің негізін салуда, киіз үй жасау ісінде), өжеттілігі мен әскери өнері, қоғамның этноәлеуметтік реттеуші ретінде істеген ісі, саяси дәстүрі және бергі қазаққа деген нақты байланысы туралы айтады.

Шежірелік дәстүрдің  түп-тегі, генезисі мал шаруашылығы  мен көшпелі тұрмыс талабымен  байланысты. Оның атқарған қоғам ұйымдастыру  қызметі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға өткен буынның шаруа мен тұрмыс үшін аса маңызды тәжірибе жеткізу. Генеалогиялық жағынан қарастыратын болсақ, дәстүр негізінде бабалар тұлғасын еске алу арқылы халықтың өткеніне, ұрпақ (қауым мен қоғам) тарихына көз салу, саралау, зерделеу әдетін аңғарамыз. Ол өте ескі дәуір тарихы туралы бұлыңғыр мағлұматтарды сақтауы да, сол танымдық дәстүр бастаулары ескі уақыттардан жалғасқанын көрсетеді. Сонымен, ежелгі шежірелер аңыз, фольклор деректерін баяндаса, кейінгі үлгілері тарихи фактілерді көбірек айтады. Шежірелердің адами сана тәрбиесіндегі қызметі айтарлықтай. Әсіресе, адамның жақсы мінезін тәрбиелеуде де шежірешілер әртүрлі амал-тәсілдер, тақырып-тақырыпшалар қолданған. Табиғаттан, діннен, аңыздан алынған мысалдарды келтіріп отырған. Шежірелердің мазмұны осындай сантүрлі тақырыпқа байланыстырылған логикалық құрылымдардан құралған.

Тараудың екінші тараушасы  «Көшпелілер туралы көне деректердің  зерттелуі» мәселесін шежірелік  деректерге орай қарастыруды мақсат етеді. Орталық Азияның эко-климаттық  жағдайында тіршілік жасаған халықтардың  мәдениеті айрықша дамыған көшпелілік дәстүрлерді тудырған. Олар адам өміріне қатысты, негізінен шаруашылық, отбасы рәсімдері, діни сенім-наным, халық даналығы мен білім ретінде көрініс табады. Тарихи білім мен таным, жады мен сана категорияларын қамтыған шежірелік дәстүр ғасырлар бойы жалғасқан феномен. Көшпелілер баяндаған тарихи әңгімелер көрші елдер тарихнамасына өтіп отырған. Ескі түрік пен ислам дәстүрлері үйлесімін қазақта эпитафиялық жәдігерлер көрсетеді. Дәстүр негізінде аруақ құрметтеу әдеті сақталған. Дала мәдениеті мен тұрмыс жайын білуге ұмтылғандар екі түрлі мәлімдеулерге жүгінген: дала туралы өз деректемелері мен дала тарихына қанық жылнама жазбалары.

Екінші тарау –  «Қазақ шежірелерін зерттеудің методологиялық мәселелері» – үш тараушадан құралған. «Шежірелерді зерттеуде қолдануға тиімді пәндік ілімдер» атты бірінші тараушада зерттеу объектісін қарастырудағы әртүрлі пайдалы ғылыми әдістер мен ұстанымдарды анықтап алу мақсат етілген. Тарихи деректер қоғам туралы адам санасы тудырған туынды болғандықтан, оның пәнаралық мағынасы да кең. Шежіре туралы ізденіс әдісі міндетті түрде ғылымның сала тәсілдерін қамту тиіс. Тарих, филология, әдебиеттану, этнология, мәдениет және өнертану салалары қолданатын әдістерді жұмылдыру нәтижелі болмақ.

