Абай аудармалары және тілі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Марта 2013 в 18:26, реферат

Описание

Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - «Вадим» атты Лермонтовтың ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма.
Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр.

Работа состоит из  1 файл

Абай аудармалары және оның тілі.docx

— 20.95 Кб (Скачать документ)

Абай аудармалары және оның тілі

    Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы - «Вадим» атты Лермонтовтың ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, өзінше қысқартып жазған поэма. 

Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы да, баснясы да (мысал өлеңдер), ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар. (Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған)

Орыстың атақты жазушы-ақындарын  аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің «Онегині» тек Азербайжанда ғана аударылған. Сонан кейінгі аударған қазақ - Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен Сарыарқада жатқан Абай орыстың ұлы ақыны Пушкиннің дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған еңбегінің ұлылық қасиетін танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық іс.

Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, ол кездегі орыстың алдыңғы қатардағы идеясымен жақсы танысып, Сарыарқадан оларға үн қосушы бірінші ақын да Абай еді дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған аграрлық-патриархалдық патшашыл Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған, ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармалары Абайға қона кетуі, олармен өзінің мұңдас болуы, екі елдің ұлы ақындарының идея-тілектерінің бірлігі еді. Крылов жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары, тағы басқалар ол кезде қазақта да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Бұл - бір.

Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство иелері екендігін Абай жақсы ұғынды.

Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың ол кез келген өлеңдерін аудара бермеген. Таңдап, талғап аударған.

Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой, философиялық, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер. Сөйтіп, Абайдың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді орыстың ұлы классиктерін аударуы кездейсоқ емес, заңды, жоғарғы айтылған екі түрлі күрделі себептерге негізделген деуге болады.

Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, сұқтанар сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазаққа өз ақындарындай сүйгізді. Абайдан бергі, әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» (Кинжал), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін қазақ аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары алдағы халықтың мәдениеті, үлкен идея, ұлы ақындары мен қазақ халқының жұртшылығы араларындағы дәнекер болды.

Абай оларды тек қана дос көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы тұтты.

Абайдың ұлттық шеңберден  шығып, жалпы адам баласылық идеяны көксеген, интернационалдық жүректің иесі ақындығын осы орыс жазушыларына көзқарасының өзі-ақ дәлелдейді. Абайдың жастарға үлгі ал, өнеге үйрен деген адамдары қазақ емес, Толстой, Салтыков-Щедрин, т.б. болды.

 

«Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой».

 

Бұл сөзден Абай өз халқын жек көрді деген ұғым тумайды. Абай айналасындағы әлеумет өмірін, «ел еркесін» сынағанда, өмір уын ішіп, бүк түсе қайғырғанда сол халық үшін қайғырып, халық қамы үшін өмірден тыныштық көре алмайды. Бар өмір, бар асылын сол халық үшін жұмсады. Бірақ ол кезде қазақта Салтыков пен Толстой жоқ еді. Ендеше өмірге адамгершілік көзбен қараған, интернационалдық жүрегі бар ақынның объективтік көзқарасы Салтыков, Толстойды қазаққа үлгі еткізді.

Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады:

Қазақшасы:

 

«Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал қып

Түн басады салбырап.

Шаңдай алмас жол дағы

Сыбдырламас жапырақ,

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ...»

(Абай, ІІ том, 94-бет) 

 

Орысшасы:

 

«Горные вершины 

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного -

Отдохнешь и ты...» (227)

 

Осы өлеңнің, әсіресе соңғы төрт жолын алсақ, орысшасына дәлме-дәл. Әрине алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда, сөз орнын ауыстыру, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу - аударманың жалпы заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары -  «Жалғыз жалау жалтылдап», «Қонады бір күн жас бұлт», т.б. жоғарғы келтірген мысалдар тәрізді дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және бір түрі деп «Онегиннің сыйпаты» (Пушкин), «Қанжар», «Жолға шықтым», «Терек сыйы», «Дұға», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» (Лермонтов) атты өлеңдерін айтуға болады. Мұнда өлеңнің буын, ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буындарының аз-көбіне қарамай, бәрін де қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқастарымен аударады. Лермонтовтан аударғандарының оригиналдары шалыс ұйқас (а-в-а-в-), Абайда (а-а-в-в-) көпшілігінде - қара өлең ұйқасы. «Онегиннен» аудармасы да осылар тәрізді буын ұйқастары сақталмайды. Бірақ бұларды да дәл аудармалардың қатарына қосуға мүмкіндік беретін және бәріне тән бір нәрсе - оригиналдың өзіндегі автордың айтайын деген ойын толық сақтап, ондағы образдарға дәл келетін қазақша образды сөз табу. Жоғарғы аталған өлеңдердің қайсысын алсақ та, осы жүйені берік сақтайды. Мысал үшін Онегиннің орысша, қазақша мінездемесін алалық.

Орысшасы:

 

«Как рано мог он лицемерить,

Таить надежду, ревновать,

Разуверять, заставить верить,

Казаться мрачным, изнывать,

Являться гордым и послушным,

Внимательным, иль равнодушным!

Как томно был он молчалив,

Как пламенно красноречив.

В сердечных письмах как  небрежен!

Одним дыша, одно любя,

Как он умел забыть себя!

Как взор его был быстр  и нежен,

Стыдлив и дерзок, а порой,

Блистал послушною слезой!» (228)

 

Қазақшасы:

 

«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,

Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен,

Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу,

От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,

«Дем алысым құмарым, бір сен» десе,

Жанын құрбан жолына қылған жансып,

Көз қарауы құбылар әлденеше.

Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырып орны келсе...»


Информация о работе Абай аудармалары және тілі