Мәтел – желегі, мақал – жидегі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Декабря 2012 в 22:50, курсовая работа

Описание

Көркем сөз өнерінің тілдік және әдеби бұлақтары санатына жататын мақал – мәтелдер (ММ) мән-мазмұнының дәйектілігімен, тереңдігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен айырықша ерекшеленеді. Көлем-құрылымының ықшамдығына қарамастан, бейнелі тілдік бірліктер нақты да күрделі ойдың себеп-салдарын, халықтың өмір тәжірибесінің қорытындысы мен дәлелін қатар білдіреді. Онда халықтың тарихы, саяси өмірі, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық қазынасы, сан саладағы мәдениеті жан-жақты көрініс тапқан.

Работа состоит из  1 файл

курсовая.doc

— 292.50 Кб (Скачать документ)

Үй-жайға, отбасына қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Қай халық болмасын, адамзат үшін үйдің алатын орны ерекше. Зерттеу барысында осы тақырып аясына жататын ММ-дің екі тілде де көптеп кездесетіндігі байқалды. Мысалы, ағылшындар «My house is my castle» (с.с.а.: Өз үйім – қорғаным) десе, қазақ халқы «Өз үйім – өлең төсегім» деп, оған бейнелі түрде ерекше сипат береді.

Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі ағылшын баспаналары қорғаныс үшін аса мықты болмаған және Англияда қорғандардың салына бастауы 1066 жылғы  нормандар басқыншылығымен байланысты. Жергілікті халық қаһарынан  қауіптенген нормандар «түнгі ұйқы кезінде бауыздап кетпеуі үшін мықты  баспана керек» деген ұйғарымға келіп, батпақтан үй салып, ағаштан мұнаралар тұрғыза бастаған. Бұларды балшықтан жасалған биік қабырғалармен қоршап  немесе айналдыра ор қазатын. Демек, өзге халықтарға тән тарихи қалыптың, дәстүрдің жергілікті халықтарға сыналап енуі, үйдің ассоциативті түрде қорғанға балануы «My house is my castle» тәрізді тұрақты тіркестердің тілде қалыптасуына негіз болған деп ойлаймыз.

Ал, «өз үйім – өлең төсегім» тұрақты тіркесіндегі «өлең» лексемасына Э. В. Севортянның сөздігінде берілген анықтама бойынша аталмыш тілдік бірлік түркі тілдеріне монғол тілінен енген кірме сөз, «сулы, сазды жерде өсетін шөп; нәрлі, жұғымдылығы шамалы, жұмсақ шөп» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда  бұл бейнелі орам «Біреудің байлыққа толы кең сарайында қысылып, қымтырылып  отырғаннан гөрі өзіңнің қарапайым, жұпыны төріңде көсіліп жатқанға не жетсін» деген ұғымда қолданылады. Жалпы алғанда, қос тілдегі ММ арқылы берілетін негізгі ой біреу, яғни адамның үйіне деген ыстық сезімі мен үйдің адам өмірінде алатын орны. Бірақ осы ой ағылшын және қазақ мақалында сол халықтың әдет-ғұрпына, салт-санасына, дүниетанымына байланысты пайымдаулар арқылы берілген.

Гендерлік қатынасқа байланысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Адам  өмірінде отбасының алатын орны ерекше, себебі ол шағын мемлекет іспетті. Осы шағын мемлекетте әйелге артылар жүк те, жауапкершілік те айтарлықтай. Қазақтың құтты босағасында ер адам – отағасы, үйдің қожайыны, алайда үй  ішінің бүкіл тауқыметі, тұрмыс-тіршілігі, бала тәрбиесі, әдеп пен әдет, рухани  қарым-қатынас, т.б. барлығы әйел адамның құзыретінде. Ағылшын және қазақ тілінің паремиологиялық қорындағы әйелдердің жеке басына қатысты ММ-ден әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы мәдени-әлеуметтік орнын айқын аңғаруға  болады. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

A good wife makes а good husband (с.с.а.: Жақсы әйел жақсы күйеу жасайды). Қазақ тілінде тәрбиелік мәні зор тіркеске мағыналас келетін бірқатар ММ бар:

Жақсы әйел жаман еркекті би етеді.

