Арал өңірінің экологиясы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Марта 2012 в 12:36, научная работа

Описание

Жұмыстың мақсатына жету үшін алға қойылған міндеттер:
- Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған жаңа құрлықты кешенді зерттеп, табиғи қорларының шаруашылық потенциалын анықтау;
- Жаңа құрлықта егіншілікке жарайтын жер көлемін анықтап, теңіз жағалауында суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми негізін жасау;
- Арал өңірінде экологиялық жобалар жүзеге асырылуына байланысты Сырдарияның төменгі ағысында дәстүрлі шаруашылық салаларын жаңа экологиялық жағдайға бейімдеп дамытуды ғылыми негіздеу;
- Өңірде табиғи-шаруашылық нысандарды ластайтын заттардың жиналуы мен таралуын зерттеп, зиянды зардаптарын азайтудың жолдарын реттеу.

Работа состоит из  1 файл

avt_nurgizarinov.doc

— 840.50 Кб (Скачать документ)

Топырақ пен өсімдік үлгілерін алған бақылау учаскелерінде топырақ бетінің жалпы радиациялық активтілігі 102  нүктеде өлшегенде топырақ бетіндегі жалпы активтіліктің орта деңгейі 15,4 мкр/сағатты көрсетті. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша орта көрсеткіш 20 мкр/сағаттан едәуір төмен.

7.5 Арал өңірінде мұнай өндірудің экологиялық күйін реттеу. Өңірде экологиялық дағдарыс өршіп тұрғанда оған мұнай өндірісі қосылып, жағдайды тіпті қиындатып жіберді. 1990 жылдан 2005 жылдың аяғына дейін «Құмкөл» мұнай кенішінде ілеспе газ шырақ болып жанып тұрды. Енді ғана соның азғантай бөлігі Қызылорда қаласына жеткізілді. Шырақ болып жанған ғаздың топыраққа түскен қалдық продуктыларын анықтау мақсатында ТҚ-8 (топтық қондырғы) учаскесінде топырақтың 0-20 см-ік қабатынан алынған үлгілердің су сығындысы талданды. Сонда мұнай өндіретін құбырқұдықтың (2057) төңірегінде топырақта катиондардан магнийдың мөлшері өте көп, тіпті аномалдық деуге болады. Өйткені, бұл аймақтың сұр қоңыр топырақтарында магнийдың концентрациясы кальцийден артық болмайды. Шырақ қондырғының төңірегінде топырақта хлор өте көп – 5,45 мг/экв. 100 гр топыраққа  есептегенде. Бұл осы өңірде мұнай өндірісінен эко жүйенің ластанып жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге мұнай құбырларын бойлап, жер астының суы ой-шұқырларды толтырып тұр. Сол себепті, Құмкөл мұнай өндірістік бірлестігінің Арал өңірінде қоршаған ортаны ластау жағынан республика бойынша ең алдыңғы үштіктің бірі болып отыр.

7.6 Полиметалл кенін өндірудің экологиялық жағдайға әсерін шектеу. Бар мәлімет бойынша Арал өңірінде қорғасын, мырыш, қоңыр көмір, алтын мен күміс аралас полиметал, уран кендерінің мол қоры жатса керек. Солардан 1981 жылдан бері құрамында қорғасын мен мырыш бар полиметал беріп тұрған Шалқия кенішіндегі металдың қоры 30 млн.тоннаға бағаланады. Шалқия полиметалының бір тоннасында 0,32 ден 0,8 пайызға дейін қорғасын бар. Шалқия кеніші жылына 200,0 мың тонна кен өндіруге есептелген болатын, ал қазір 400,0 мың тоннаға дейін кен беретін қуатты нысанға айналды. Полиметалл кенін өндіру, тасымалдау және өңдеу барысында атмосфераны ластайды. Сонымен бірге шахтадан сыртқа айдайтын су егіндік, шабындық және жайылымдарды суарудың орнына кеніштің төңірегіндегі ой-шұқырларды толтырып жатыр. Оған қоса үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар да аз емес. Қазір шалкияның экономикалық пайдасынан гөрі экологиялық зияны басымдау болып тұр.