«Шежірелік дәстүрді зерттеуде өзекті батыстық ілімдер» атты екінші тарауша қазақ шежірелік деректерін зерттеу мәселесінде батыстық (АҚШ, Европа) ғылыми мектептердің қалыптастырған зерттеу әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін талдауға арналған. Осы мақсатта ізденіс етіліп отырған біздің тақырыпқа қажетті зерттеулерге назар аударылған. Қазақ шежіресін зерттеген нақты еңбек болмағанымен, тарих айту, түркі-моңғолдардың ақсүйек (чингизидтер, тимуридтер, шайбанидтер, маңғыттар) әулеттерінің шежіресімен шұғылданушылар бар. Қазақтың жүздік, ру-тайпалық құрылымдары туралы баяндап, азғана талдау жасайтын еңбектер де шетелдік ілімде кездеседі. Америкалық ғалым А. Хадсонның (Alfred E. Hudson) еңбегінде (1938 ж.) қазақтың әлеуметтік құрылымы айтылады. Л. Крейдердің (Lowren Krader) еңбегінде (1963 ж.) түркі-моңғол халықтарының әлеуметтік ұйымы зерттелген. Мұндай этноантропологиялық еңбектердің дені көшпелілердің этникалық құрамын зерттеуге арналған. Қазақтың ру құрылымын көрсеткен, қоныс орындарын картаға түсірген. Ж. Вансина (Jan Vansina) еңбегі ауызекі шежірелік дәстүрді зерттеу, жүйеге салу, ғылыми тәсілдер мен әдістерді қолдану тәжірибесі пайдалы. Ол өз еңбегінде ауызша дәстүрді жан-жақты қарастырып, оны тарихи-деректік қызметі ерекшеліктерін, ауызша тарих дерегін түсіну, талдау мәселелеріне зер салған. Әйгілі қытайлық зерттеуші Су Бйхай қазақтың тұтас тарихы мен мәдениетін жазуға ұмтылған. Оның Шыңжанда (2005 ж.) шыққан «Қазақ мәдениетінің тарихы» еңбегінде қазақ шежірелері туралы сөз етіледі [38]. Қазақстандық зерттеуші Б. Ирмуханов пікірінше, Су Бйхайдың еңбектері китаецентристік мағынаға ие [39, 19].

К. Райхлдың (K. Reichl еңбектерінде жыр дәстүрі мен шежіре туралы пікірі ауызекі мәдени феномендер зерттеу  төңірегінде айтылады. Ғалым көшпелілердегі тарихи білім рулық генеалогияны өрбіту, баяндауға негізделетінін, генеалогиялар түркітілді елдердің ауызекі дәстүріндегі маңызды жанрын құрайтынын (сонымен бірге – жазбаша да), жалпы ауызша дәстүр жанры қырғыздардың ортасында санжыра деп ерекше аталатынын айтады [40, 261 б.]. К. Райхлдың еңбектерінде ауызша дәстүрдің сақталу, орындалу, жалғасу ерекшеліктері талданып, оның рәсімдік белгілері мен мәдениетаралық байланысы туралы ізденіс жасалады. Сол сияқты ауызша дәстүрді зерттеуші басқа да шетелдік ғалымдардың еңбектерінде тарихи ақпаратты түсіну жолдары; тарихи-генеалогиялық деректі әлеуметтік өнім ретінде талдау; дәстүрлі мәдениет танудағы бірден-бір құрал ретінде қабылдау сияқты көптеген маңызды мәселелер қамтылған. «Өткенді жырлау: түркі және ортағасырлардағы батырлық жырлар» атты еңбегінде неміс ғалымы К. Райхл ортағасырлық Европаның әдебиет нұсқаларын Орталық Азиядағы қазақ, қарақалпақ, өзбек халықтарының ауызекі дәстүрін салыстырмалы түрде зерттей отырып, түркі жырларының ішкі мазмұнын тиянақты талдауға алады, батырлық жырлардың тарихи негізі туралы айтады. Автордың еңбектерінде әсіресе жыр-шежірелік дәстүрді, шежіреші-жыршының өнерін талдау амалдары нәтижесінде жасалған тұжырымдар бар.

