Өмір әдебі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Февраля 2013 в 21:29, реферат

Описание

Өмір әдебі
1. Өмір әдебі туралы даналық ойлар
2. Өмір сүру заңы
3. Адам мінезінің өмір сүру әдебіне қатыстылығы

Работа состоит из  1 файл

адеп).doc

— 86.50 Кб (Скачать документ)

Ұялту – ұлт қағидасын бұзған, әдептен аттаған, қоғамдық ортада тұрпайы  мінез-құлық танытқан, кісі намысын қорлаған, жала жапқан, жалған сөйлеп өсек таратқан, сыпайылық шеңбердің шегінен шыққан, соның бәрін жөн көріп, қатесін мойындамаған адамды жанашыр жолдастарының, ағайын-туыстарының сыпайы сөздермен сипай қамшылап, қылған қылығының өрескелдігін, жағымсыздығын түсіндіріп, бір жағынан арын, намысын қыздырып, екінші жағынан мұқатпай, айыбын бетіне басып, тәубаға келтіріп ұялту. Кеңеске ұйып, ақылға көнген адам өкінеді, қапаланады, ұятсыздығын кешірудің амалын, ұятқа тасаланудың жолын іздейді.

Ұятсыздық адамға опа бермес жамандық. Тек ұятты кісі сиятты.

Намыс-мінездің айбыны. Адами  кие мен қасиетке шаң жуытпас, кір жұқтырмас қайсарлық. Абыройға дақ түсіртпес өжеттілік. Адам құқы мен еркіндігінің оққағары, берік  бақаны, тапжылмас тірегі. Шайпау, сумаң сөзге қытым. Кісілік құндылықтардың сақтық қоры. Өмір мәнділігінің өзегі. Өктемдіктен араша. Жосықсыздыққа айбар, осалдыққа жігер. Адамгершілік соты, әрі айыптаушысы, әрі қорғаушысы. Серттің семсері. Арсыздық тарамын қиып түсер алдаспан. Бір жағынан күйкі тіршілікке қорлану, озбырлыққа күйіну. Ездікке, ынжықтыққа қынжылу. Жігерсіздікке, босбелбеулікке, іске алғысыздыққа ызалану. Астамшылыққа, қол сұғанақтығына, әулекілікке ашыну. Мансапқорлыққа, жағымпаздыққа, жалтақтыққа шіміркену. Адамның еңсесін түсірер, абыройын төгер, кісілігін кемітер жалалы әрекеттерге, қарау қылықтарға кешірімсіздік.

Мұхаммед пайғамбар: “Ер  жігіттің үш намысы бар. Бірі – иманы, екіншісі – Отаны, үшіншісі – отбасы” деп ар-ожданның руханияттылығын жоғары бағалаған. Осы ұғымды таратып пайымдасақ, “Малым жанымның, жаным арымның садақасы” дейтін қазақтың Жасаған Ие құдіретіне сенімді, ата мекен, өмір жаннаты туған елін, жарық дүниеге әкеліп өсірген, қанаттандырған ұясын ту көтерер намысты халықтың атаулы ұранына меңзегендей. Абыз бабалардың: “Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиеті біздің заман адамдарына арналғандай. Тек маңызын түсіну абзал.

Намыс бір сырлы, көп қырлы: жеке бастық намыс, құқықтық намыс, кәсіптік намыс, азаматтық намыс, ұлттық намыс. Аталуы әртүрлі болғанмен, бәрі адамдық қасиет пен мүдденің жыртысын жыртады, абырой мен беделді қорғайды. Бәрінің себебі мен нақтылы салдары, заңдамалығы мен рухтылығы бар.

Намысты қорғау азаматтық парыз. Оны  кіршіксіздендірмеу үшін арлана білу, арсыздықтан түңіліп жиіркене білу шарт.

Маңғаздық біреулердің  түсінігіндегідей паңдық, тәкаппарлық  емес, адам жаратымына сирек даритын, терең ойлы кісіге тән байсалды, баянды мінез. Адами ірілік. Жасандылығы, жалғандығы жоқ тұрлаулы табиғи бітім. Елпең-селпеңдікке басу, батпан салмақтық. Мызғымас орындылық, тайсалмас табандылық. Асығыстыққа тоқтам. Аз сөйлеп, көп тыңдау. Байқамдылық, ұғымдылық. Ойлы көзқарас, жан-жақты танымдылық. Қалауына сәйкес адамның өзін-өзі тәрбиелеу жемісі. Зиялы қауымның таңдаулы тәлімділігі. Өмірдің сыры мен қырларын түбегейлі зерделеп, өнегесін болмысқа шақтап, әрлеп сіңірген әсемдігін, әсерлігін қадірлер салиқалық. Көрегенділік, ұстамдылық, абзалдық сымбаты. Талай-тағдырға тәуелсіз ғұмыр кешуге талпыныс. Қоғамдық ортада дербестікті, даралықты қалау. Тылсым күшіне, өмірдің жұмбақты сырына, құпиясына құмарлық, шиесін шешуге талаптылық.

Маңғаздық белгілі бір тұйықтық, түйсікті, түйінді тұйықтық. Сыр сандық құлпының беріктігі. Ой жинақтылығы. Жолдас-жора таңдауда талғампаздық. Қан жақындығынан жан жақындығының, сөзсайыстан пікірлестіктің, ойшылдықтың басымдылығы. Өз ісіне сенімділік.

Адамның санасы мен болмысына сіңген ғұмырлық құбылыс – көп қырлы мінездің тек төртеуіне: әдепті, ұятты намысты, маңғазды мінезділікке әдейі тоқталдық. Өйткені, олар мінездің мәйегі, қасиеттілік тұғыры. Адам қай кезде, қай жаста, қандай қызмет атқарса да ұдайы жеке бастың, тұрмыстық-әлеуметтік, жұмыс бабы жағдайына, қоғамдық орнына, замандастарымен қауымдастық деңгейіне тікелей қатысты және оң әсерлі, адамгершілікті куәландырар, ардақтар, дәріптер, мемлекеттік міндетті, азаматтық парызды мүлтіксіз атқаруда пәрменді рухани күш. Сондықтан қазіргі қауымдастар, әсіресе, іс басындағылар мен жастар әдептілікке, ұяттылыққа, намыстылыққа, маңғаздылыққа баса назар аударар, ден қояр, ұстанымын кәдеге жаратар деп ойлаймыз.

 


Информация о работе Өмір әдебі