7.7 Уран кенін өндірудің экологиялық проблемалары. Қызылорда облысының аумағында экономика үшін пайдалы саналатын, бірақ тірі табиғат үшін аса қауіпті уран кен орны жұмыс істейді. Ол Шиелі ауданындағы Қарамұрын кеніші. Мұнда жер қойнауына концентрлі күкірт қышқылын құйып, ураны бар тау жынысын шаю арқылы қоймалжың қышқыл ертіндіні сорғыш қондырғының көмегімен тартып алады. Бастапқы шикізат түрінде алынған кенді арнаулы ыдысқа құйған соң, әлі байытылмаған уран кенінің радиоактивтілік зияны болмайтын көрінеді. Бірақ бұл өндірістің қауіптілігі басқада. Қазіргі кезде Шиелі аумағында жерастындағы тұщы су көзі күкіртқышқылымен толық ластанып болды, ал ол судың құрамында уран элементі болуы әбден мүмкін. Қабаттағы су капилляр арқылы жер бетіне дейін көтеріліп, өсімдік-жануарлар тізбегімен жылжитын радиоактивті зат біртіндеп адам организміне жетуі мүмкін. Сөйтіп, бұл аймақта экологиялық ахуалдың жағдайы нашар. Бірақ бұл мәселе тек үкімет деңгейінде ғана шешілетін болғандықтан өткір күйде қалып отыр.

8. Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру.

8.1 Елдің материалдық тұрмыс жағдайын жақсарту. Халықтың әлеуметтік күйі көптеген сыртқы факторлардың ықпалымен өзгеріп тұратын динамикалық көрсеткіш. Ол ең алдымен елдің материалдық тұрмысына байланысты. Экономикасы аграрлық салаға негізделген Қызылорда облысында егін мен малдың өнімі күрт азаюы себепті азық-түлік базасының қалыптасуы халықтың мұқтажын толық өтей алмай тұр. Халқының көпшілігі ауылдық жерде тұратын Қызылорда облысында адам организміне ең керекті азық-түлік түрлерін тұтыну ғылыми негізделген нормадан ет пен сүт – 3, көкөніс пен картоп – 1,7, жұмыртқа – 7, балық – 5 есе кем болып отыр. Облыс тұрғындарының басым көпшілігі материалдық тұрмысы жағынан ортадан төмен болуы себепті көбінесе арзан нан өнімдерін тұтынады. 1998 жылы облыс тұрғындары нанды қажетті нормадан 1,5 есе артық тұтынды және оған отбасы табысының 26,6 пайызын жұмсады. Бұл жағдай адам организміне пайдалы заттардың балансы сақталмайтынын көрсетеді.

8.2 Ауызсудың сапасы және оның әлеуметтік салдарын реттеу. Халықтың әлеуметтік күйінің төмендеуіне сапасыз ауыз су мен санитарлық-гигиеналық жағдайдың нашарлауы күшті ықпалын тигізіп отыр. Облыс жеріндегі ірі елді мекендер мен Қызылорда қаласы тұрғындарының 70 пайызы Сырдария өзенінің суын ішеді. Ал өзен суының сапасы төмен, өйткені, минералдығы мен ластану деңгейі талапқа сәйкес емес. Соңғы жылдары Арал өңірінде егін өнімінің, көбінесе көкөніс, бақша, жеміс-жидек, картоп дақылдарының генеративтік (жеміс) органдарында азоттың нитрат түрі жиналуы себепті өнімнің сапасын төмендетіп жіберді. Өнімдегі бос нитраттар (қоректену тізбегі) адам организміне өтіп, ауру қоздырады. Нитраттар организмге өткен соң әртүрлі нитрозоқосылыстарға айналады, ал олар канцерогендер деп танылады. Сол улы заттар адам организміне бірден көп мөлшерде түскеннен гөрі аз-аздап жиі түсіп тұрса бұл өте қауіпті болатыны ғылымда дәлелденген.

8.3 Жайсыз факторлардың адам денсаулығына зиянды әсерін азайту. Өңірде қоршаған ортаның сапасыздығы, судың ластануы, азық-түліктің тапшылығы, егін өнімінің химиялық ластануы сияқты жайсыз факторлар ел ішінде ауру-сырқаудың көбеюіне себеп болып отыр. Ауру-сырқаудың көбеюі мен экологиялық ахуалдың қиын күйде қалуы өңірде халық санының өсімін шектеуші фактор болып тұр.