XVIII-XIX ғғ. Бұхарада  билік еткен маңғыт әулеттері  туралы сарайлық тарихнама мен  хандарды дәріптеуші тарихшылар еңбектеріндегі моңғолдық және исламдық дәстүр сарынын зерттеуге алған неміс ғалымы Анке фон Кюгельген білім социологиясы қалыптастырған легитимация (дәлелді түсіндіру, заңдастыру) үрдісін талдау арқылы әулеттік тарихнаманы қарастырады [41]. Автор қолданған методологиялық ғылыми аспектілерді қазақ шежірелеріндегі түсіндіру құрылымдарын зерттеуге пайдалануға қолайлы. Мұсылмандық тарихнама өздік ғылыми таным жүйесін қалыптастырған. Шежірелік дәстүрге тән осындай киелендіру, киелік мән беру (сакрализация) тарихи тәсілдерді түсіндіруде, агиографиялық мазмұн-мағынада жазылған туындыларды зерделеу, ортағасырлық тарихнамалық шығармаларды зерттеуге берері өте көп. Анке фон Кюгельгеннің еңбегінде анықталған тарихнамалық элементтер қазақтың шежірелік дәстүрінде де орын алады. Американдық ғалым Д. ДиУис (D. DeWees) еңбектерінде Орталық Азия халықтарының ортасындағы исламдық, сопылық дәстүрлерінің дамуы, тарихнамадағы ықпалы туралы айтылады [42]. Шежірелік деректер мазмұны сантүрлі мәліметтерді қамтығандықтан, оның астарлы мәндері мен терең мәнісі ғылыми-тәсілдік жолымен түсінуде батыс ілімдері қалыптастырған адам туралы ғылымға тиісілі әдістерді қолданып зерттеген тиімді. Қазақ шежірелері батыс ғылымы үшін тансық құбылыс. Алайда қазақ шежірелерінің табиғаты, формалары, мағыналары жағынан жақын келетін әлемдегі басқа халықтардың тарихи дәстүрлерін зерттеуге орай қолданылған ғылыми тәжірибені ескеру маңызды болды. Батыс елдерінде қазақ шежірелеріне қатысты нақты зертеулер болмағанымен, түркі халықтарының ауызекі дәстүрін зерттеу тәжірибесі біршама жетілген. Батыстық ілімдердің бізге берері – мәдениет құбылыстарын ұғынудағы ұстанымдармен байланысты.

 «Шежірелік деректерді  зерттеудің методологиялық негіздері»  атты үшінші тараушада зерттеу  нысанына қатысты әдістемелік негіз, теориялық алғышарттар, әдістер кешенін құрау мәселесі қаралған. Шежіре мәліметтерін деректанудағы талдау, сұрыптау, салыстыру  әдістері мен ғылыми сынама тәсілдері арқылы қарастыру, оны толымды әрі дәйекті зерделеу, мүмкіндіктерін, мазмұнын, мәнін, сыртқы және ішкі қалыптарын ашады. Атап айтқанда, шежірелерді деректану әдістерін қолдану жолымен қарастыру; шежіредегі тарихи фактілер мен тарихнама деректерін өзара саралау; шежірелік таным мен тарихи сана құбылыстарын зерделеу. Бұл баптар зерттеудің методологиялық іргелі негізін айқындайды. Шежірелер болса идеялық сипаты консервативті құбылыстарды құрайды: ескіні дәріптеуге негізделетіні белгілі. Шежіре мұралары ескі дәуір мәтіні болғандықтан, этномәдени тұрғыда оған тән таңба белгілерін тәпсірлеп, шежіре құрамындағы элементтер символдар кешені ретінде қарастырылуы тиіс. Шежірелерді зерделеуде догмалардан еркін және ада болып келуі керек. Сонда ғана осы күні ескірген, қолданыста орын алмайтын аңыз сюжеттерін, әпсана бейнелерін, оларға тән қосалқы түсініктердің алғашқы мәні жайын түсіндіріп, жүйелеуге болады. Мифтік генеалогия төңірегінде әлеуметтік, саяси құрылымдарға туыстық тұрғыда түсіндірулер жасағанын шежіре көрсетеді. Мұнда мемлекеттер, ұлт-ұлыстар генеалогиялық таксономдарға айналдырылған. Шежірелер – ең алдымен адам туралы баяндайды, оның шығу тегін, мінезін, өмірдегі әрекеттерін және артында қалдырған ұрпағын. М.Ж. Көпейұлы шежірелік мұралары тарихи тұлғалардың, адамның тарихи болмысын, қоғами мінез-құлқын, оның тұрмыс пен өмір туралы ойы мен соған деген қатысын білдіретін мәліметтерді сақтайды. Кеңестік тарихнама болса тарихты таптар, топтар, таптық мүдде, қанау, алдау, мәнгі бітпес әлеуметтік конфликт тұрғысынан қарастыру, тарихи үрдісті біржақты қабылдатты. Дәстүрлі тарихты формациялық ұстаным негізінде баяндау сол дәуірдің шындығын ашпайтынын айқындағыш санаға салсақ, түсінікті болып шығады. Шежіре туралы Ә. Марғұланның жазып қалдырған еңбектері әлде-қайда мағыналы, нәрлі, сүбелі келеді. Ұлт тарихына әлеуметтік күрес, таптар күресі жағынан тарихты түсіндіретін формациялық принциптерден белгі-семиологиялық принциптерге көшу, ғылыми ізденісті мәдениеттің даму себептерін түсіндіру бағытында іске асырады. Сонымен, шежірелік деректі талдау мақсатында методологиялық ізденіс жасау дәстүрдің жаңа қырларын ашуға, мәліметтегі тарихи факті баяндау принциптерін және шежіре дерегіне тән сипаттарды түсіну үшін қажет.