Салғастыра қарастырғанда, халықтар менталитетіндегі ортақ көзқарас, өзара сәйкес ұғым-түсінік, біркелкі ұстаным байқалады.

Жаман әйел жақсы  еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді,

Жақсы әйел жаман  еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді.

Жоғарыдағы «алған әйелің жақсы болса, елге сыйлы етер» деген ұғымды  білдіретін қазақ мақалында айтылар ой төр мен көрді салыстыру арқылы жеткізілген. Қазақ халқының когнитивтік санасында «төр» – тек қазақ үшін ең қастерлі, сыйлы орын. Зерттеу барысында ағылшын және қазақ қоғамдастығында әйелдер дәрежесін ер адамдардан сәл төмендетіп көрсететін стереотиптің, пайымдаудың орын алғандығын білдіретін ММ-дің жиі кездесетіндігі байқалды. Мысалы, ағылшын тілінде The death of wives and the life of sheep make her husband  rich (c.c.a.: Әйелінің өлімі мен қойдың өмірі ер адамды бай етеді); Women have no souls (c.c.a.: Әйелдердің жаны жоқ); қазақ тіліндегі «Байтал жүйрік парқы жоқ, қатын шешен, нарқы жоқ», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» ММ белгілі бір заман кезеңіндегі әйел адам дәрежесінің көрсеткіші іспеттес. Көне заманнан қалыптасқан қазақтың ата дәстүріндей Англияда да орта ғасырларда балаларының үйлену, тұрмыс құру тәрізді мәселелерін ата-анасы шешетін, себебі текті жердің қызына үйлену, ұлына тұрмысқа шығу арқылы материалдық жағдайын түзеп, қоғамдағы алатын орнын жақсартуға мүмкіндіктер туындайтын. Жоғарыдағы «The death of wives and the life of sheeps makes her husdand rich» мақалы өз заманыңдағы материалдық-рухани дүниенің тілдік бейнесі болып табылады, яғни көне дәстүрдің көрінісі іспеттес.

Сондай-ақ 1918 жылдан бастап жасы отыздан асқан әйелдердің кейбіріне сайлауда дауыс беруге құқық берілді және ағылшын әйелдерінің басым көшпілігі үй шаруасымен айналысты немесе жұмысшы, қатардағы қызметкер болды. Жоғары лауазымды қызметкер әйелдердің саусақпен санарлықтай болуы және оның биік танылуы Women in state affairs are like monkeуs in glass shops (с.с.а.: Үкімет басындағы әйелдер айна сататын дүкендегі маймылдарға ұқсайды) бейнелі тұрақты орамынан айқын көрінеді. Байырғы ағылшын қоғамдастығында қалыптасқан әдептілік дағдысы бойынша тұрмысқа шыққан әйел ерін өзінің қожайыны ретінде қабылдауы тиіс-ті. Бұған бой ұсынбаған әйел соққыға жығылған. 1891 жылға дейін ерлерінің «ер адамның бас бармағынан жіңішке таяқпен» әйелдерін ұруларына, егер қаласа бөлмеге құлыптап қоюларына заңды құқықтары болған. A woman, a spaniel, and a walnut-tree, the more you beat them the better they be (с.с.а.: Әйел, спаниель (иттің түрі) және жаңғақ ағашы ұрған сайын жақсарады); A woman, an asse, and a walnut-tree, Bring the more fruit, the more beaten they be (с.с.а.: Әйел мен есекті және жаңғақ ағашын ұрған сайын жемісті молырақ береді) тәрізді тұрақты тіркестер жоғарыда айтылған келеңсіз оқиғалардың орын алғандығы жөнінде бұлжытпас тілдік дәлел болып табылады. Қазақ арасында да мұндай жәбірлеулердің болғаны, әлі күнге дейін сирек те болса кездесетіні және оның әдеттегі отбасында болып тұратын елеусіз оқиға ретінде танылатыны мәлім.