1990 жылы 1000 адамға есептегенде туған бала саны 32,2 болса, 1996 жылы бұл көрсеткіш 24,4-тен айналды. Осы кезеңде халықтың табиғи өсімі 24,9 адамнан 16,6 адамға дейін азайды. Әлеуметтік қиындықты сипаттайтын көрсеткіштер ретінде өлім-жітім мен адам жасының ұзақтығын айтуға болады. Кеңес Одағының тұсында тірі туған әр мың баланың 27-і шетінеген болса, ересек адамдардың өмірінің ұзақтығы орташа 64,8 жыл, ал әйелдердің орташа жасы 75,6 болғанды. 1997 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда тірі әр мың баланың 40-ы шетінеп, ересек ер адамның өміржасы 59,7-ге, әйелдердің орта жасы 70-ке дейін азайғаны белгілі болып отыр. Арал өңірінде қазіргі қалыптасып отырған әлеуметтік жағдайды жөндеу үшін мынадай шаралар орындалуы тиіс, ол үшін:

- өңірдегі барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасы тамақтану институты Арал өңірі тұрғындары үшін дайындаған азық-түлік тұтынудың физиологиялық нормасын қайта қарап, осы өңірдің тұрғындарына азық-түлік тұтыну нормасын басқа аймақтардан көбірек және калориясын күштілеу етіп беруі керек. Сонда ғана өңір халқының организмі экологиялық қиындықтарға шыдас беретін болады. Ол үшін мемлекет тарапынан беріліп отырған өтемге (компенсация) қосымша қаржы қосылуы тиіс;

- медициналық мекемелерді өңірдің тұрғындарына талапқа сай қызмет ететіндей деңгейде қайта жабдықтау керек.

Қорытынды

 

1 Арал өңірінде табиғат қорғау жобалары – Солтүстік Арал теңізін (САТ) сақтау Сырдария өзеніне «Ақлақ» су электростансасын салу және Сырдарияның төменгі ағысындағы ірі суармалы алқаптарда ирригация жүйесін қайта жаңғырту, жүзеге асуына байланысты экологиялық ахуал біршама тұрақтанып, табиғи процестердің даму бағытын басқаруға және табиғи қорларды тиімді пайдалануға қолайлы жағдай қалыптаса бастады. Бұл өз кезегінде шаруашылық салаларының барлық түрлерін өрбітуге мүмкіндік туғызады.

2 Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған аумағы 21,4 мың шаршы шақырым (км2) жаңа құрлық алғашқы рет кешенді зерттеліп, онда аллювийлік шөгіндіде пайда болған топырақ түрлерінің мелиоративтік күйі тәуір екені анықталды. Ондай жердің көлемі 3,5-4,0 мың гектар және оған өзен арналық қырқаның, көларалық ойпаттар мен құрғақ көлтабандардың гидроморф топырағын қосқанда елді мекендермен су көзіне жақын орналасқан егіске жарамды жердің көлемі 10-12 мың гектарды құрайды.

3 Сол жерлерде ауылшаруашылық дақылдармен (қияр, помидор, жуа,сәбіз, капуста, қызылша, қауын, жоңышқа) далалық және вегетациялық (бидай) тәжірибелер жүргізгенде егін ортадан жоғары сапасы тәуір өнім берді, сөйтіп, теңізден шыққан жерді мелиоративтік күйіне қарай шаруашылық айналымға қосуға болатыны анықталды. Бұл жағдай теңіз жағалауында алғашқы рет суармалы егіншілікті практикаға енгізіп, оны дамытуға мүмкіндік туғызып отыр. Қазіргі кезде теңіз жағалауындағы байырғы 11 елді мекенде 6323 адам тұрады. Соларды егін егуге жұмылдырып, көпсалалы (егіншілік, мал шаруашылығы, балық өндірісі) шаруа қожалықтарын жүргізудің тиімділігі айқындалды.

