Биология ғылымы қалаған берік негіз

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Мая 2013 в 15:26, реферат

Описание

Егін шаруашылығының басты мәселелерінің тағы бірі – химикаттардың әсерін барын¬ша төмендете отырып, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен емес, керісінше, био-логия¬лық азотпен тыңайту болып табылады. Биоло¬гиялық азот түйнек бактериялары арқы¬лы атмосфералық азотты сіңіру арқасында топырақ¬та жинақталады. Ауадағы азотты топы¬рақта сондай-ақ, бос еркін және сим¬биозды түрде тіршілік ететін азотфиксация¬лаушы микроорганизмдер арқылы жүзеге асыруға болады. Бұршақ тұқымдас дақылдар¬дың тамырларында тіршілік ететін түйнекті бактериялар атмосфера азотын өз бойына сіңіре алады. Бұл ретте, вегетациялық кезеңде көпжылдық бұршақ тұқымдастар өсімдіктері әр гектарына 200-300 кг азотты сіңіре алады.

Работа состоит из  1 файл

микро­биология.doc

— 29.95 Кб (Скачать документ)

Биология ғылымы қалаған берік негіз

26.05.2011

Алдағы онжылдыққа негізделген  басты бағыт халықаралық стандарт екендігін және қазіргі білім  мен ғылым, ең алдымен, бәсекелестікке төтеп беруі шарт екендігін Президентіміз талай рет қадап айтқан болатын. Осы бағытта қабылданған алғашқы «Білім туралы» Заң өз нәтижесін бергенін де білеміз. Енді экономиканы түбегейлі өзгерту кезеңінде Елбасымыз білім-ғылым саласында жаңа заң жасап, оны өндіріске енгізу барысында еліміздегі ерекшеліктерді ескеруді тапсырып отыр. Мұнда кімнің немен айналысатыны барынша нақтыланған, ғылымды инвестициялаудың көздері мен ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізудің барлық тетіктері ескерілген. Ендігі жерде ғылым өндіріске берері жоқ, жалған ғалымдардан арылып, жаңа кезеңге аяқ басатын болады. Ал бұл өз кезегінде ғылыми жаңалықтарды ашуға және оны өндіріске енгізуге тікелей жол ашады. Ал мақсатты инвестиция белгілі бір мақсатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражат қызметін атқарса керек. Ғылым мен өндірістің арасын жақындата түсетін мұндай тетікті бүгінде өмірдің өзі талап етіп отыр.

Иә, айта берсек бүгінде осы  мақсатқа қызмет етіп жатқан ғылымның саласы көп. Соның бірі біз сөз еткелі отырған микробиология. Бұл ғылым өмірге бүгін келіп отырған жоқ. Онымен көп жылдардан бері айналысып келе жатқан, ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттыру ісіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ірі ғалымдардың қатарына, биология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құрбанұлы Садановты жатқызуға болады. Мектеп, институт қабырғасы, одан еңбекке араласудан кейін талант иесінің ғылымға деген үлкен қызығушылығы оянған. Осы жолда тер төге еңбектенген.

1979 жылы А.Саданов Ленин  атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөліміне қарасты В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға түскен. Оның ғылым жолындағы алғашқы ұстазы Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі (кейіннен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі) Әлфарид Низамұлы Илялетдинов болатын.

Ұстазының жетекшілігімен ол органикалық мелиорантты пайдалана отырып, микробиологиялық үдерісті жандандыру жолымен Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тұзды топырақтың құнарлылығын арттыру мәселесін шешумен айналысты. 1984 жылы академик Ә.Н.Илялетдиновтің және сол кездегі биология ғылымдарының кандидаты Ш.З.Мамиловтың ғылыми жетекшілігімен «Ақдала алқабындағы тұздалған топырақты мелиоранттармен өңдегендегі микробиологиялық процестер» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1982 жылдан 1994 жылға дейін  12 жыл бойы Қазақ КСР Ғылым  академиясына қарасты Микробиология және вирусология институтында адал қызмет атқарады. Алдымен кіші ғылыми қызметкер, одан кейін ғылыми қызметкер, одан соң аға ғылыми қызметкер және жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет істеген ол ғылым жолындағы барлық баспалдақтардан өтті. Осы жылдары микроорганизмдер экологиясы зертханасының құрамындағы топырақ микробиологиясы тобына басшылық жасаған А.Саданов республикадағы микробиологияның топыраққа қатысты саласын дамыта отырып, республикадағы аталған саланың негізін қалаушы әрі жетекші ғалымға айналды.