Диссертациялық жұмыстың «Қазақ шежірелерін тарихи дерек  көзі ретінде зерделеу» тақырыбына арналған екінші бөлім үш тараудан құралған. «Қазақтың шежіре деректеріндегі хронологиялық қабаттар» атты бірінші тарауы екі тараушадан құралған.

«Ортағасырлардағы шежірелердің сипаты» атты бірінші тараушада  шежірелік деректер қабаты, қалпы, авторлық, сыныптау мәселелері қаралады. Шежіре деректерін талдау ісі жүйелі болу үшін шежірелердің қалыптасқан ортасы жайын ойға алу; авторлары туралы түсінік қалыптастыру; олар қандай мақсат көздеп, нендей міндет атқаруға ниеттенгені туралы ой түю маңызды.

Шежірелерді жиып отыру  ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс. Әсіресе, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының мәні ерекше. Ол қазақ хандары Керей мен Жәнібектің бөлініп көшуі жөнінде тиянақты сөйлеген. Қазақ хандығының құрылуы тек Керей мен Жәнібектің бөлініп көшуіне байланысты айтылады. Нақ сол  кезде, яғни XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың басында болған тарихи оқиғалардың барысында қазак халқының қазіргі атауы орныққанын байқаймыз. «Тарихи Рашидиде» алғашқы қазақ халқының қазақ-моғол, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек арасының одақтастық және жаугершілік қарым-қатынастар, Моғолстанға ену үшін қазақтар мен моғолдар арасындағы күрес туралы материалдар молынан кездеседі. Шығыс авторларының жоғарыда аталған шығармалары, негізінен ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақстаның саяси тарихы бойынша деректерді қамтиды [3]. Әбілғазы Баһадүр ханның еңбегі ақсүйектердің ата-тегін талдап айтады, ал Қадырғали би Қосымұлы Жалаиридің шежірелер жинағы, Алтын орда, Қырым және қазақ хандарынан мәлімет береді. Рашид ад-диннің "Шежірелер жинағы" (1300-1310) бұл еңбектерге әсер еткен үлгі болып табылады.

Шежірелер сыртқы қалып  сипаты жағынан үш түрі байқалады: а) қара сөзбен айтылған (проза), ә) өлеңмен жырланған; б) кестеге түсірілген. Өлең сөз ауызша тарихи дәстүр аясында айтылатын белгілі бір тарихи оқиға туралы әңгімені бір қалыпқа түсіріп, жады қызмет атқаратын құралға айналдырған. Шежірелердегі ауызша айтылған мәліметтер сол деректерді тудырған ұрпақтан тыс берілген дерек болса, олар ауызша дәстүрге айналады. Бірақ сол ауызша дәстүрдің аясында әрқилы дерек топтары бар. Деректердің бір тобына күнделікті қолданыстағы халық сөз үлгілері жатады, мәселен формулаға айналған сөздер, айталық – баталар; ал деректердің екінші топ объектілерін әдеби, ақындық сөз үлгілері құрайды. Жадыға тоқылатын ауызша дәстүрдегі сөздердің мазмұнында өзіндік ерекшелік сипаты бар сөз үлгілері болады. Тарихи фактінің критериі тұрғысынан сөз үлгілері (әңгімелер, естеліктер) екі түрлі топқа бөлінеді, оның бірінің айғағы болса, демек шындығы мен қоспасы көрсетілген болса, екіншісі тек нақты қиялдан туған көркем сөз. Айғақты дәстүр негізінде қалыптасқан үлгілірдің өзі "шындыққа жақын", "әлде-қайда шын" дегендей бағалануы мүмкін. Қиял үлгілері ретінде әртүрлі тәмсіл әңгімелер айтылады.  Әрине, осының арасын нақты жік-жігімен айыру үшін "шындық" пен "ақиқат" деген ұғымдық өлшемдер өз алдына.