Сонымен, гендер категориясына қатысты түп-тамыры тереңде жатқан  тілдік орамдар екі тілде де молынан ұшырысады. Олар белгілі бір линвомәдени қоғамдастықта қалыптасқан дүниенің тілдік белгісі болып табылады. Дүниенің тілдік көрінісі адам-тіл, мәдениет-өркениет жиынтығын зерделеу арқылы айқындала түседі.

Уақыт өлшеміне қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Бұл тақырыптың топтағы бейнелі орамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдығын, оны босқа өткізіп, өмірді өксітпеуді, алтын мезетті пайдалы іске арнауды уағыздайды. Мысалы, Time is money (с.с.а.: Уақыт – ақша); Уақыт – білгенге қазына, білмегенге – быламық; Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық. Туыс емес екі тілдің бірліктері уақытты ұтымды пайдаланып, тыңбай еңбек етсең, мол қазынаға кенелесің деген ұғымды білдіреді. Ағылшын зерттеушілері аталмыш тіркестің қазіргі заман ағымына сай келіп тұрғанымен, көненің көзі екендігін ескертеді және оның алғашқы қолданысын біздің жыл санауымыз бойынша 320 жылдағы Теопрастус жазбаларымен ұштастырады.

There is a time for everything (с.с.а.: Әр нәрсенің өз уақыты бар). Қазақша: Сабақты ине сәтімен. Бұл ағылшын мақалы қасиетті кітап Інжілдің To everything  there is a season, and a time to every purpose under the heaven (с.с.а.: Аспан астында  әр нәрсенің, әр мақсаттың өз мерзімі бар) деген өсиет-өнегелерінен ықшамдалып, тұрақты қалыпқа енген.

Салыстыра алғанда, уақыт  мағыналық өрісіне енетін ММ-дің  аздау кездесетіндігі анықталады.

Тілге байланысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. «Тәрбие басы – тіл», орны мен орайын тауып қолданса, сөзден, яғни тілден асқан ғажап сиқырлы күш  жоқ деп білген халық ұрпағын ойланып, дұрыс сөйлеуге баулыған. Зерттеу барысында тілге, сөзге қатысты ММ-дің екі тілде де жиі кездесетіндігі байқалды. Мысалы:

Good words cost nothing and worth much;

Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады,

Қатты-қатты сөйлесең, пышақ қынынан шығады;

Екі тілге қатысты орамдардың жеткізер ойы бір, яғни адам жанын  жадыратар жақсы сөздің құндылығы. Ағылшын мақалында тек жылы сөздің мәні айтылса, қазақ мақалдары қатты сөздің адам жанына әсерін қоса жеткізеді. Бір ауыз қатты сөзді қолға кірген тікенге теңей келіп, сол бір ауыз қатты сөзден пышақ қынынан шығатынын, үлкен дау туатынын ескертеді.

Осы жерде айта кететін  жайт, ағылшын мен қазақ ММ-не айтылатын ойдың кейде орайлас келмей, қарама-қайшы түсетін тұстары да кездеседі. Мысалы, ағылшын тілінде: Stiks and stones may break my bones, but words will never hurt me (Таяқ пен тастар менің сүйегімді сындыруы мүмкін, бірақ сөз мені жаралай алмайды) десе, қазақ мақалы, керісінше, «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген пікірді қалыптастырады.

Еңбекке қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Зерделей қарасақ, ММ адам баласының бар өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі салалардың барлығын  дерлік қамтиды екен. Солардың қомақты бір бөлігі – еңбек жайлы ММ. Мұның сыры еңбектің тіршіліктің негізі, қоғамның, өмірдің қайнар көзі екендігінде болса  керек. Көненің көзі іспеттес тұрақты тіркестер тобы келер ұрпаққа еңбек етпегеннің ішіп-жемейтінін түсіндіре келіп, оларды еңбек сүйгіштікке, адал еңбек етуге баулиды, жалқаулық, бойкүйездік, жатып ішер арамтамақтықтан бойды  аулақ салуға шақырады.