А.Саданов «Микробиология – 03.00.07 мамандығы бойынша «Биологиялық белсенділіктің күріш егістігіндегі топырақтың құнарын тұрақтандыруға әсері» тақырыбын докторлық диссертациясының негізгі арқауына айналдырып, бұл еңбегін 1993 жылы өте сәтті қорғап шықты. Аталған жұмыстар шеңберінде Қазақстан үшін жаңа ғылыми бағыт – топырақ биотехнологиясы пайда болды. Оның негізі суға бастырылған күріш алқаптарының топырағындағы құнарлы қабаттағы қарашіріктің пайда болуы және оның ыдырауының микробиологиялық негіздерін анықтаудың арқасында нақтыланған болатын. Қазақстанның оңтүстігінде топырақтың экологиялық жағдайының төмен екендігін ескере отырып оны қалпына келтіруде микробиологиялық факторлардың негізгі рөл атқаратындығын дәлелдеп берді. Соның ішінде, егіс алқаптарында күріш дәнін сеппес бұрын, топырақты суға бастырып, сонан соң 10-15 күн бойы топырақ су астында жатқан кезде ғана топырақтың микробиологиялық үдерістері өз дәрежесінде пісіп жетіліп күріш дәніне қажетті қоректік заттар (азот) сақталып, өніп-өсуіне мүмкіндік жасалынады. Сонан соң күріш дәнін сеялкамен емес, ұшақпен себу арқылы күріш өсімдігінен жоғары өнім алатындығын дәлелдеп берді. А.Садановтың докторлық диссертациясының тағы бір ерекшелігі күріш дақылдарында жиі кездесетін және де оларды жиі зақымдайтын фузариоз және гельминтоспориоз ауруларына қарсы жаңа биологиялық күрес тәсілдерін ойлап табуында дер едік.

А.Садановтың жетекшілігімен Қазақстанда республикамыз үшін жаңа әрі өте маңызды ғылыми бағыт – жерді биологиялық өңдеудің маңызды компоненттерінің бірі топырақтың құнарлылығын арттыру биотехнологиясы сәтті даму үстінде.

Топырақ биотехнологиясының ғылыми-теориялық негізі ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу және де топырақтың құнарын барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін топырақ микроорганизмдерін ретімен пайдалану болып табылады. Сонымен қатар, ескеретін жай, топырақта үнемі жүріп отыратын микробиологиялық үдерістерді реттеп отыру арқылы ғана оның құнарын өз дәрежесінде арттыруға болатындығы. Оның артуы немесе төмендеуі тікелей топырақ биотасына байланысты.

Егін шаруашылығының басты мәселелерінің тағы бірі – химикаттардың әсерін барынша төмендете отырып, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен емес, керісінше, биологиялық азотпен тыңайту болып табылады. Биологиялық азот түйнек бактериялары арқылы атмосфералық азотты сіңіру арқасында топырақта жинақталады. Ауадағы азотты топырақта сондай-ақ, бос еркін және симбиозды түрде тіршілік ететін азотфиксациялаушы микроорганизмдер арқылы жүзеге асыруға болады. Бұршақ тұқымдас дақылдардың тамырларында тіршілік ететін түйнекті бактериялар атмосфера азотын өз бойына сіңіре алады. Бұл ретте, вегетациялық кезеңде көпжылдық бұршақ тұқымдастар өсімдіктері әр гектарына 200-300 кг азотты сіңіре алады. Бұл тек бұршақ тұқымдас дақылдарына ғана емес, сонымен қатар келесі егілетін ауылшаруашылық дәнді дақылдарының минералды азотты тыңайтқыштарының қолдануынсыз-ақ өсіп-өнуіне жеткілікті. А.Садановтың шәкірттерімен бірге топырақты тыңайтатын «Нитрагин» және «Ризовит АКС» биопрепараттарын жасап шығарып оны өндіріске енгізу оның ірі жетістігі.

Зерттеу барысында Қазақстанда  өсетін бұршақ тұқымдас өсімдіктерінің (соя, жоңышқа, түйежоңышқа және т.б.) тамырында кездесетін ауадағы бос азотты өз бойына сіңіретін түйнек бактериялардан жоғары белсенді штаммдары бөлініп алынды және оған отандық тиімді толықтырулар таңдалынды. Препаратты қолданысқа енгізгеннен кейін соя астығының өнімі 33-35 пайызға дейін артты, бұл орташа түсімге қосымша астық жиынының гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсетеді. Бұршақ тұқымдас өсімдіктері топырақты тек азотпен және органикамен байытып қана қоймайды. Сонымен бірге, ауылшаруашылық малдарына арналған жоғары сапалы белоктық азық болып табылады. Оған қоса осы дақылдардан соң ауыспалы егістікте егілетін дақылдар үшін де топырақты құнарландырады. Екінші маңызды мәселе, көпжылдық бұршақ тұқымдас өсімдігінің, әсіресе, жоңышқа дақылы дәнінің сыртындағы қатты қабығы кедергі келтіретіндігінде және де олардың өнімін жоғарылатуды жолға қоюда. Оның шешімін табу үшін тұқымның шығымдылығы мен өнімділігін арттырудың микробиологиялық тәсілі қолданылады. Яғни, целлюлозолитикалық бактериялар өз бойынан целлюлоза ферменттерін бөліп шығарып, осы ферменттер тез арада аталған дақылдың дәндерінің сыртқы қабатын бұзып, нәтижесінде, дәннің шығымдылығын едәуір арттырады. Бұл микробиологиялық әдіспен тұқымды себер алдындағы өңделген дәндердің шығымдылығы шамамен 60-дан 90 пайызға артатындығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Демек, микробтық препараттарды шығарып, олардың өндіріске енгізілуі, Қазақстанның микробиология саласының дамуының бірден бір көзі болып табылады.