Шежіре баяндаудың құрылымына аян, түс, елес, және басқа  да ауыз сөз үлгілері енеді. Баяндау құрылымының мазмұнында ақпараттың ауызша дәстүр аясында сақталуына қызмет ететін жады құралдары да қолданылады. Ортағасырлық түрік және парсы тарихи деректемелерінің мазмұнында міндетті түрде бәйт жүреді. Бұны жазбаша тарихнамалық шығармалардың өзі  ауызша тарихи дәстүрдің хатталған үлгісі екенін дәлелдей түсетін тағы бір белгі деп қабылдауымыз керек. Жадыға тоқылатын сөз үлгілері немесе ауызша дәстүрдің жады құралдары мынадай: баталар (Әл-Фатиха және т.б. дұғалар); қанатты сөз; тарихи сөз; үлгі сөз; ұран сөз; жоқтау сөз; аманат сөз; ауызша хат; қара өлең; өлеңнің түрлі үлгілері (тақпақ, жарапазан). Бұлар шежіре дәстүрі үрдісіндегі адам жадының реттеу қызметінің өнімі ретінде қабылдануы керек және олар шежірелердің баяндалу тәсілдерін құрайды. Яғни бұлардан шежіредегі тарихи деректің құралдық сипаты байқалады. Бұл формалардың қалыптасуының өзіндік табиғи заңдылықтары бар. Сонымен бірге, шежірелердің негізгі үш түрлі формадағы мазмұны табиғаты жан-жақты сөз үлгілерін құрамына қосып, осындай синкреттік сипатына қарай зерттеушілер ортасында әрқилы пікір қалыптасқан. Мұнда фольклорлық формаларға тән сипаттары да, тарихнамалық туынды және деректеме де; қоғамдық институт та, дәстүр белгілері де анық байқалады. Формадан басқа шежірелердің мазмұны да формулаларға толы: нақты әрекеттер жайында түсінік беретін халық даналығы, мақал, мәтел, шешендік сөздер, ертегілер және т.б. Бұлар дәстүрлі қоғамдық қатынастарды түсіндіру сатысының бірі болып табылады.

Деректі сыныптаудағы басты критерий ретінде тарихи білімнің арнасы арнайы қалыпқа түсуі, сақталу формасы мен беретін мәліметтерінің хронологиясы, тарихилығы алынған. Сонымен сыныптауға қатысты үш түрлі негізгі тұрғы, яғни талап көрініс табады: а) әдеби-фольклорық сыныптау; ә) генеалогиялық элементтері бар тарихи-этнографиялық тұрғы; б) тарихи-деректік тұрғыдағы генеалогиялық элементті ескеретін сыныптау.

Типологиялық тұрғыда  шежірелердің мынадай жіктері анық байқалады: а) шежірелердің бас-аяғы тұтас, әлқиссасы бар толық тарихнамалық туындыға айналған, ішкі құрылым жағынан тәмамдалған шежірелік тарихнама шығарма нұсқасына дейін жетілген шежірелер (олар тарихнамалық деректемелерді зерттеу әдістеріне бағынады); ә) қария сөздерден немесе генеалогиялық кестелерден құралған, мазмұнының ішкі логикалық құрылымы тұрғысынан толық тәмамдалмаған, тұтас тарихнамалық туындыға айнала қоймаған шежірелік мәліметтер жиынтығын құрайтын шежірелер (олар деректік талдау әдістеріне бағынады); б) шежірелік деректердің біршамасы әдеби шығарма туындысына айналғандықтан олардың мазмұнына енгізілген шежірелік мәліметтердің өзгеше көрініс табатындығы, яғни бұлар көркем шығарманың құрамында орын тапқан шежірелік қария сөздер. Шежірелердің негізіне түскен алғашқы деректеме үлгісінің екі түрі бар: а) бұрын болған шежіре қолжазбасы – бұлар көбінесе төре, қожаларда болған; ә) тарих айту, шежіре шерту әртүрлі қария сөз дерегінен, көбінесе рулардың игі жақсылары, ақсақалдары айтты деген сөзден құралғандар. Шежірелердің аты мен тақырыбы оның мазмұнындағы негізігі сипатына қарай болатыны да белгілі.

Информация о работе Казақ шежірілері