4 Ол үшін «Арал өңірінде егіншілікті және өлкені көгалдандыруды қолдау тәжірибе-эксперименттік орталық» ұйымдастыру қажет. Орталық ұйымдастыру туралы біздің ұсыныс Қызылорда облысының әкімдігі мен Қызылорда облыстық «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу» департаменті тараптарынан қолдау тауып 2007-2009 ж.ж. орындалатын құны 22,2 млн.теңгелік жоба қолданысқа берілді. Орталық ұйымдастыратын жер телімі (7,5 гектар) Қызылорда облысы Арал ауданының Қаратерең елді мекенінің жер аумағынан алынды, сызымы бар, 2007 жылы жерді дайындау жұмыстары орындалды. Тәжірибе эксперименттік егіс 2008 жылы егіледі, жергілікті дихандармен семинарлар өткізіледі, агротехникалық ұсыныстар беріледі.

5           Арал өңірілік сырдарияның төменгі ағысындағы суармалы алқаптарда ауыр экологиялық-мелиоративтік жағдай қалыптасып отыр. Көп жылдық біздің жүргізген ғылыми зерттеулеріміздің нәтижесі мен шаруашылықтардың суармалы жерді күтіп-баптау тәжірибелерін сараптайтын болсақ, қазіргі оңтайлана бастаған экологиялық жағдайда суармалы жерді мелиоративтік сауықтырып, тиімді құнарын көтеру үшін үш бағытты кешенді шараларды орындау керек. Олар ирригациялық жүйені талапқа сай деңгейде жұмыс істейтін күйге келтіру үшін қажетті 2,0 млрд. теңге инвестициялық салым, сапалы орындалған ағымдағы агротехникалық ұйымдастыру шаралары және топырақты органикалық затпен байытылған биологиялық белсенділігі жоғары ортаға айналдыру болып табылады. Бұл өңірде суармалы жердің күтімі болмаса шаруашылық салаларының қай-қайсысы да нәтижелі болмақ емес.

6           Арал өңірінің табиғи ерекшелігіне байланысты көне заманнан бері үзіліссіз қатар дамып келе жатқан шаруашылықтың негізгі үш саласы – суармалы егіншілік, мал шаруашылығы және балық өндірісі экологиялық тоқыраудан ауыр зардап шекті. Қазіргі кезде оңтайлы экологиялық жағдайдың қалыптасуына байланысты салаларды көтеруге бағытталған ғылыми негізді шараларды жүзеге асыруды ұсынамыз:

   суармалы егіншілік саласында жүргізген көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін және өңірде 40 жылдық суармалы егіншілік тәжірибесін сараптай отырып, мұнан былай Сырдария өзенінің ағысы азая беретінін еске алсақ, ең алдымен суармалы егістің құрылымын қайта қарау керек. Сонда суға тілек күріш егісінің көлемін 50,0 мың гектарға дейін ықшамдап, оның көпшілігін жер жағдайы күріш егіндігіне қолайлы орталық ескі атырауға орналастыру қажет. Бұл жағдайда күріш егісінің  бір гектарынан 45,0 центнерден таза өнім алып, жалпы түсімі 225000 тонна астық өндіріледі. Бұл Қызылорда облысының 624,5 мың халқының жан басына есептегенде жылына 360,0 келі салыдан (ақталмаған күріш) немесе 140,0 келі ақталған күріштен келеді, яғни сұранысқа толық жетеді. Сонымен бірге бидай егісінің көлемін 45,0 мың гектарға жеткізіп, гектарына орташа 28,0 центрнерден өнім алғанда жалпы түсім 126000 тонна астық болады. Сонда Қызылорда облысының халқы Солтүстік облыстардан ұнды тасымалдаудан құтылады. Күріштен босаған жер-суды, қаржы-қаражатты іркіп суаратын дақылдардың (жүгері, арпа, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, жоңышқа) егіс көлемін көбейтуге пайдаланып, суармалы егіншілікті көпсалалы дамытуға болады. Бұл жағдайда егіншіліктің құрылымын жаңа экологиялық жағдайға бейімдеу арқылы суармалы жердің экологиялық-мелиоративтік күйін сауықтырып, тиімді құнарын көтеруге және ұзақ мерзімде жерді аздырмай пайдалануға қол жетеді;

   мал шаруашщылғын көтерудің ең тиімді жолы ретінде Арал өңірінің әр аймағында мал азықтық табиғи шөп қорларын тиімді пайдалануды реттеумен бірге егіс алқаптарының төңірегінде жасанды шабындық пен жайылым жасау қазіргі қалыптасып отырған қуаңшылық жағдайда нәтижелі болатыны анық;

   өңірде балық өндірісінің потенциалын толық пайдалану үшін Солтүстік Кіші Арал теңізінің айдынын 330,0 мың гектарға және көл жүйелерін қалпына келтіріп, олардың айдынын қосымша 60,0 мың гектарға жеткізу, балық питомниктерінің («Қосжар», «Тастақ») жұмысын күшейту және саланы кластерлік жүйемен жүргізу арқылы жылына 10,0 мың тонна балық өндіруге болады.