1994 жылдан бастап А.Саданов  профессорлық-оқытушылық жұмысқа ауысты. 1994-1995 жылдары ол Қазақ ауыл шаруашылығы институты биология және экология кафедрасының профессоры, ал, 1995 жылы аталған кафедраның меңгерушісі болып еңбек етті. 1996 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының базасында Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылды. Бұл кезде Экология кафедрасы университеттің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. 1996 жылы А.Садановтың бастамасы бойынша Қазақстанда алғаш рет «Агроэкология» мамандығы ашылды. Амангелді Құрбанұлы кафедра қызметкерлерімен бірге «Агроэкология» мамандығын дайындауда, олардың құжаттарын, паспорттарын дайындауда және оны оқу үдерісіне енгізуде ауқымды жұмыстар атқарды. Аталған бағытты дамытудың арқасында, республиканың аграрлық секторындағы экологиялық проблеманы терең түсінетін, оны шешуге қабілетті, агроэкожүйе мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете білетін жоғары кәсіби білікті мамандар көбейді.

Қазіргі заманауи білікті  маманды оқу мен ғылыми зерттеулерді үйлестіре отырып қана тәрбиелеуге  болады. Студенттердің ғылыми зерттеулерге қатысуы шығармашылық ой-өрісті дамыту, жаңа білімді жинақтау мен көздеген мақсатқа жету үшін өте қажет. Сараптамалық зертхананың құрылуы жоғары мектептерде білім беру үдерісінің ғылыммен бірігуіне үлгі болды. Аграрлық университеттің студенттері дипломдық жобаларын дайындауға, магистратурада, аспирантурада оқуға, ғылым кандидаты, кейіннен ғылым докторы дәрежелеріне қол жеткізу үшін ғылыми-өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Сондықтан, А.Садановтың күш-жігерінің нәтижесінде Қазақстанда «Агроэкология» ғылымы бағытындағы жоғары білікті мамандар даярлау ісі ұйымдастырылып, жолға қойылды.

2002 жылы А.Саданов «Қазақстан  Республикасы Ұлттық биотехнология орталығы» Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ол Ұлттық биология орталығы құрамындағы мамандар құрамын күшейту үшін қазіргі кезде аталған ғылыми орталықтың негізгі діңі болып отырған алматылық жас ғалым-биологтардың үлкен тобын Астана қаласына әкелді. Дәл осы жылы профессор А.Садановтың бастамасы бойынша ҚР ҰБО жанынан Экологиялық биотехнология зертханасы құрылды. Осы аталған зертханада Алматыдан келген жас ғалымдар еңбек етті. Оның ғылыми жетекшісі Амангелді Құрбанұлы болды.

А.Садановтың басшылығымен мал азығын дайындауда әртүрлі өсімдіктерді сүрлеу үшін «Казбиосил» атты тиімділігі өте жоғары жаңа препараттың өндірісі қолға алынды. «Казбиосил» препараты жоғарғы активті сүт қышқылды бактериялар штаммдары бар құрамы жақсартылған ашытқыдан тұрады. 2008-2010 жылдар аралығында республика көлеміндегі шаруа қожалықтарда «Казбиосил» препаратын қолдану арқылы 500 мың тоннаға тарта жүгерінің сабағынан, дәнді дақыл өсімдіктердің сабанынан және сүрленуі қиын өсімдіктерден сүрлем жасады. Нәтижесінде, азықтың құрамында құрғақ заттардың едәуір артқандығы, малдарға азықтың сіңімділігі, олардан сауылатын сүттің мөлшері мен майлылығының артқандығы байқалды. А.Садановтың шәкірттері қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдаланып және олардың сапасын арттыра отырып, республика аумағындағы шаруа қожалықтарына аталған препаратты енгізу мақсатында қарқынды жұмыс атқаруда.

