Кіші жүз ханы - Әбілхаиыр

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 01 Апреля 2013 в 00:18, курс лекций

Описание

Қазақ тарихындағы күрделі тұлғалардың бірі — Кіші жүз ханы Әбілқайыр. Бүгінге дейін оның қоғамдық-саяси қызметі, тарихи портреті сан мәрте талқыланып, сан қырынан зерттеліп, ой елегінен өткізілгенімен нақты бағасын ала алмай келеді. Кеше ғана қазақты жоңғар жұтуға шақ қалғанда үш жүздің ығайы мен сығайын, хандары мен сұлтандарын, батырлары мен билерін мойындатып бас қолбасшы сайланып, ж

Работа состоит из  1 файл

тарих семинар.docx

— 25.00 Кб (Скачать документ)

 

 Қазақ тарихындағы  күрделі тұлғалардың бірі — Кіші жүз ханы Әбілқайыр. Бүгінге дейін оның қоғамдық-саяси қызметі, тарихи портреті сан мәрте талқыланып, сан қырынан зерттеліп, ой елегінен өткізілгенімен нақты бағасын ала алмай келеді. Кеше ғана қазақты жоңғар жұтуға шақ қалғанда үш жүздің ығайы мен сығайын, хандары мен сұлтандарын, батырлары мен билерін мойындатып бас қолбасшы сайланып, жауын талқандап, кейін қашырған, еліміздің батысы мен солтүстігіндегі қалмақ пен казак орыстан, оңтүстігіндегі Бұхара, Хиуа, түркімен, қарақалпақтан еш тайсалмаған, көршілес башқұрт елінің хан тағына шақырылған жалғыз қазақ – Әбілқайыр тарихы осыншама неге 300 жылға жуық мерзім бойы пікірталас нысанына ұласып келеді? XVІІІ ғасырдағы зерттеушілер П.И.Рычков, ХІХ ғасырдағы ғалымдар А.И.Левшин, Л.Мейер, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов, ХХ ғасырдағы кеңестік тарихшылар А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Н.Г.Аполлова, П.Е.Матвиевский, Е.Бекмаханов, В.Я.Басин, А.Сабырханов, қазақстандық И.В.Ерофеева, К.Л.Есмағамбетов, Ж.Жақсығалиев, Ж.Қасымбаев, С.М.Мәшімбаев... Міне, осылай Әбілқайырды зерттеушілер тізімі жалғаса береді. Қазақ тарихында бір тарихи тұлғаға осынша қалам тартқандар болған емес. Соған қарамастан соңғы жылдары Әбілқайырмен тұстас, тағдырлас ағалы-інілі буындар — Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөкенбай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырлар, Жәнібек тархан, Абылай хан аттары жиі-жиі аталып, тәуелсіз еліміздің тарихына қосқан үлестері айшықталып, ұрпаққа үлгі ретінде насихатталып жатқан тұста олардың қатарынан оның көрінбей, шетқақпай қалуы неліктен? Қарама-қайшылыққа толы Әбілқайыр заманын біржақты бағалау сонау XVІІІ ғасырдың өзінде-ақ басталған. Оның негізін ресми орыс әкімшілігінің шенеунігі И.И.Неплюев қалаған болатын. Оның пікірі барлық орыс зерттеушілері мен тарихшылары еңбектерінде еш талдаусыз-ақ пайдаланылып, Әбілқайырдың орыс отарлауына қарсылығы “оның бас хандыққа таласуы” және қазақтар арасындағы араздықты басты ұйымдастырушы ретінде қарастырылды. Мәселен, Әбілқайырмен замандас, 1734 жылдан Орынбор экспедициясында қызмет еткен П.И.Рычков өзінің “Топография Оренбургской губернии” еңбегінде қазақтарға жоңғарлар мен башқұрттардың қысымы күшейіп тұрған кездің өзінде-ақ қазақ билеушілері арасындағы “ақылдысы, әрі тез шешім қабылдайтын адам – Әбілқайыр”, екендігі мойындалғанымен, Ресейге қарсы түрлі әрекеттерге барып, халықты оған қарсы қоя білді және оның жоспарлары мен жауыздық әрекеттері “Орта жүз билеушілерін де ренжітті” деп түйінделген. Ал, Орынбор губернаторы И.