Қонаққа қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Қонақжайлық – қазақ ұлтының сүтімен еніп, сүйегіне сіңген ұлы дәстүрінің бірі. Өткен ғасырда поляк саяхатшысы әрі зиялысы А. Янушкеевич «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын  тегін аралап шығар едім», – деп қазақ халқының қонақжайлылығын риза  көңілмен бағалаған екен. Қазаққа қонақ болу үшін оның таныс болуы, діндес, теңдес болуы шарт емес, қонақасыны «бөлінбеген еншім» деп тануының өзі  кеңінен таралып, дәстүрге айналған халық жорасының бірден-бір көрсеткіші. Алайда A constant guest is never welcome; Бір күнгі қонақ – құт, екі күнгі қонақ – жұт тәрізді тұрақты тұлғалар жиі келген қонақтың қадірін жоғалтатынын, оған  өзі қалағандай құрмет көрсетілмейтінін бейнелі түрде жеткізеді. Екі тілдің ММ-ін  талдап-тарату барысында алыс жатқан, салт-санасы, әдет-ғұрпы, тілі-діні әр басқа халықтардың айтайын деген ой-тұжырымы, көзқарасы мен өмірлік ұстанымдарының өзара сәйкес келіп жататындығы анықталады. Мұның сыры  өмірдің өзінде, адамзаттың көріп-біліп, көңілге түйген ойында, өмірден алған тәжірибесінде жатса керек.

Ақша, қаражатқа  байланысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Қазақ  және ағылшын тілдерінде ақша-қаражат жайлы ММ жиі кездеседі. Мысалы, Take  care of pence and the pounds will take care of themselves (с.с.а.: Пэнсті үнемдеп  ұстасаң, фунт өз-өзін үнемдейді). Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер; Береке бір тиыннан.

Ағылшындар  фунт пэнстен құралады десе, қазақтар теңгенің тиыннан өсетінін ескертеді. Әр елде ақша өлшемі ретінде қабылданған ұлттық валютаның атауы әр түрлі болатыны белгілі. Теңге мен тиын – қазақ елінің ақша эквиваленті. Сонау VI-VIII ғасырларда ру-ұлыс нышандары айшықталған теңгелердің қолданыста болғаны, Отырар, Тараз қалаларында теңгелер шығарған ұстаханалар жөнінде тарихи деректер бар.

Қазақ тілінде ұсақ ақшаның «тиын» аталуы тиін аңының терісі бұрын ақша  орнына жүргендігінен қалыптасқан болуы керек деген болжам бар. Ғалым К. Золотницкий дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тілінде «тиын» (орысша «копейка») сөзінің тиін аңының атымен бірдей не ұқсас болып келетінін айта  келіп, оның себебін бұл халықтардың тарихи дамуында орын алған кейбір мәдени-әлеуметтік жағдайлармен, яғни бір кезеңде алым-салықтың тиін терісімен  төленгендігімен байланыстырады. Мысалы, черемистерде, пермяктарда – «ур» сөзі «белка» деген мағынаны да, «тиын» деген мағынаны да береді, ал, татар, қырғыз, алтай тілдерінде «тиын» сөзі аңның да, ақшаның да атауын білдіреді. Қазіргі қазақ орфографиясындағы «ақша» мағынасындағы «тиын» сөзін жуан, ал, аң мағынасында «тиін» болып жіңішке түрде жазу қалыптасып кеткенімен түбірі бір деп табамыз деген Ө. Сұлтановтың пікірі құптарлық.

Фунт – Ұлыбритания  мемлекетінің ұлттық ақша эквиваленті, ал, пэнс – сол елдің ұсақ ақшасы, яғни майда ақшаны үнемдеп ұстасаң, жинала келе фунт  құрайды, ақшаның басы құралады деген ойды түйеді ағылшын мақалы.