7 Өңірлік нысандарда (топырақ, өсімдік, азық-түлік, адам организмі) әртүрлі химиялық заттардың жиналуын және трофиктік тізбекпен таралуын зерттегенімізде (1 келі массадағы мөлшері мг есебімен) олардың мөлшері мынадай болды:

- топырақта: қорғасын (Pb): -13,6, мыс (Cu)- 20,08, мырыш (Zn) -10,3, кадмий (Cd) – 0,56;

- мәдени өсімдікте (бидай, жүгері, күріш, жоңышқа) – қорғасын -1,2-2,5,   жабайы өсімдіктерде (қамыс, жантақ, ақбас, қарабарқын)-0,9-дан 4,5-ға дейін; мыс тиісінше 3,6-10,4 және 4,9-9,0; мырыш – 14,1-22,2 және 15,4-37,5; кадмий – 0,05-0,35 және 0,04-0,24;

- азық-түлікте (ет, сүт, балық, ұн, көкөніс, бақша) – қорғасын – 0,01-0,06, мыс – 0,02-0,72, мырыш – 0,28-1,54, кадмий – 0,21-0,140;

- адам организімнде (қан) мг/л есебімен қорғасын – 0,001-0,01, мыс – 0,001-0,60, мырыш – 0,003-0,053, кадмий – 0,001-0,030.

Осы мәліметтер негізінде ауыр металдардың нысандарда жиналуы орта деңгейде, сондықтан тірі табиғатқа өте қауіпті емес деп бағалауға болады. Ауыр металдардың нысандарда, әсіресе азық-түлікте  жиналуын, сол арқылы адам организміне зиянды әсерін болдырмау үшін егістік жердің топырағында биологиялық құнарлықты күшейтіп, құрамында ауыр металдар болатын минералдық суперфосфат тыңайтқышын қолдануды шектеу және егінді таза сулармен (қашыртқы суы қосылмаған) суару қажет.

8     Табиғатты ластайтын аса қауіпты заттар ретінде радионуклидтер стронций – 90 мен цезий -137-ның топырақ пен өсімдікте жиналуын зерттеулеріміздің нәтижесі мынадай болды:

   топырақта (1 келі топырақта және өсімдікте Беккерель өлшем бірлігімен) – С-90 -5,9 және Ц-137-8,06 Бк/кг; өсімдіктерде (күріш, жүгері, жоңышқа) –генеративтік органдарында -1,25-1,32 және вегетативтік органдарында -3,1-3,2 Бк/кг. Бұл көрсеткіш орта деңгейге сәйкес келеді, яғни радиациялық фонды көтеретіндей дәрежеде емес. Оны бақылау учаскелерінде топырақ бетінің 102 нүктесінде радиациялық активтілігін өлшегенде жалпы активтіліктің орта көрсеткіші 15,4 мкр/сағат болды. Бұл Қазақстан бойынша орта көрсеткіш 20 мкр/рентген сағаттан едәуір төмен болғанын растайды. Соған қарағанда Арал өңірінде радиациялық жағдай тірі табиғатқа қауіпті болатындай емес деп айтуға болады.

9     Арал өңірі тұрғындарының көпшілігінде әлеуметтік жағдайы ортадан төмен, сондықтан оны көтеру үшін мынадай шараларды орындау қажет:

   өңір тұрғындарының азық-түлік тұтыну деңгейін ғылыми негізделген нормаға сәйкестендіру, экологиялық таза өнім өндіруді (көкөніс, бақша, жеміс-жидек, картоп), елді түгелдей сапалы ауыз сумен қамтамасыз және медициналық қызмет деңгейін көтеруді ұсынамыз.

Информация о работе Арал өңірінің экологиясы