И.Неплюев болса, ашықтан-ашық өзінің осы өлкедегі қазақтар бағытындағы саясатына қарсы шыққан Әбілқайырды 1742 жылы 27 қыркүйекте Ресейдің Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хабарламасында “Әбілқайыр ханның адалдығына келер болсақ, бізде баласының (Қожахмет.– Ә.М.) аманатта болғанына қарамастан, оған еш сенуге болмайды, ол алдаушы және тәкаппар адам” деп жеткізсе, келесі бір құжатта қазақ ханын Ресейге “ұлы қастық ойластырушы” дейді. (Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках. Сборник документов и материалов. А, 196. С. 254, 393). Осыдан бастап Әбілқайыр қазақтарды Ресейге, оған бас июге бастаушы ғана емес, сонымен бірге орыс патшасының Кіші жүздегі отарлау саясатына қарулы жасақпен қарсы тұрушы, кей жағдайда Еділ бойына, Башқұрт еліне дейін барып орыс империясының бодандары қалмақ, казак орыстар мен башқұрттарға шапқыншылықтар жасаушы деген екіұшты пікірлер зерттеулерге енеді. Сонымен бірге орыс әкімшілігі қазақтар арасына от жағып, біріне сый-сыяпатты үйіп-төгіп, екіншілеріне қырғи қабақ танытады. Мұндай жымысқы саясат орыс әкімшілігі өкілдерінің Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Барақ сияқты билеушілер жөнінде жазған хаттарынан айқын көрінеді. 1748 жылғы тамыздағы Әбілқайыр өліміне дейін И.И.Неплюев оған қарсы Барақты, ол арқылы Батыр сұлтандарды шебер пайдаланды. Губернатордың: “Әбілқайыр, Барақ тектері Кіші, Орта жүздер халықтарын тепе-теңдікте ұстау үшін ғана емес, сонымен бірге “жабайы” халықтарды жуасыту үшін де аса қажет”, деген ойлары іс жүзіасырылып, өз нәтижелерін беріп жатты. Осы сарындас хаттардағы пікірлер бүгінге дейін сан ұрпақтың санасына сіңіріліп келеді. Ондағы тұжырымдарды өзге деректермен жоққа шығару – қиынның-қиыны. Ал, енді қазақ хандары, сұлтандары, батыр-билері жазды делінген, астына мөрлері соғылған келесі бір хаттардың тобын талдасақ, оларда қазақтардың Ресей патшасынан “көмек”, “ақыл-кеңес” сұрап өтініш білдіргені мөлдірете көрсетіледі. Үнемі “аса мәртебелі” деп орыс кеңсесі талабымен жазылған хаттардың басым бөлігін дайындаған татар молдалары мен оны аударған орыс тілмәштары екенін көпшілік оқырман біле білмейді. Бірақ бізге жеткен мұндай хаттардың мәтіндері сол кезде-ақ орыс әкімшілігі ыңғайына орай өзгертілгені құпия емес. Мәселен, Әбілқайырдың 1746 жылы Орынбордан келген аудармашы А.Бекметевті тұтқынға алып, өз әрекетін “ішкі құпияны хабарламас үшін” деп түсіндіргені тілмәштардың барлық мәліметін қатаң сыни көзқарастан өткізуге жетелейді. Екінші бір мысал – Сырым батырдың 1792 жылғы 25 мамырдағы А.А.Пеутлингке жазған хаты. Оны оқып, танысқан генерал-губернатор “ешқандай түсініксіз”, “дөрекі”, “Ресей басшыларына қалыптасқан құрмет жоқ”, “патшаға бағынбайтындар жазған”, “хатқа жауап бермей, кері қайтару қажет” деген шешімге келіп, хаттың түпнұсқасын Сырымның өзіне жіберген (ОрОММ 5 қ., 1т., 44 іс, 111-116 пп.). Мұнан шығатын түйін біреу-ақ: орыс мұрағаттарына қазақ халқының мүддесін білдіретін құжаттар жолатылмады. Шындығын айтуға тиіспіз, кешегі кеңестік тарих ғылымы қазақ тарихын негізінен орыс деректеріне арқа сүйеп жазды. Деректердегі Ресейге қарсы әрекеттер, мәліметтер үнемі біржақты қарастырылып, отарлыққа қарсы күрестің түп тамыры хан-сұлтандардың әрекеттерінен, қазақтардың өзара күресінен, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылығынан іздестірілді. Ұлт-азаттық күрестердің аясы әдейі тарылды. Осындай жағдайда Әбілқайырдың қоғамдық-саяси қызметі толыққанды жазылуы да мүмкін емес еді. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі Ресей мұрағаты деректерін қазақ шежірелері, фольклоры материалдарымен салыстыра пайдалануға жол ашты. Бұған қосымша қытай деректері мен шетел авторлары еңбектерінің қолға тиюі тарих ғылымын құнды мағлұматтармен байытты. Бұл жағдай Әбілқайыр хан туралы соны тұжырымдар жасауға негіз қалап отыр. Біріншіден, Әбілқайыр хан өмірі мен қызметі — халқымыздың тарихының күрделі кезеңінде өрбіген құрамдас бір бөлігі. XVІІІ ғасырдың басындағы қазақ жағдайын Бөгенбай батыр Ақшаұлы 1748 жылдың 20 маусымында А.Тевкелевке толық анықтап береді. Оның суреттеуінше: біріншіден, жоңғар қалмақтарынан; екіншіден, Еділ қалмақтарынан; үшіншіден, башқұрттардан; төртіншіден, Сібір бағытындағы полковниктер Л.Парфениев, Ф.Матигоров басқаратын казак орыстар; бесіншіден, Жайық казак-орыстарының жойқын шабуылына тап болған (КРО. С.385). Ал Әбілқайырдың өзі “Жылдар бойы қонтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес... Оның үстіне Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұхара, Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық”, дейді. (Красный архив. 1936. №5/78) С. 197). Мұндай жағдайды А.И.Левшин де өзіне: “Неге өзге жүздерге қарағанда Кіші жүз қазақтары мазасыз?” деген сұрақты қоя отырып, оның себебін мұндағы географиялық орналасудан іздейді. “Кіші жүздің батысы, солтүстігі, оңтүстігінде тұрақтаған казак орыстар, қалмақтар, башқұрттар, хиуалықтар олармен жаулықта, тек шығыста ғана бауырлары — орта жүз қазақтары тұрады”, деген қорытындыға келеді. Г.Гельмгольт, Джорд Тоул, Уолф Шьербранд сияқты шетелдік зерттеушілер Әбілқайыр мен Бөгенбайдың пікірлеріне тоқталып, ұлы далаға қарсы қалмақ, казак орыс, башқұрттардың әрекеттерінің агрессиялық саясаты жатқандығын айғақтайды (Есмағамбетов К.Л. Что писали о нас на Западе. А, 1992. С. 94-95). Жоғарыдағы келтірілген деректерге назар аударсақ, сол тұстағы қазақтың басты жауы Ресей болғандығына көз жеткіземіз. Бүгінде қалмақтар, башқұрттар, казак орыстар Ресейдің көздеген жоспарын жүзеге асырушылар ғана, Жоңғарияны да қаруландырып, Қытаймен екі ортадағы плацдарм ретінде пайдаланған Ресей саясаткерлері болғаны жиі жазылып жүр. Олай болса, XVІІІ ғасырдың басындағы шиеленісті жағдайды Ресей қолдан жасады. Ерте ме кеш пе қазақ тағдыры орыс патшасының қитұрқы жоспары арқылы шешілетін еді. Түркі тілдес бауырлар — ноғай, татар, башқұртқа кигізілген қамыт қазақтарды да күтіп тұрды. Оның хабаршысы Кіші жүз руларына жойқын әскери шабуылдар мен тонаушылық салдарынан солтүстік-батыстағы жайылымдардың тарылуымен байқалды. Оған қабаттаса жоңғар жасақтары қазақтарды шығыстан батысқа, оңтүстікке ығыстыра бастады. Оңтүстікте парсы шахына сенген Хиуа, Бұхара хандықтары қазақтардың тығырыққа тірелген жағдайын өз мүддесіне пайдаланып қалуға ұмтылады. Қазақ тағдырының сын сағаты соқты. Тарих лабиринтінен шығудың жолы іздестіріле бастады. Екінші тағылым, қазақтардың орыс “бодандығын” ерікті түрде қабылдады деген тұжырымның орнығуына байланысты. Мұрағат құжаттарындағы “бодандық” туралы әңгіме басында башқұрт Алдарбай жүреді. 