Өнер-білімге қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Бұл топтағы ММ жас ұрпақты білім алып, өмірдің, қоғамның сан алуан тылсым сырларын ашуға, тануға жетелейді. Оқы, үйрен, оқудың ерте-кеші жоқ деп ақыл айта келіп, «Жас кезіңде оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей» деп жас ұрпақты өнер-білім алуға үндейді. Мысалы: Knowledge is power (с.с.а.: Білім – күш); Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы. Ағылшын мақалы білімді күшке теңесе, қазақ мақалы білімді жанып тұрған өмір шырағына, ырыстың қазығына теңейді.

Өмір мен өлімге байланысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Бұл топтағы ММ өмірдің адамға бір-ақ рет берілетінін ескерте келіп, қамшының сабындай қысқа өмірді мәнді де сәнді өткізуге, аруақтарды сыйлауға, қадірлеуге шақырады. Мысалы: Speak well of the dead (с.с.а.: Өлгендер жайлы жақсы айт); Өлі разы болмай, жарлы байымас.

О дүниелік кісілердің аруақтарын сыйлау, олар жөнінде теріс сөйлемеу – халықтың қанына ана сүтімен дарыған қасиеттердің бірі. «Өлі разы болмай, жарлы байымайды» деп қазақ пәниден өткендерді еске алып, жетісі, қырқы, жүзі, жылын өткізіп, құранын оқытса, ағылшын халқы да өмірден озған жақын-жуығын  қастерлеп, дәстүрлі жөн-жоралғысын жасап отырады.

Табиғатқа, жан-жануарларға қатысты ММ-дің этнолингвистикалық уәжі. Ағылшын тілі ММ-нің алтын қорынан ауа-райына, аспан денелеріне, табиғат құбылыстарына қатысты ММ-ді жиі кездестіруге болады.

Шаруаның негізгі  тіршілік көзі ауылшаруашылығы болғандықтан, ауа  райына тікелей тәуелді. Алар астығының мөлшері мол, баққан малының күйлі, тұрмысы түзу болуын қалаған шаруа ауа райының жанға жайлы, шаруашылыққа қолайлы болғанын тілемей, оған мазасыздана алаңдамай, ауа райын ауызға алмай тұра алмайды. Осы жағдай сан ғасыр өтіп, заман өзгеріп, ел экономикасы қарыштап дамығанымен, ағылшын халқының өзіне тән, қанына сіңген әдет-ғұрпының біріне айналғанға ұқсайды. Мысалы: If it does rain on St. Michael and Gallus, the following spring will be dry and propitious. (с.с.а.: Қасиетті Майкл мен Галлус күні жаңбыр жауса, келер көктемде ауа райы құрғақ және шаруашылыққа қолайлы болады). Қасиетті Майкл (St  Michael) 29 қыркүйекте, Галлус (Gallus) 19 қазан күні аталып өтілетін діни мерекелер.

Аспандағы құбылыстарды зерттеу арқылы ауа райын болжайтын да жағдайлар кездесіп қалатын. Мысалы: Red sky at nigth, Shepherd’s delight; Red sky in the morning, Shepherd’s warning (с.с.а.:Түнгі қызыл аспан – шопанның қуанышы, таңғы қызыл аспан – шопан уайымы).

Бір қызығы табиғаттың бұл құбылысын қазақтар да мүлт жібермей байқап, өз қорытындысын жасап отырған. «Кешкі күн құлақтанса, әйелің ұл тапқандай сүйін, ертеңгі күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай күйін» деп келетін қазақ мақалы – осы байқампаздықтың жемісі. Демек, кешке қарай күн құлақтанып, қызара алаулай батса, келесі күнгі ауа райы жанға жайлы, жылы болады. Ал, таңертең күн құлақтанып, қызара атса, ауа райы салқындап, жауын-шашын болады.

Информация о работе Мәтел – желегі, мақал – жидегі