А.Саданов екінші мамандығы  эколог болғандықтан да топырақтың экотоксиканттармен ластануына көз жұмып қарай алмады. Соңғы жылдары Амангелді Құрбанұлының жетекшілігімен оның шәкірттері топырақты ауыр металдардан, мұнаймен ластанудан және тағы басқа ксенобиотиктерден микробиологиялық жолмен тазалау мәселелерімен белсенді түрде айналысып келеді. Топырақтың мұнаймен ластануының биоремидиациясы және биоиндикациясы мәселелеріне айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл өз нәтижесін беріп, «Бакойл-KZ» отандық биопрепараттарды қолдану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазалаудың жаңа технологиясын жасап шығарды.

2004 жылы Үкімет қаулысымен  республикадағы биология саласындағы ғылыми мекемелерді басқаруға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын өз уақытында әрі сапалы орындауға байланысты Алматы қаласында  Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Биологиялық зерттеу орталығы» құрылды. Оның Бас директоры болып профессор А.Саданов тағайындалды. Биологиялық зерттеулер орталығының құрамына 9 еншілес мемлекеттік кәсіпорын мен 3 филиал енді. Аталған орталық жоғары оқу орындары, медициналық зерттеу мекемелері мен биологиялық ғылыми-зерттеу салаларының ғылыми жұмыстарын ұйымдастырушылық және үйлестірумен қамтамасыз етті.

Орталық шеңберінде биология ғылымы саласында ірі ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар құрылды. Бұл өз кезегінде топырақтанушыларды, ботаниктерді, жануартанушыларды, молекулярлық биологтарды, генетиктерді, микробиологтарды, вирусологтарды, экологтар мен физиологтарды өзара біріктіре отырып үлкен маңызды ғылыми жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде, Орталық қызметінде биологиялық саладағы барлық ғылыми зерттеулері бірыңғай кешенге жинақталды. Осының арқасында ғылыми-зерттеу жұмыстардың тиімділігі мен оны жүзеге асыру жолдары жаңа дәрежеге көтерілді. Биология саласындағы зерттеулердің ғылыми дәрежесін көтеру үшін Қазақстанның белгілі ғалымдары құрамына енген Орталықтың ғылыми-техникалық кеңесі құрылды. Аталған Орталықтың ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы болып А.Саданов сайланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Биологиялық зерттеулер орталығын қайта құрылымдау туралы қаулысына сәйкес 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап А.Саданов Микробиология және вирусология институтына Бас директор болып тағайындалды. Өзінің төл институтына оралғанда, ол шығармашылық қуат пен бұлқынысқа толы, жаңа жоспар мен идеяға бай, тәжірибелі басшы ретінде көріне білді. Аталған институтқа бірінші басшы болып келісімен қызу ұйымдастыру жұмыстарын бастап кетті. Айтар болсақ, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, медицина және ветеринария салаларына арналған биопрепараттар өндірісін ұйымдастыру және ғылыми зерттеулерді кеңейту, ғылыми-техникалық бағдарламалар жасауға көп назар аударып, үлкен күш жұмсай бастады. 2010 жылы А.Садановтың төл авторлығымен «Топырақ экожүйесіндегі мұнайдың биотрансформациялануы» атты монографиясы жазылып, басылып шықты. Бұл еңбекте Батыс Қазақстан өңіріндегі мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру бағытындағы көп жылғы ғылыми зерттеулердің нәтижелері қамтылған болатын.

Амангелді Құрбанұлының ғылыми және педагогикалық жұмысындағы  нәтижелеріне көз жүгіртсеңіз, ризашылық  сезіміңіз оянады. Осы уақытқа дейін оның авторлығымен 420-дан астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 9 монография, 3 оқулық және жоғары оқу орындарына арналған 2 практикум жарық көрді. Мұның сыртында 7 әдістемелік құрал дайындалып, 34 авторлық куәлік пен патент алынған. А.Саданов көп уақыты мен күш-жігерін жоғары білікті мамандар әзірлеуге бөлді. 2005 жылдан 2010 жылға дейін «Микробиология және вирусология институты» жанындағы «микробиология», «вирусология» және «экология» мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі Біріккен диссертациялық кеңесі А.Садановтың жетекшілігімен жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оның ғылыми мектебі микробиологтар, биотехнологтар және экологтармен белгілі дәрежеде толыға түсті. А.Садановтың жетекшілігімен «микробиология», «экология» және «биотехнология» мамандықтары бойынша 40 кандидаттық және 12 докторлық диссертация қорғалды. Профессор А.Садановтың шәкірттері бүгінде белгілі ғалымның тәлімін көптеген ғылыми және мемлекеттік жоғары оқу мекемелерінде лайықты жалғастыруда.

Информация о работе Биология ғылымы қалаған берік негіз