1730 жылғы орыс патшасына жазылған хаттар мен одан шыққан жазбаларда қазақтың басты жауы ретінде башқұрттар аталып, солармен келісу үшін “бодандық” мәселесі сөз болған. 1730 жылы қазан айында Санкт-Петербургке Әбілқайыр хан атынан келді делінген елшілер Сейітқұл Қойдағұлов, Құтлымбет Қоштаевтың айтуымен толтырылған жазбаға сенсек, “қазақ қалмақ, жоңғар қонтайшысымен бейбіт келісімге келеді де, тек башқұрттар ғана патшаның бұйрығынсыз келісімге” көнбейді. Мұндай мазмұндағы әңгімені М.Тевкелев қазақ даласына барып келгеннен кейін 1733 жылы 14 қаңтарда патша үкіметіне жеткізеді (КРО. С. 37, 49). Сонда Әбілқайыр ханды “бодандыққа” мәжбүрлеген Алдарбай мен башқұрттар ма? Алдарбай Есекеевтің өзі патша қолынан 1734 жылы қазақтарды келісімге әкелгені үшін тархан атағын алғанымен, 1740 жылы Ресейге қарсы башқұрттар көтерілісіне қатысқанына байланысты дарға асылады. Сонымен Әбілқайыр хан башқұрттар қаупінен сақтану үшін Ресейге бас иді дегенге кім нанады? Сол мақсатта “орыс бодандығын” қабылдады дегенді қалай түсінеміз? Ұлан-байтақ даланы билеп-төстеген, өмір бойы еркіндікті биік тұтқан көшпелі бабамыз бір күнде “бодандықты” қабылдады, оған басты кінәлі Әбілқайыр дегеніміз ақиқатқа жата ма? Өкінішке қарай, бұған да жауапты Ресей мұрағаттарынан іздейміз. Ондағы барлық құжатта “бодандық” жөніндегі келісім тайға таңба басқандай етіп көрсетіледі. Орыс мұрағатындағы М.Тевкелевтің жазбасында Әбілқайыр ханның “бодандықты” жалғыз өзі өзге хан-сұлтандардың келісімінсіз қабылдағандығы, оның жанында табын Бөкенбай, тама Есет батырлар болғандығы, старшындар мен қазақтардың көпшілігінің “бодандыққа” өшпенділігі ашық жазылған. Қазақтар тіпті М.Тевкелевтің өзін бірнеше рет өлтіруге әрекет жасаған. Ел игілері М.Тевкелевке Әбілқайырдың Ресеймен мұндай келісіміне Халық Кеңесі рұқсат етпегендігін жариялаған. Орыс елшісінің сөзіне сенсек, қазақ даласында 2 жылдай жүріп, түнделетіп, жанына Әбілқайырдың баласы Ерәлі сұлтанды, Нияз сұлтанды ертіп орыс патшасымен кездестіруге уәде беріп аттанады. Сонымен, Ата Заңды, яғни Халық Кеңесінің шешімінсіз саяси келісімінің жүзеге аспайтындығын жақсы білетін Әбілқайыр шынымен “бодандықты” көздеді ме, әлде тарихи құжат арқылы оқырман қауымды арнайы адастырған орыс саясаты ма? Біздіңше, әскери одақ, тиімді келісім, бейбіт көршілік іздеген Әбілқайырдың түсіне кірмеген “бодандықты” тықпалауды тоқтататын мезгіл жетті. Ол ешкімге, соның ішінде қазаққа енді пайда әкелмейді. Қазақтың Ресейге бодандығы қанды күрестің жеңілісі ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында жүзеге асты. Бірақ ол да толыққанды болды деу қиын. 1731 жылы 19 ақпанда Әбілқайыр орыс “бодандығын” қабылдады делінген патша грамотасының нақты мәтініне де, рухына да қазақ ханының кейінгі уақыттағы барлық іс-әрекеті, саясаты қайшы келеді. Оған төмендегі дәлелдемелерді келтіруге болады. Біріншіден, қазақтар орыс бодандары қалмақ, башқұрттар секілді алым-салық төлемеді. Ресей оны талап ете де алмады. Екіншіден, Әбілқайыр хан тірісінде хандықтың ішкі, сыртқы саясатына Ресейдің ықпалы жүрмеді. Үшіншіден, қазақтың ішкі басқару жүйесіне орыс өкіметі араласа алмады. Төртіншіден, Кіші жүз қазақтары солтүстіктегі, батыстағы жайылымдар үшін қалмақ, башқұрт, орыс казактарымен күресті тоқтатпады. Ол арада Ресейдің оларды өзара айдап салуға айласы жеткенімен, қазақ қолдарын Саратовқа дейін тоқтата алмады. Мәселен, қазақтар 1737 жылы 2 ай бойына Ресейге “адал” башқұрттарды шауып, өзіне бағындыруға ұмтылса, 1731жылы қыркүйек айында Мәскеу жолындағы керуендерді талқандады. Содан қазақтардан қорғану үшін Орынбор комиссиясының басшысы В.А.Урусов Самара мен Орынбор аралығына 2 зеңбірек пен қарулы жасақ шығарды (ОрОММ. 2қ., 1т., 6 іс, 35-36 пп). 1746-1747 жылы Әбілқайыр ханның өзі қол бастап Ресейдің ішкі губернияларына шабуыл жасады. Ал 1747 жылдың қысында теңізден өтіп, Жайық форпостарындағы казак орыстар мен қалмақтар мекендерін жойды. Орыс зерттеушісі В.Н.Витевский осы шабуылды қазақтардың “ұлы қырып-жоюы” деп бағалады. Бесіншіден, Ресей Әбілқайыр сұраған қару-жарақ, әскерді ешқашан да берген емес. Ал, қалмақ, башқұрттарды қай кезеңде де қаруландырып, біздің халқымызға қарсы салып отырды. Соған қарағанда Ресей қазақтарды “боданым” деп жар салғанымен, оған өздері де сенбеген. Әңгімеміздің басында біз екі тағылымды ежіктеп айтқан едік. Үшінші тағылым, Әбілқайыр ханның өз бауырлары қолымен өлтірілгеннен кейінгі ел игілерінің қалыптасқан саяси ахуалдан шығар жолды іздестірудегі қадамдарынан шығады. Мұрағат деректері қанды оқиғаға тікелей жауапты Барақ сұлтан болғандығын айғақтаумен қатар, ішкі қырғынға итермелеуші И.И.Неплюев екендігін де дәлелдейді. “Бөліп ал да, билей бер” саясатын іс жүзіне асырған Ресей, оның артынан Кіші, Орта жүздердің өзара таласын қоздыруды көздесе керек. Бізге маңыздысы Әбілқайыр өлтіріліп, елі жоқтағанымен, Барақ әрекетінің қазақтар арасындағы бірлікке, ынтымақтастық пен туысқандыққа сызат түсіре алмауы. Бұл арада Қазыбек бидің Бараққа: “Біз сен үшін Кіші жүзбен айтыспаймыз” (ОрОММ, 3 қ., 1т., 2 іс, 248-249 пп.) немесе Жәнібек тарханның: “Сен (Бараққа – Ә.М.) атақты және бас ханды өлтірдің, енді қашып құтылуға болмайды. Ең дұрысы Орта, Кіші жүздер ортасына көшіп келіп, әкесіз қалған, Орынбордағы аманатта қалған Айшуақ сұлтанды өз балаң Шығаймен ауыстыр” деген пікірлері ел игілерінің болашақтағы қазақ жайын ойлаудан туғандығын атап өтеміз. Кезінде мұны В.В.Вельяминов-Зернов: “Жәнібек тархан Түркістаннан Барақтың қызы мен ұлын өзіне алып келді. Мақсаты – араздасушы екі жақты құдандалы етіп табыстыру”, деп оң бағалаған-ды (Вельяминов-Зернов В.В. Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России с Средней Азии со времена кончины Абулхаир хана (1748-1765 г.г.)// Оренбургские ведомосты. 1853, № 5, С. 43-48). Яғни Әбілқайыр қаншама айбарлы хан, бас қолбасшы, ел тірегі қаза тауып, ішкі тартыс енді өршитіндей көрінгенімен, басты қорытынды елдің іргесінің сөгілмеуінде жатыр. Кеше де, бүгін де мәңгілікке елдігін сақтамақ болған халықтың басты мұраты да осында.

 

 


Информация о работе Кіші жүз ханы - Әбілхаиыр